Kyzylorda-news.kz. «Қазақтың тойы бітпесін» дегендей, егемен еліміздің мемлекеттік мерекелерінен өзге әр саланың төл мейрамдарының күндері белгіленген. Қандай жақсы! Ұжым мүшелері сол күнді іштей асыға күтіп жүреді. Кейде бірсарын жұмыс та адамды қажытып жіберетіні де рас. Оның үстіне күндіз-түні істеген жұмысың нәтижесін беріп жатса, басшылық марапатқа ұсынып, сый-сияпат жасап қалса, одан артық нендей қуаныш бар?! Жылына берілген бір марапат қызметкерге қанша күш-жігер, ынта беріп, қызметіне деген қызығушылығы арта түсетіні айдан анық. Ал күндіз де, түнде де үй бетін көрмейтін полиция қызметкерлері үшін бұл мерекенің орны бөлек.
Аудандық полиция бөлімі жылда мерекелерін аудан орталығындағы Б.Қабылұлы атындағы мәдениет үйінде дүрілдетіп атап өтетін. Шиелі тұрғындары үдере көшіп, полицияның «Жалын» ансамблінің концертін көруге, әдемі формадағы ұл-қыздары – қоғамдық тәртіп сақшыларын шынайы құрметтерін білдіруге асығатын еді. Елімізде болған алапат өрттің салдарынан болу керек, полиция қызметкерлері биылғы мерекелерін даурықтырмай өз іштерінде атап өтуді жөн санапты. Тәртіп – тәртіп сақшыларының басты заңы. Үстіміздегі жылы Қазақстан полициясының киім үлгісі (формасы) өзгеріп, жаңа кейіпке енді. Сондай жаңалықтар қатарында ішкі істер органдарындағы жүйеішілік өзгерістерді айтуға болады. Яғни, кадрлық процестерді автоматтандыру және полиция қызметін цифрландыру, қоғамдық тәртіп сақтау, сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері басым міндеттер болып саналады. Бүгінгі полиция қызметкерлері қылмыстың алдын алудың толыққанды жүйесін қалыптастыру қажет. Олардың орындалуына ықпал ететін себептер мен жағдайларды болдырмау бойынша жұмыс жүргізу маңызды. Алдын алу жұмыстары мемлекеттік органдардың, әкімдіктердің, жұртшылық пен халықтың ортақ жауапкершілігі негізінде құрылуы тиіс. Аталған қағидаттар қоғамдық қауіпсіздікті қоғам мен әріптестікте қамтамасыз ету тұжырымдамасының негізі болып табылады.
Қоғамның өзекті мәселелерінің бірі ретінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимылға, киберқылмыс пен телефон терроризміне қарсы күреске айрықша назар аудару керек. Қазір қылмыстық істерді тергеудің жеделдігі мен сапасын арттырып, азаматтардың құқықтарының бұзылуын болдырмау үшін қылмыстық процесті оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бейнеформаты енгізілуде. Сондықтан жеке құрамды тергеу әрекеттерін жүргізудің жаңа ережелеріне үйрету қолға алынды. Республика ішкі істер министрлігі бүгінде адамдармен жұмыс істеуге, қызметкерлерді жан-жақты дамытуға және ынталандыруға, олардың құқықтарын қорғауға, моральдық-психологиялық ахуалды арттыруға жұмыс істеуді тапсырды. Бір қызығы, қазір кезекті шенді алу үшін арнайы ұсынымдар қажет емес. Шен алудың мерзімі келіп тұрса, бұйрық автоматты түрде шығарылады. Қызметкерлердің демалыс (отпуск) кестесінің орындалуы ақпараттық жүйемен бақыланады. Жеке құрамды марапаттау саясаты да өзгерді. Бұл жеке құрам үшін жасалып жатқан жақсылықтардың бір парасы болса керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Заң мен тәртіп үстемдік құратын, азаматтардың құқығына құрмет көрсетілетін Жаңа Қазақстанды құру бастамалары ҚР ішкі істер министрлігінде іс жүзінде жүзеге асуда», – деді.
Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов халықпен болған кездесуінде: «Алдымен қоғам өзгеруі керек. Ұят, сана-сезім – әр адамның қадағалаушысы, бақылаушысы болуы тиіс. Әрине, бізге қазіргі заман талабына сай полиция керек. Бірақ өлшемдерді өзгерту қажет. Өлшемдер есеп-қисапқа емес, адами капиталдың сапасына бағытталғаны жөн. Қазір халықтың сұранысы басқа. Халыққа сенім арта алатын, қиын уақытта қол ұшын созатын қолжетімді полиция керек. Біз оны қалыптастыру кезеңіндеміз. Басты мақсатымыз – сол». Министрдің нық сеніммен айтқан сөзі Қазақстан полиция қызметкерлерінің құлағына тағылған алтын сырғадай болды. Оның ішінде Сыр елінің, Шиелінің полиция қызметкерлері алдыңғы шептен көрініп, халық сенімін ақтайтындарына біз де сенім білдіреміз. Оған Шиелі аудандық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Дәулет Беркімбаевтың тәртіп сақшылары сақадай сай деп ойлаймыз. Төмендегі қысқаша хабарлама соны айғақтай түседі.
