Kyzylorda-news.kz. «Отызда орда бұзбасаң, қырықта қамал алмайсың». Естір құлаққа жаттанды болған бұл сөздің де терең мағынасы бар. Сонда бұл сөз қайдан шыққан дейсіз ғой? Көнекөз, кәріқұлақ қариялардың айтуы бойынша, ілгерідегілер «Жігіттің жасы – 25» деген тәмсілді ұстанады екен. Яғни, жігіт бірдеңе бүлдіріп қойып, оның жасы жиырма беске толмаса, оның жазасын жеңілдеткен. Мүмкіндік болса кешіруге тырысқан екен. Ал бұл жастан асқандарға «орда бұзар» деген ат беріп, үлкен сенім артқан. Отызға толған жігітке ойран салып, дала кезуге жол бермеген. Керісінше, отызға толғанша бір үйдің отағасы болуға асықтырып, ер азаматтың мойынына үлкен жауапкершілік жүктеген. Ал қазір ше? Орда бұзар жасқа жеткендер не істеп жүр?
Отызға келу былай тұрсын, кезінде батыр Бауыржанның өзі «Жиырма жасқа келіп үйленбеген жігіт – халық жауы» деген екен. Әрине, жиырмаға келіп отау тігіп, шаңырақ көтермеген жігіттің халық жауы болып кетпейтіні белгілі. Бірақ бұның астарында үлкен мағына жатыр. Мәселен, мектептегі мұғалімдердің өзі сол уақыттан бастап қыздың нәзік, ерекше жаратылыс екенін түсіндірсе, ер азаматтарға нәзік жандарды үнемі қорғап, қолдап, жылатпауға үйрететін. Мұның барлығы түптеп келгенде жігіттерді жауапты, мықты болуға тәрбиелейтін еді. Иә, соның арқасында қаншама жігіттер қалтқысыз қызмет етіп, абырой биігінен көрінді. «Жігітте де жігіт бар, азаматы бір бөлек» демекші, бүгінде арамызда жиырмада болса да жер жаһанды аралап, жұмысты да, отбасыны да қатар алып жүрген нағыз батырлар да баршылық. Бірақ бес саусақ бірдей болмайтындай, барлық серінің де семсердей болмайтыны белгілі.
Тақырыптан ауытқымай, ешкімнің шамбайына тимей әңгімеге көшейік. Тек мынадан кейін отыздан асқандар мен отызға таяп қалғандар бізге сәл-пәл өкпелеп қалмаса болғаны. Хош. Біз де бұл жастағы жігіттердің көңілінде расымен хош болмасын білеміз. Көпке топырақ та шашпаймыз. Алайда, мына заманда отыз жаста орда бұзғысы келмейтіндер көп. Статистикаға сүйенсек, биыл Қазақстанда қыздарға қарағанда ұл балалар көп өмірге келіпті. Ал демографиялық есеп бойынша, елімізде оң босағада отырған қыздарға қарағанда сүрбойдақ жігіттердің саны басым екен. Олардың басым көпшілігі отыздан асқандар көрінеді. Яғни, орда бұзуға асықпайтын, үйленуден қашықтайтын ер азаматтар көп.
Отбасын құрып, құрмау әркімнің өз еркіндегі дүние. Дегенмен, отызда орда бұзудың екінші жағы – жауапкершілік. Ал жауапкершіліктің ішінде бәрі бар екені белгілі. «Жұмысы жоқтық, қарыны тоқтық, аздырар адам баласын» демекші, осы сөз отыздағы жігіттерімізге дәл айтылған ба дерсіз? Жамандағың келмейді. Бірақ басқа қалаларды айтпағанда, Шиелінің өзінде отызға келіп отбасын құрмаған, тіпті жұмыс таппаған жігіттер толып жүр. Іздегенге «екі қолға бір күрек» табылатыны анық емес пе? Бірақ оларды әңгімеге тартсақ «жұмыс жоқ» дейді. Жұмыс жоқ емес, құлық жоқ. Орысшалап айтқанда көбісінің «кожанный диванда» ғана отырғылары келетін сыңайлы. Мәскеудің өзі бір күнде құрылмағанын ескерсек, бәрі бірден болып кетпейтінін білеміз. Хәкім Абай «Есектің артын жусаң да мал тап» деген емес пе еді? Ендеше, неге тепсе темір үзетін жігіттер жайбарақат жүруі керек? Амал не? Отыздағы орда бұзарлардың осындай хәлде жүргені көңіліңді түсіреді. Мәселе жаста емес. Бастысы жігіт ақыл тоқтатса, жауапкершілік танытса, бәріміз бір елдің жүгін көтере алады деп, бөркімізді аспанға лақтырып қуанатынымыз айдан анық. Әйтпесе, отызда орда бұзбаған жігіт қырықта қалайша қамал алсын? Ал қырықта қамал бұзбаған жігітттің елуді еңсермесі хақ. Арғысын өзіңіз пайымдай беріңіз...