Kyzylorda-news.kz. Таяуда Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов Сұлутөбе, Тартоғай, Майлытоғай, Қоғалы және кент тұрғындарымен кездесті. Оған ауыл әкімдері, мекеме басшылары, аудандық дербес бөлім басшылары, мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, ауыл тұрғындары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Жұртшылықтың басын ауыртып, балтырын сыздатқан бірқатар мәселе назарға алынды.
«Үш ай бұрын өздеріңізбен кездесіп, ұсыныс-пікірлеріңізді түртіп алдым. Тағы да айтар талап-тілектеріңіз болса, не сол жиынға қатыса алмай қалған кісілер болса тыңдауға дайынмын», – деді 3 айлық есебін қысқа қайырған аудан басшысы.
Жиын барысында елді мекен тұрғындарының тарапынан толғандырған мәселелер көтеріліп, шешу жолдарын қарастыру сұралды. Мәселен, Сұлутөбе ауылдық округ тұрғындары 2008 жылы салынған білім ордасына жеңіл жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұраса, енді бірі сонау 60 жылдары бой көтерген балабақшаға жөндеу жұмыстары керектігін айтты. Аталған мәселеге қатысты тиісті жауап та сол мезетте берілді. Аудан әкімі мұнан өзге мәселелердің аудандық бюджет арқылы дереу шешуге уәде етсе, өзге проблемалардың іске асырылу барысын келесі кездесулерде баяндайтынын жеткізді.
Үш ай бұрынғы кездесуде Сұлутөбе ауылдық округіне қарасты Жаназар батыр ауылының тұрғындары аяқ су мәселесін көтерген-ді. Қазіргі таңда бұл шаруа шешімін тауып, «Шиелісушар» мекемесімен Жаңа Сұлутөбе каналы қазылған. Ауыл тұрғындарына егін егу үшін жер дайындап беру мәселесі де оң шешімін тауып, «Әлтай» (2 гектар), «Басбасақ» (3 гектар,) «Ерімбет табан» (5 гектар), «60 гектар» өңірлерінен жер дайындалып егу жұмыстары жүргізілген.
Тартоғай, Майлытоғай мен Қоғалыда да түйткілді мәселелер жоқ емес. Қалауын тапса, жұртты алаңдатқан мәселенің де түйіні тарқайтын күн туар. Осыдан 1 ай бұрын тартоғайлықтар ауыл ішіндегі электр бағаналары жаңартылса деген тілегін жеткізген. Өз кезегінде бұл да шешімін тауып, ауыл бойынша ескірген электр бағаналары ауыстырылды. Ал Ш.Есенов атындағы №153 мектеп-лицейдің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттарын сараптамадан өткізуге қаржы сұрау мәселесі де мерзімімен орындалмақ.
Қоғалының тұрғындары Сырдария өзенінен өтетін пантонға жай жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұраған-ды. Бізге жеткен ақпаратқа сәйкес Шиелі ауданы бойынша Сырдария өзенінде орналасқан автомобиль жолы өтетін 2 қалқымалы көпірді және 1 қалқымалы өткелді ағымдағы жөндеу және күтіп-ұстау жұмыстарына барлығы 20,6 млн теңгеге ЖК «Аумажитовпен» келісім шартқа отырған. Бүгінгі таңда күтіп ұстау жұмыстары жүргізілуде.
Ашық аспан астындағы кездесу
Теріскей беттің тұрғындарымен кездесу ашық аспан астында, саялы ағаштың көлеңкесінде ерекше өтті. Аудан әкімінің қысқа-нұсқа қайырған есебін тыңдаған әлеумет көкейдегі сауалдарын жолдауға көшті. Атап айтар болсақ, балалар ойын алаңы, көше жарығы, қаңғыбас иттермен күрес, тазалық, үй кезегі, қоғамдық көлік қатынасы мен денсаулық саласына қатысты біршама мәселелер талқыланды. Тиісті сала басшылары сол ¬мезетте айтылған жайға жауап та берді.
Кент тұрғыны Қазбек би атындағы көшенің балалар ойын алаңына сұранып тұрғанын айтса, енді бірі үй маңына қоқыстардың бей-берекет тасталатынын ашына жеткізді. Сондай-ақ №219 Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебіне жалпы жөндеу жұмыстары қажет деген ұсыныс та айтылды. Аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы әрбір көтерілген мәселе қараусыз қалмайтынын, жан-жақты сала мамандарымен бірлесе отырып зерттеліп, шешу бағытында тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді. «Батаменен ел көгерер» демекші, ауыл ақсақалдары аудан басшысының алдағы жоспарларына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.