Kyzylorda-news.kz. Ақынның елі, батырдың жеріне айналған Шиелі шаһары – талай таланттарды төрінде тоғыстырып, тұғырынан түлеткен киелі мекен. Бүгінде осынау дархан даланың перзентіне айналған, аудан мәртебесін көтеріп, ел игілігіне елеулі қызмет етіп жүрген нар тұлғалар көп-ақ. Сондай абыройлы азаматтардың бірі – Өркен Исмаил. ҚР Журналистер одағының мүшесі, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ақындық пен сазгерлік өнерді жүрегіне қатар сыйдырып, бірнеше әндердің авторы атанған өрнекті өмірдің иесі аудан ахуалы үшін әлі де ерен еңбек етіп келе жатыр.

Осы мақсатта өнердің жүйрігі атанған Өркен Әзімханұлының өмірімен, шығармашылық жолымен танысу үшін №46 А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінде «Өнегемен өрілген өмір» атты сыр-сұхбат кеші өтті.

Аталған білім ордасындағы Анар Айтпенбетова жетекшілік ететін 10-сынып оқушылары тағылым мен тәлімге толы шараға атсалысып, терең мағынаға толы сұхбатқа куә болды. Жас өскін кейіпкерге арнаған сауалдарын қойып, жиын барысын ашық әңгіме алаңына айналдырды. Сондай-ақ ақын қаламынан туған өміршең өлеңдер оқылып, автормен бірге әдемі әндер шырқалып, қызықты ойынға да кезек берілді. Кеш қонақтары аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбет, «Шарайна-Сейхун» газетінің директор-редакторы Нұрмахан Елтайлар да ғибратты әңгімелерімен бөлісіп, көңілді кештің көркін қыздыра түсті. Білім алушылар ардақты ардагермен жүздескеніне қуанып, кеш қонақтарының ақ батасын алды.

Өркен Исмаилдың шырайлы Шиеліні жоғары бағалап, әндеріне арқау еткені көбіне белгілі. Солардың бірі – бүгінде аудан халқының әнұранына айналған, туған жер тақырыбын жырлайтын «Шиелім» әні де айтулы кештің сахнасында шырқалды. Бұдан кейін Өркен Әзімханұлы Нариман Мизамбаевтың «Елге аманат» атты Шиелі өңірінің әндері мен күйлерінің жинағына қолтаңбасын қалдырып, мектеп кітапханасына тарту етті. Сырлы кездесуге қанығып, шабыт алған мектеп оқушылары шара барысында «Өркен ағаға» тақырыбында шығарылған өлең жолдарын оқып берді.

Шара соңында мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары Гүлназ Достиярова мен Сабира Өтеевалар қорытынды сөз сөйлеп, қонақтарға ыстық ықыластарын білдірді. Ардақты азаматтармен өткен осы бір алтын уақыттың ғибратты әңгімелер мен азық болар ақыл мен нақылға толы болғаны сөзсіз.

Тағы да оқыңыз: