Kyzylorda-news.kz. «Өскелең ұрпақтың болашағына қауіп төндіретін тағы бір қатер – есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің де таралуы. Құқық қорғау органдарына бұл қатердің азаматтар арасында, әсіресе жастардың ішінде таралуына барынша тосқауыл қоюды тапсырамын» деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.
Несін жасырамыз, елімізде есірткі саудасына тосқауыл болмай тұр. Мұны соңғы уақытта құрықталған қылмыстық топтардың әрекетіне қарап, әңгімелеп отырмыз. Осы бір алапат апанының жастарға да ауыз салғаны көңілге кірбің ұялатады. Қазір бұл тақырыпқа қатысты ақпар естісек, үрейленеп те қарамаймыз. Себебі етіміз үйренді. Есірткіге қатысты заң қаншалықты күшейтілсе де, есі кеткен тәуелділерге тосқауыл болмай тұр.
Елімізді, өзге аймақтарды сөз етпей-ақ, аудандағы ахуалды айтайық. Аудандық полиция бөлімінің мәліметінше, биыл есірткіге байланысты 8 қылмыс тіркелген. Олардың 1-уі есірткіні сақтау және сату болса, 3 дерегі есірткі алқаптарын егіп өсіру, қалған 4-уі есірткіге байланысты алып жүру, сақтау бағытындағы қылмыстық теріс қылықтар. Осыдан-ақ есірткі бизнесінің көрігі қызып тұрғанын байқауға болады.
– Есірткі алқаптарын өсіруге байланысты 3 деректің үшеуі де далалық жерлерден анықталды. Олардың екеуі Қарғалы ауылынан шамамен 70 шақырым жердегі құмдық алқаптан, ал біреуі Жаңатұрмыс ауылындағы жеке көлдің қалың қамысы ішінен табылды. Ірі көлемде есірткі егудің 1 дерегі тік ұшақтың көмегімен анықтадық. Сондықтан бүгінгі күннің қауіпті індетіне айналып отырған есірткі егіп, баптап, өсіру, олардың сақтап, сату деректеріне қарсы күрес шараларын күшейтілді. Республика көлемінде өткізіліп жатқан «Қарасора» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында жергілікті жерлердегі ауыл әкімдерін, шаруа қожалықтарының басшыларын және орман шаруашылығы мекемесінің қызметкерлерін есірткіні егу маусымында өздеріне қарасты барлық суармалы жерлерді бақылауға алып, есірткі егіп, күтіп-баптау қылмыс түрімен ымырасыз күрес шараларына белсенді түрде атсалысуға шақырамын, – дейді Шиелі АПб бастығының міндетін атқарушы полиция майоры Қ.Өсербайұлы.
Жуырда ғана Қарғалы ауылының маңайынын анықталған есірткі алқабына 2377 түп сора егіліпті. Күдікті 48 жаста. Сырдария ауданының тұрғыны. Ол шеңгел мен сексеуіл арасына сора өсімдігін өсірген. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, есірткі алқабы әбден күтіп бапталған. Сораның ұзындығы – 40-50 сантиметрге жеткен. Оқиға орнынан: азық-түлік, палатка, мотор табылыпты. Күдікті еккен 2377 түп сораның жалпы салмағы – 288 келі. Тек бұл ғана емес, күдіктіден 3 келіден астам кептірілген марихуана тәркіленген.
Сөз түйіні, тамыры жайлаған есірткіні жою оңайға соқпасы анық. Бірақ, барлық жүкті құқық қорғау органдарының иығына артып қойған жарамас. Сіз болып, біз болып, оңтайлы жолын тапсақ, сөйтіп, тамырына балта шапсақ, нұр үстіне нұр болар еді.
