Шиелі кентінің тұрғыны, жеке кәсіпкер Есенов Нұрбол Кенжебекұлы «ORDA» сауда маркасымен дәретхана қағазы мен қағаз майлықтарын өндірумен айналысады.
Отандық өнім өндіруді мақсат еткен кәсіпкер 2025 жылы «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жылдық 6%-бен 50 млн. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Несие қаражаты есебінен өндіріске қажетті заманауи құрал-жабдықтар мен өндірістік желілер сатып алынып, цех жұмысы жолға қойылған.
Өндірісте шикізат ретінде экологиялық таза табиғи целлюлоза пайдаланылады. Шикізат көрші Өзбекстан Республикасынан жеткізіледі.
Бүгінде цехта тәулігіне 3000 данадан астам дәретхана қағазы мен қағаз майлықтары өндіріледі. Әрбір қаптамада 10-нан 24 данаға дейін дәретхана қағазы болады.
Қазіргі таңда Шиелі кентінде шығарылатын «ORDA» өнімдері Қызылорда қаласы мен көршілес аудандарға жеткізілуде. Кәсіпкер 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
