Kyzylorda-news.kz. Қызылорда облысында тағы бір ірі есірткі алқабы жойылды.

«Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында Қызылорда облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Қызылорда облысы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің қызметкерлері бірлесіп, Шиелі ауданы Тұрсынбай датқа ауылынан 30 шақырым жерде қалың шеңгел арасынан ірі есірткі алқабын анықтады.

Оқиға орнында 46-51 жас аралығындағы үш күдікті ұсталды. Тексеру кезінде жедел-тергеу тобы биіктігі 10 см болатын құрамында есірткі бар өсімдіктердің 2187 түбін анықтады. Қызылордалық полицейлер оқиға орнынан ірі есірткі алқабынан бөлек ұсталғандардың жеке заттарын, азық-түлік, сора өсіруге арналған арнайы жабдықтар, атап айтқанда, насос, палатка, мотор, шланга, күрек, кетпен тәркіледі.

Күдіктілер тамшылатып суару технологиясын қолданған. Үш күдікті де Шиелі аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 300-бабының 2-бөлігінің 1,3-тармақтарына (Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру) сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.

Тағы да оқыңыз: