Kyzylorda-news.kz. Жуырда аудандық ардагерлер үйінде қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынға аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Бекішев, кеңес мүшелері мен аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Б.Әбсадық, аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғ.Аманжолов, Бәйтерек ауылдық округінің әкімі Ж.Ақбергенов, сондай-ақ Бестам ауылдық округі жергілікті қауымдастығының төрағасы К.Қыпшақбайұлы мен бірқатар сала мамандары қатысты.

Шиеліде ауқымды мәселелер жоқ емес. Ал сондай түйіткілді түртіп алып, саланың жұмысын саралап, кем-кетігін назарға алып, атқарылған істің бағасын беретін аудандық қоғамдық кеңес жыл сайынғы үрдісінен жаңылған емес. Бұл жолғы отырыс бұрынғыдан өзгерек. Себебі кезекті келелі жиында Бестам -ауылында шешімін таппай жүрген өзекті мәселелер мен алдағы уақытта іске асатын жұмыстардың барысы сөз болды.

Ауыл халқының көкейінде жүрген мәнді де мағыналы сұрақтарды, сонымен қатар шешімін таппаған мәселелерді анықтап, оны шешу мақсатында ұйымдастырылған шарада қауымдастық тарапынан бірнеше сауалдар жолданды. Яғни бірқатар өткір де өзекті мәселелер таразыға түсіп, пікір білдіріліп, кейбір мәселелер бойынша ұсыныстар да айтылды. Ал жиынға келген баяндамашылар өз кезектері бойынша күн тәртібінде тұрған мәселелер бойынша кеңес мүшелеріне ақпарат беріп, баяндама жасады. Нақтырақ айтар болсақ, олар ауылдық округте атқарылып жатқан жұмыстардың легін толықтай тарқатты. Бұдан бөлек аудандағы бөлшек салығының арнаулы салық режимін қолдану кезінде салық мөлшерлемесінің мөлшерін төмендету, сондай-ақ тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде көрсетілген мемлекеттік қызметтердің бірқатар мәселесін шешу, Бидайкөл ауылындағы жаңа кварталдарға соғыс және еңбек ардагерлерінің есімдерін беру жайлы ұсыныстарын айтып, баяндама оқыды.

Жиынды мұнан әрі Бестам ауылдық округі жергілікті қауымдастығының төрағасы К.Қыпшақбайұлы өз баяндамасымен жалғастырды. Ол ең бірінші Бестам ауылында дәл қазіргі уақытта 345 отбасы, 2056 тұрғынның есепте тұратынын айтты. Ауыл бойынша 1 дәрігерлік емхана. 300 орындықтан тұратын бір орта мектеп, сондай-ақ ауылдық клуб үйі, 9781 кітап қоры бар кітапхана, 242 сандық телефон жүйесі, сонымен қатар 10 шаруа қожалығы, 10 сауда орны мен 4 газель көлігінің ауыл игілігі үшін жұмыс істеп тұрғанын тілге тиек етті. Оған қоса қоғамдық жұмыстарды атқару үшін ауыл тұрғындары арасынан 14 адамнан құралған мүшелері сайланғанын жеткізді. К.Қыпшақбайұлының айтуы бойынша өткен жыл мен ағымдағы жылдағы бес айда ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында ауыл әкімі мен қоғамдық ұйымдар бірлесіп бірқатар жұмыстар жүргізілген. Нақтырақ айтқанда, 4 рет санитарлық, тазалық, көркейту көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ 1,5 км жер қазылып, тазаланған. Ауылдың шеткі көшелеріне аяқ су апару мақсатында ауылды айналдыра 2,5 км жерге су алатын кең арық қазылған. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша ауыл тұрғындарының игілігі үшін 109 млн 200 мың теңге қаржыға Әбілаш Әбуов, Мұхтар Әуезов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Сайыпназар Төлебаев, Абай тұйығы және де Тәуелсіздік көшелеріне қауымдастық орташа жөндеу жұмыстары жүргізген. Ең бастысы – ауыл тұрғындарының сұрауымен барлық көшелерге жарық шамдары орнатылған. Апатты жағдайда тұрған клуб үйінің жоба сметалық құжаты әзірленіп, облыстық құрылыс басқармасына толықтай өткізілген. Жуырда аталған жұмыс жоспары толықтай қолға алынып, 150 орындық су жаңа клуб үйінің құрылыс жұмыстары басталмақ.

Иә, жоғарыда тек Бестам ауылында жүргізілген жұмыстың барысы мен атқарылған ауқымды істер ғана айтылды. Дегенмен, бұл – ауылда ешқандай мәселенің жоқтығын білдірмейді. Қоғамдық кеңес отырысында бірқатар өзекті тақырыптар да сөз болды. Солардың бірі – Бестам ауылындағы электр энергиясы сапасының төмендігі. Ауыл халқы трансформаторлардың және электр желілерінің тозығы жеткендігіне наразы. Олар тез арада елді мекенге трансформатор орнатып, электр желілерін ауыстыру керек дейді. Бестамдағы бірқатар мәселелер мұнымен аяқталса жақсы. Аяқ судың тапшылығы да бүгінде шаруаның ширауына тұсау болып отырған көрінеді. Ал ауыл жұрты су тапшылығын болдырмау мақсатында арнайы айдау насостарының қажет екенін де жасырмады. Мұнымен қоса жаңа дәрігерлік амбулаторияның салыну керектігі де жиында айтылды. Ал бұл сауалға сала мамандары жауап беріп, құрылыс ғимаратының орны белгіленгені, сондай-ақ құжаттарының рәсімделіп жатқанын айтып, қуанышты жаңалықты хабарлады. Оған қоса ауылда аялдамалардың жоқтығы да – өзекті мәселенің біріне айналып отырған көрінеді. Дегенмен дәл қазіргі уақытта елді мекенде 4 аялдама орнату, мектепке дейінгі 900 метр жерге жаяу жүргіншілер жолын салу және де ауылдың кіре берісі мен шыға беріс жерлеріне бейнебақылау камераларын орнатуға жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, тиісті мекемеге жолданғандығында жиын барысында білдік.

Тағы да оқыңыз: