Kyzylorda-news.kz. Айналамызға қарасақ, жақсы жандардың бар екенін байқаймыз. Әсіресе, жаны мейірімге, жүрегі махаббатқа толы алтын құрсақты аналарымыздың көптігін аңғарамыз. «Ана» деген сөздің өзі терең мағынаны ұғындыратыны рас. Иә, бүгінде ақ жаулықтылардың тек бесік әлдилеген ана ғана емес, қоғам алдында құрметке ие болып, ел мәртебесін асқақтатып жүргенін көзіміз көріп жүр. Алысқа ұзамай-ақ қоялық. Шиелінің өзінде де қаншама іскер әйел бүгінгі күні ауданның дамуына үлес қосып жүр. Кейбірі еңбекке ерте араласып, қазіргі таңда зейнеткерлікке шығып, көпке үлгі болып отыр. Ал сіз бен біздің парызымыз – осындай жандарға ізет көрсетіп, төрге шығарып, түрлі іс-шаралар мен кездесу кештерін ұйымдастыру. Соның бір парасы жуырда ғана Досбол датқа ауылында көрініс тапты. Ауыл тұрғындары Шиелінің 95 жылдығына орай түрлі салада еңбек етіп, ел экономикасының дамуына үлес қосқан аналармен дидарласу мақсатында «Жақсы адамдарым» атты кездесу кешін өткізді.

Досбол датқа ауылдық клубының ұйымдастыруымен өткен кездесу кешіне Ақтоған ауылдық округінің әкімі Ержанбек Ахметов, аудандық мәдениет және спорт бөлімінің бас маманы Жадыра Отарбаева, Бұдабай Қабылұлы атындағы мәдениет-шығармашылық орталығының мәдени шараларды ұйымдастыру және бос уақытты тиімді пайдалану бөлімінің меңгерушісі Гүлшат Шайзадақызы, сондай-ақ әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Нәлібаева мен ардагерлер кеңесінің төрағасы Дайрабай Сармолдаев қатысты.

Ең әуелі Ақтоған ауылдық округінің әкімі Ержанбек Ахметов сөз алып, жарқын жүздесуге келген аналарға құттықтау тілегін жеткізді. Мұнан соң әулет шаңырағын шалқытып, салиқалы ұрпақ өрбітіп, ауылдың гүлденуі үшін еселі еңбек етіп, қоғамдық өмірге белсене араласып, көпке өнеге беріп жүрген ғибратты ғұмыр иелері сахна төріне шығып, көрермен қошеметіне бөленді. Атап айтар болсақ, Дүйсенбай Шыныбеков атындағы №155 орта мектебінің физика және математика пәнінің мұғалімі, Досбол датқа ауылдық «Ақ әжелер» ансамбльінің мүшесі Фарида Ахметова,  №155 орта мектебінің физика және математика пәнінің мұғалімі, оқу ісінің меңгерушісі Айгүл Дінбаева, сондай-ақ белсенді кәсіпкер «Заңғар» аралас сауда дүкенінің иесі Ақманат Мұхаммеджанқызы кездесу кешінің құрметті қонақтары ретінде шақыртылып, төрден орын алды. «Жақсы адамдарым» атты жүздесу кеші бұдан әрі «Ақ әжелерім» атты әжелер ансамбльінің «Сәулем, сәулем» атты әнімен жалғасын тапты. Жайна Жақыпова «Жүрегімде жүрсің сен» атты әнін шырқап, көрермен көзайымына айналса, Азамат Жолдасбеков «Анашым-ай» әнімен көпшілік құрметіне бөленді.

Іс-шара барысында кешке жиналған көрермен қауым ақ жаулықты аналарға өздерінің сұрақтарын қойып, қызықты жауаптарын алды. Сондай-ақ аналар қонақтарға өз өмір жолдарынан сыр шертіп, бастан өткен қызықты күндері мен қиындықтарын баяндап берді. Ал ауыл тұрғындары осы іс-шараның өтуіне атсалысып, демеушілік танытты. Жылы жүздесудің соңы мерекелік кешке ұласып, түрлі әндер шырқалып, ауыл өнерпаздары өз өнерлерін көрсетіп, би биледі.

Тағы да оқыңыз: