Kyzylorda-news.kz. Ақпарат ағыны үстемдік құрып тұрғанда өмірімізді газет, радио, телеарна және өзге де электронды құралдарсыз, ақпараттар ағынысыз елестете алмаймыз. Медиа кеңістікте ғана емес, өркениет көшіне бет бұрған даму тіршілігімізде БАҚ-тың айрықша орын алатынын ешкім теріске шығара алмайды. Себебі мазасыз және маңызды қызметті атқарып келе жатқан қаламгерлер қауымы үшін бұқараның сенімі әркез жоғары. Күнделікті күйбең тіршілікте кезігетін жағдайлар да тағдыр тауқыметін тартқан жандар кейде күрмеулі мәселелерді шешу үшін тілшілерге жүгініп жатады. Бұл әлі де болсын қаламын қару еткен журналистерге халықтың құрметі мен сенімінің жоғалмағандығын көрсетеді.
Қазақ журналистикасының қарымды қаламгері Шерхан Мұртаза «Жолбарыс пен журналисті аш қоюға болмайды» дегенде журналистің қабілетін қаншама аңдардың арасында ең мықтысына теңегені болар. Сондай-ақ жолбарыстың олжасын жұртымен бөлісіп жейтінін де меңзеген шығар, бәлкім. Бейбіт күндері қында жатса да, нағыз соғыста таптырмас қаруға айналатын алмас қылыш секілді журналистер де жыл бойына жұрт деп жүгіргенімен, жұртының алғысына бөленетін тұстары болып тұрады. Соның бірі – 28 маусым күніндегі кәсіби мерекелері. Осындай мереке қарсаңында сейсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында журналистерді марапаттау рәсімі өтті.
Мерекелік шарада аудан әкімі Нұржан Ахатов қаруы – қалам, өрісі – қағаз болған қаламгерлерді құттықтап, ізгі тілегін арнады.
«Құрметті журналистер! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! ХХІ ғасырға адамзат зор жетістіктермен, ілгері басқан саяси-әлеуметтік, экономикалық табыстармен келді. Ал осы өркениеттік үрдіс алға басқан сайын бұқаралық ақпарат құралдарының да ақпараттық ағыны күшейді. Бізді күнбе-күн халықпен жүздестіріп, өңір экономикасына, әлеуметтік дамуына қалам қаруының күшімен үлес қосып, тарихи өмірімізді, мәдени тұрмысымызды әлеуметке жан-жақты көрсетіп, тіршілігіміздің деңгейін айқындап отырған сіздерге ерекше ризашылығымды білдіремін», – дей келе өңір басшысы Шиелі ауданынан жарық көретін аймақтық «Шарайна-Сейхун» газетінің 10 жылдығын тілге тиек етіп, аталған газеттің бас редакторы Нұрмахан Назымханұлын құттықтады.
Салтанатты шара әрмен қарай халық пен билік арасында алтын көпір болып жүрген журналистерді марапаттаумен жалғасты. Мереке қарсаңында аудан әкімінің алғыс хатын ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, белгілі сатирик, «Шарайна-Сейхун» газетінің редакторы Н.Елтай, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Кызылординский вести» газетінің Шиелі ауданы бойынша меншікті тілшісі М.Ибрашев, «Өскен өңір» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы Н.Пірімбет, «Өскен өңір» ақпарат агентігінің тілшісі М.Құрманғалиева және аталған басылымның тілшілері Д.Байтілес, С.Сұлтан, «Тұлға тағылымы» журналының аудандағы тілшісі Ш.Тлеубаев, «Шарайна-Сейхун» газетінің тілшісі Ғ.Рүстембек, аудан әкімінің баспасөз хатшысы Р.Әнәпия, Шиелі ауданының қоғамдық даму бөлімінің әдіскері А.Бөлебай, жастар ресурстық орталығының Жастар тәжірибесінің маманы І.Қасымханова, «Өскен өңір» газетінің штаттан тыс тілшісі М.Сәдуақасқызы иеленді.
Алғыстың тиегі ағытылған күні аудандық бөлім басшылары әртүрлі сала бойынша қалам тербеп, жан-жақты мәселені көтеріп, жағымды жаңалықтың жаршысы болып жүрген «Өскен өңір» газетінің тілшілеріне жеке-дара алғыс білдірді. Атап айтар болсақ, аудандық білім бөлімінің басшысы Ж.Баймұратова «Бүгінгі күні еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары азаматтық қоғамның құрамдас бөлшегі ретінде билік пен бұқараның арасындағы дәнекер ғана емес, еліміздің толағай табыстары мен зор жетістіктерінің жаршысы болып келеді. Ауданымыздағы білім саласының тыныс-тіршілігін көрсетіп, жағымды жаңалықтармен сүйіншілейтін біздің ең жақын серігіміз ретінде сізге шығармашылық табыс тілеймін» дей келе аудандық газеттің бас редакторының орынбасары Сұлушаш Мадияроваға алғыс хат пен сый-сияпатын табыстады. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тақырыбында мақала жазып, зерттеу жүргізген әріптесіміз Д.Байтілес ауыл шаруашылығы бөлімінің алғысына бөленді. Ал аудандық мәслихат төрағасы А.Жандарбеков фототілші Б.Бәйімбетке, «Amanat» партиясы С.Сымбатқа, мәдениет бөлімі Г.Яхияеваға, жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі М.Болатқызына, денсаулық сақтау саласы М.Кеңесұлына рақмет айтып, арнайы сый-сияпат тағайындап, мерекемен құттықтады. Қалам ұстаған қауымға құрмет білдіру шарасында аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Палымбет баспасөз мамандарына ақжарма тілегін айтты. Ал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил тілшілерге арналған жыр шумағын оқып, қошеметке бөленді.
Мереке қарсаңында қанжығасы майланып, құрметке бөленген әріптестеріміздің қатарында Ерұлан Даткенов те бар. Ақпарат тасқыны алапат дәуірде мамандығына адал болып, ұстанымынан айнымай, қалам қасиетін ардақ тұтқан тілшіміз облыстық «Қанатты қалам – 2023» салтанатты шарасынан «Ізденімпаз журналист» аталымын иеленді.
Тағы бір айта кететін жайт, жылдағы дәстүр бойынша биыл да журналистер одағы жаңа мүшелермен толықты. Одақтың облыстық филиал төрағасы А.Оңғарбаев 27 маусым күні 20 адамға мүшелік билет табыстады. Осы салтанатты жиында әріптесіміз, жас тілші М.Болатқызы да Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіне қабылданды. Дүйім жұрттың көзі, құлағы һәм тілі қызметін атқарып, халықтың әл-ауқаты мен қоғам тынысынан хабар тарататын тілшілер қауымы осылайша құрметке бөленді.