Kyzylorda-news.kz. Ақ күріштің атасы Ыбырай Жақаев туып-өскен Шиелі ауданында қазіргі таңда егін жұмыстарының нағыз қызған уағы. Ауданда осы жылға 30 мың 538 гектар жерге егін орналастырылу жоспарланған. Мұнда негізгі дақыл күріштің үлесі 12 мың 025 гектарды құрап отыр.
Биылғы егін егу науқанында сыр дихандары 195,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыруды жоспарласа, негізгі дақыл – күріштің көлемі 83,9 мың гектарды құрайды екен. Өткен жылмен салыстырғанда жалпы егіс көлемін 7 мың гектарға, күріштің көлемін 5,3 мың гектарға, мал азықтық дақылдарды 2,3 мың гектарға, картоп, көкөніс, бақшаның көлемдерін 222 гектарға ұлғайу межеленген. Бүгінде сол 12 мың 025 гектар күріштің 93 проценті немесе 11 мың 196 гектары егіліп, оның 10 108 гектары суға бастырылып үлгерген.
«Облыс аумағында ағымдағы егін егу жұмыстары биылғы жылдың 15 наурызында басталды. Қазір облыс бойынша 4,6 мың гектар жаздық бидай, 395 гектар жаздық арпа, 5,1 мың гектар мақсары, 125 гектар қант құмайы, 22,4 мың гектар жаңа жоңышқа дақылдары егіліп, 46,3 мың гектар ескі жоңышқа мен 5,6 мың гектар күздік бидай толық суғарылып, күтімге алынды. Негізінен, дала төсін дүбірге бөлеген Сыр диқандары биыл да берекелі күзді мол өніммен қорытындылауды көздеп отыр. Көктемгі егін егу жұмыстарының атқарылу барысы тұрақты бақылауға алынған», – дейді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.
Жалпы, Сыр шаруалары бүгінде күріш тұқымының жоғары репродукциялы 9 сортын егіп жатыр. Атап айтқанда, күріш тұқымының 576 тоннасы «Маржан», 640 тоннасы «Сыр сұлуы», 25 тоннасы «Янтарь» тұқымы болса, 17032 тоннасы «Лидер», 200 тоннасы «Премиум», 25 тоннасы «АйКерім», 100 тоннасы «Маршл» және әрқайсысы 10 тоннадан «Патриот» пен «Яхонт» сорттарын құрайды. Соның ішінде себілген күріш тұқымының 0,6 проценті бірегей, 1,6 проценті элиталық, 45,6 проценті І-репродукциялы болса, 27,2 проценті ІІ-репродукция және 25 проценті ІІІ-репродукциялы тұқымдар.
Осы орайда айта кеткен жөн, Сыр диқандары биыл күріш тұқымы сорттарын жаңарту және көбейту мақсатында элиталық «Яхонт» және «Патриот» сорттарын егуді қолға алды.
Ырзық-несібесін жерден терген диқандар ала жаздай атыз жағалайды, еккен дәнін күн-түн демей күтіп-баптайды. Қанша жылдан бері рекордтық өнім жинаған еңбеккерлер биыл да қамбаны дәнге толтыратынына сенімді.