2023 жылдың бес айында жалпы тіркелген қылмыстардың саны 66-ны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 17,5 процентке төмендеген (80-нен 66-ға). Жалпы қылмыстардың ашылуы 11,4 процентке жақсарған. Ауыр және аса ауыр санаттағы қылмыстар өткен жылдан бір қылмысқа жоғары болса (22-ден 23-ке), олардың ашылу көрсеткіші 1,7 процентке жақсара түскен (54,5-тен 56,3-ке). Сонымен қатар зорлаудың 1 дерегі, мал ұрлығының 9 дерегі тіркеліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда бірдей деңгейде тұрақтаса, ұрлық қылмыстары 25,0 процентке (36-дан 27-ге), телефон ұрлығы 42,9 процентке (7-ден 4-ке), алаяқтық қылмыстары 9,1 процентке немесе 11-ден 10-ға, бұзақылық 66,7 процентке немесе 3-тен 1-ге төмендеген. Ақпарлы мерзімде адам өлтіру, тонау, қарақшылық, бопсалау, қалта ұрлығы, автокөлік ұрлығы, қару ұрлығы сынды қылмыстарға жол берілмеген. Қылмыстың алдын алу жұмыстары кеңінен жүргізілген.
Кәмелетке толмағандар арасында барлығы 373 әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталған. Оның ішінде сағат 23:00-ден кейін заңды өкілдерінсіз жүргендері үшін 306 ата-анаға, кәмелетке толмағандардың түнгі сағат 22:00-ден кейін ойын-сауық мекемелерінде болуға жол берген 7 кәсіпкерге әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұлдар салынса, баласының тәрбиесімен айналыспайтын 8 ата-анаға әкімшілік Кодекстің 127-бабымен хаттамалар толтырылып, құжаттар сотқа жолданып, шаралар көрілген. ҚР-ның көші-қон туралы Заңдарын бұзғаны үшін 123 әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталған. Оның ішінде 2 Өзбекстан азаматтары әкімшілік жолмен елден шығарылған.
Табиғат қорғау саласы бойынша жыл басынан 4 қылмыстық дерек, (заңсыз аң аулау бойынша 1, балықты токпен аулау бойынша 3 дерек), 55 әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталса, оның ішінде аң аулау ережесін бұзудың 41 дерегі, заңсыз балық аулаудың 14 дерегі анықталған. (Табиғатты қорғау саласы бойынша құқық бұзушыларға барлығы 241 мың 500 теңге айыппұлдар салынып, 100 процент өндірілген).
Орын алған 9 дерек мал ұрлықтарының 5-і өрістен яғни, жайылымдық жерлерден 4 дерегі қорадан ұрланғандар санатында. Десек те, мал ұрлығы қылмыстарының ашылу көрсеткіші 50,0 процентті құрап, өткен жылмен салыстырғанда 12,5 процентке жоғарылаған (9 мал ұрлығының 7-і ашылып, 2-і ашылмаған). Бөлім қызметкерлерінен 4 мобильді жұмыс топтары жасақталып, олар бүгінгі күні малдардың ұрлануы мүмкін әкімшілік аймақтарында яки далалық шабындық жерлерді аралап шолу жұмыстарын атқаруда. Мал ұрлығының алдын алу бағытында бірнеше мәрте «Мал ұрысы», «Соғым» тағы басқа жедел профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылған. Нәтижесінде, мал ұрлығына байланысты 3 адамнан құрылған 1 қылмыстық топ құрықталған. Ботабай-Тұрсынбай датқа ауылынан мал жайылымдық жерлерден ұрланған 5 эпизодта 8 бас сиыр ұрланған. Жыл басынан азаматтардан заңсыз сақталған барлығы 24 қару-жарақ тәркіленген.
Жол-көлік оқиғаларының 22 дерегі орын алып, өткен жылмен салыстырғанда 10 процентке жоғары болса, одан қайтыс болғандар саны 8/8 болып тең деңгейде қалып, дене жарақатын алғандар 40 процентке (25-тен 35-ке өскен). Жол-көлік апатынан 8 адам қаза болып, өмірмен қоштасқан.
