Kyzylorda-news.kz. Халықаралық балаларды қорғау күні аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен кенттегі Ы.Жақаев атындағы саябақта кең көлемде аталып өтті. Дәл осы күні балғындардың шат-шадыман қуанышы салтанат құрды.

Адамзаттың бәріне ортақ ізгі мерекеде күн де ерекше мейірін төгіп, көк аспан бала көңіліндей тұнық тұрды. Таң ата саябаққа «Балалық шақ қандай ғажап!» атты шараға қатысушы меймандар жиналды. Одан кейін балаларға арналған «Бейбітшілік. Ынтымақ. Бірлік» көрмесі мен «Дала кітапханасын», «Балалық шаққа саяхат» қалашығын аудан әкімі Нұржан Ахатов кішкентай көрермендермен бірге тамашалады.
Мерекелік шараға мыңға жуық баланың қатысуы оның мәнін ашып, мазмұнын байыта түскендей болды. Саябақтың қақ ортасындағы сахнада балабақша бүлдіршіндері өнер көрсетіп, мерекенің көрігін қыздырды. Балаларға арналған мерекені ертегі кейіпкерлерінсіз елестету әсте мүмкін емес. Мұнда әртүрлі қаһармандар төбе көрсетіп қана қоймай, түрлі сайыстар ұйымдастырып, мереке иелерінің көңілін көтеріп бақты. Солардың бірінде «Асық party» ұлттық ойыны ұйымдастырылып, жиналғандарды тәнті қылды. Ал «Мен және менің отбасым» ¬сайысында жас жанұялар бақтарын сынады. «Тәй-тәй жүргім келеді» тұсаукесер рәсімінде бүлдіршіннің ата-анасы аудан әкіміне ырымдап, балаларының тұсауын кестірді. 

Нұржан Сәбитұлы бүлдіршіннің тұсауын кесіп, «Еліне қызмет ететін үлкен азамат болсын» деп батасын берді. Бәрін айт та, бірін айт балдырғандарға атымтай жомарттардың атынан 1000 дана балмұздақ тегін таратылды.

Мұнан соң ¬аудан әкімі мерекеге жиналғандарды құттықтап, ізгі лебізін білдірді. 20 үздік оқушыға Алматы қаласындағы «Спутник» сауықтыру лагеріне жолдама тарту етті. Сондай-ақ Тартоғай ауылында орналасқан №153 Ш.Есенов атындағы мектеп-лицейі оқушыларын тасымалдау үшін су жаңа автобустың кілті табысталды.

Өміріңді қызық пен қуанышқа бөлейтін балалардың әр күні мереке болса дейміз. Тек ерекше көңіл-күйде өтетін балалар мерекесінде ғана емес, балалар үшін дүниенің бәрі тегін болса деген де тілек бар. Өйткені, бүлдіршінге бір күн назар аударған жеткіліксіз.

Болашағының жарқын болуы үшін өмір бойы жұмыс істеген игі. Олай дейтініміз «Ұл тәрбиелей -отырып, жер иесін тәрбиелейсіз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейсіз».

Тағы да оқыңыз: