Kyzylorda-news.kz Шиелі кентіндегі «Тағзым» алаңында күзгі әскерге шақырылым аясында азаматтарды мерзімді әскери қызметке салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастарға Отан алдындағы азаматтық борышын өтеудің маңызын түсіндіру, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыру және әскери қызметтің мәртебесін арттыру.

Жиында Шиелі ауданының қоғамдық даму бөлімінің басшысы Есенбаев Кенжехан Шахизатұлы сөз сөйлеп, Отан қорғау – әр азаматтың абыройлы әрі қасиетті борышы екенін атап өтті. Сондай-ақ әскери қызметке аттанғалы отырған жастарға сәттілік тілеп, ел алдындағы міндеттерін абыроймен атқаруға шақырды.

Шиелі ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, майор Дандибай Береке Усайынұлы болашақ сарбаздарға әскери тәртіпті қатаң сақтап, Отан алдындағы міндеттерін жоғары жауапкершілікпен орындаудың маңыздылығын жеткізді.

Ұлттық дәстүрімізге сай аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Күлімбетов Болат Мәлібекұлы жас сарбаздарға ақ батасын беріп, елге аман-есен оралуларына тілектестік білдірді.

Сонымен қатар, мерзімді әскери қызметке аттанушы Әбдірахман Нұрасыл Маратұлының әкесі Марат Әбдірахманұлы ата-аналар атынан ақжолтай тілегін жеткізіп, жас сарбаздарға сәтті сапар тіледі.

Салтанатты шара барысында аудан әкімі Жандарбеков Айтбай Насриддинұлының атынан әскери қызметке аттанушы жастарға сый-сияпаттар табысталды.

Биыл ауданымыздан көктемгі әскерге шақырылым кезінде 79 азамат мерзімді әскери қызметке аттанған. Ал күзгі шақырылым бойынша 110 ға жуық азаматты әскери қызметке жөнелту жоспарлануда. Отан қорғау – мәртебелі міндет әрі зор жауапкершілік.

Жас сарбаздарға ақ жол, сәтті сапар тілейміз! Әскери міндеттерін абыроймен атқарып, туған елге аман-есен оралсын! Ел тыныштығы – ер азаматтың ел алдындағы қасиетті борышы!

Тағы да оқыңыз: