Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданындағы «Төңкеріс- К» шаруа қожалығының егіс алқабында Шиелі индустриалды –аграрлық колледжінің «Ауыл шаруашылығын механикаландыру» мамандығы бойынша «Кәсіби шеберліктің кілті – дуалды оқыту» тақырыбында тәжірибелік семинар өтті.
Семинарға аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы М.Әшірбеков, аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Е.Әбдешов, «Төңкеріс-К» шаруа қожалығының төрағасы Б.Көпеев, «Байсын» шаруа қожалығының төрағасы А.Есжанов, «Талаптан» шаруа қожалығының төрағасы П.Күзембаев және колледж ұстаздары мен студенттері қатысты.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Әшірбеков Мұрат Сайтмағанбетұлы алғы сөз сөйлеп семинарды ашып берді. Аудандағы ауыл шаруашылығы саласындағы жаңалықтармен ақпараттандырды. Биылғы күріштің өнімділігі жаңа техникалардың егін жұмыстарына пайдасы жайлы сөз қозғады. Білім алушыларға үлгілі білім алып, ел экономикасына үлес қосатын білікті маман болыңдар деген тілегін жеткізді.
Содан соң тәжірибеден өтуші білім алушылар күзгі күріш дақылын ору және жинау жұмыстарын орындады.
Семинарға қатысушылар арасында ауыл шаруашылығындағы кездесетін кейбір қиыншылықтар жайлы пікірі тыңдалды. Білікті маман тәрбиелеп даярлауда ұсыныстарын жеткізді және де мамандығы бойынша білім алушының жұмыста тұрақтап қалмауына әсер ететін негізгі факторларды атап көрсетті.
Колледж директоры Мейрамхан Дүйсенов семинарды қортындылап, әлеуметтік серіктестердің біздің колледжімізде алатын орны ерекше екенін айта келе, бірлесіп дайындаған білім алушыларымыз ел экономикасына орасан зор үлес қосатын білікті маман боларына сеніміміз мол деген тілегін жеткізді.