Жалпы аудан көлемінде ұзындығы 359 шақырымды құрайтын 580 көше, жол тораптары бар. (Кент орталығында 210 көше, ұзындығы 149 км. Ауылдарда 370 көше, ұзындығы 210 км). Осыған орай көлік оқиғасы орын алуы мүмкін әкімшілік аймақтардың жолдарында тұрақты түрде рейдтік жұмыстар жүргізілген. Сонымен қатар аудан әкімінің қолдауымен берілген ұсыныс негізінде аудандық бюджеттен қаражат бөлініп, Шиелі кенті, Яссауи көшесінде орналасқан жол үсті аркасына екі жақты жұмыс істейтін стационарлы жылдамдық өлшегіш құрылғысы орнатылған. Сондай-ақ, әкімшілік құқық бұзушылықты автоматты түрде анықтайтын «Экин-патруль» мобильді кешенінің бір данасын сатып алу ұсынылып, ол аудан әкімі тарапынан қолдау тапқан. Жол қауіпсіздігі саласы бойынша осы кезеңде 3457 құқық бұзушылар анықталса, оның ішінде мас күйінде көлік құралын айдағаны үшін 33 жүргізуші ұсталып, аудандық сот арқылы әкімшілік қамауға алынған. Осы мерзімде барлық сала бойынша 5722 әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталып, одан 4365 құқық бұзушыға жалпы сомасы 26 млн теңгеден астам айыппұлдар салынса, 17 мың теңгеден астам өндіріліп, өндіру көрсеткіші 67 процентті құраған.
Аудандық полиция бөлімінің ұсынысына сәйкес, аудан әкімдігінің қолдауымен қаражат қарастырылып, ауылдық округтердегі учаскелік полиция инспекторларына көмекші есебінде жұмыспен қамту орталығына тіркелген 18 азамат сақшы-сарбаз ретінде жұмыс атқаруда. Сонымен қатар Шиелі кентінің орталығы мен Сұлутөбе және Бәйгеқұм ауылдарының тұсына 33 бейне бақылау камералары орнатылған.
Аудандық полиция бөлімінің ардагерлер кеңесі бастауыш ұйымдар арасында үздіктер қатарында. Өздерінің арнайы жұмыс кабинеті бар. Есепте тұратын 47 ардагерлер кесте бойынша кезекшілік жасап, жас полиция қызметкерлеріне жетекшілік жасайды. Өздерінің мол тәжірибелерін жастарға үйретеді. Олар қылмыс ашудағы, алдын алудағы әдістерін өнеге етіп, ақыл-кеңестерін беріп отырады. Олардың қатарында ардагерлер: Сағынбек Қуатбаев, Оңғар Шығанбаев, Әбдімомын Алдияров, Батырбек Қаппаров, Бекентай Ахметов, Нұрғали Қожақов, Ғабит Жақыпов, Бахтияр Шәкірбекұлы, Досмат Сүйіндік, Қабыланбек Шалбаевтар белсенділік танытып, қоғамдық жұмыстан бас тартқан емес. Жастар осындай абыз ақсақалдарға қарап бой түзейтіні ұрпақ сабақтастығын, бірлік пен ынтымақты, үлкенге құрмет, кішіге ізетті көрсетсе керек. Мұның бәрі бөлім ардагерлер кеңесінің төрағасы Бахтияр Шәкірбекұлының ұйытқысымен болып жатқан дүние. Адал еңбектерімен жоғары көрсеткіш көрсетіп жүрген төмендегі полиция қызметкерлерін мерекелері қарсаңында атап-атап өткінді де жөн санадық. Учаскелік полиция инспекторлары Сұлтанмұрат Жақсыбай, Шыңғысхан Қараманов, Алмасбек Кенжеболатов, Олжас Ратаев, Бексұлтан Амангелдіұлы, ювеналды полиция қызметіндегі Абай Мәдиев, Дарын Әзімхан, Назым Айдосқызы, тергеушілер Болат Әбілдаев, Шындәулет Жеңсікбаев, Ержан Парменов, анықтаушы Жасұлан Елеуов, әкімшілік полиция қызметіндегі Әділбай Абдусаметов, Наржан Битасов, көш-қон қызметіндегі Досым Абуов, Фарида Досболова, Нағима Асылбекова, кезекші бөліміндегі Алғашбек Урманов, Әлфараби Бекбаев, Арман Исмаилов, кадр бөліміндегі Ердәулет Жәукеев, Мұрат Қалымбетов, штаб тобындағы Мейіржан Бауыржан, патрульдік полиция тобындағы Асылжан Ахметов, Досбол Оразмаханов, Болат Шәрібеков, ақпараттандыру және байланыс тобындағы Ерболат Тульбаев, жедел іздестіру қызметіндегі Қанат Өсербайұлы, Бақытжан Мәмбетәлиев, Жасұлан Құттыбай, бөлімнің құжаттамалық қамтамасыз ету тобынан Гүлмайра Досымбетова және Динара Әзімхандар полиция ұжымының мақтаныштары саналады. Ал ұжымның ауызбіршілігін сақтап, аудан көлемінде тәртіп пен тәрбиені қатар жүргізіп, тәртіп сақшыларының қоғамдық жұмысын ұйымдастырып, үйлестіріп отырған бөлім басшысы, полиция полковнигі Дәулет Беркімбаевтің зор еңбегі аудан тұрғындарының алғысына бөленіп жүргені әлдеқашан. Шиелі ауданының қоғамдық тәртіп сақшылары полиция күніне қомақты жетістіктерімен жетіп, халықты қуанышқа кенелтіп отыр.