Шиелі ауданында ауыл жастарының шығармашылығын қолдауға, ұлттық өнер мен мәдени құндылықтарды дәріптеуге, елді мекендер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға бағытталған «Ауыл Vibe, Retro NIGHT» байқауы өз мәресіне жетті.
Апта сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылған мәдени жоба барысында ауданның ауылдық округтерінен келген өнерпаз жастар өз өнерлерін ортаға салып, ән, би, сахналық қойылымдар және шығармашылық бағыттар бойынша бақ сынады. Байқау ауыл жастарының бос уақытын тиімді ұйымдастырып қана қоймай, олардың өнерге деген қызығушылығын арттырып, туған жерге деген сүйіспеншілігін нығайтуға мүмкіндік берді.
Байқаудың қорытынды кешіне аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қатысып, ауылдық округтерден келген өнерпаз жастарды құттықтады.

– «Ауыл – ұлттық құндылықтарымыздың алтын бесігі. Ал ауылдың ажарын ашып, мәдени өмірін жандандыратын – елдің өнерлі жастары. «Ауыл Vibe, Retro NIGHT» жобасы арқылы ауданымыздың әр ауылынан талантты жастардың басын қосып, олардың шығармашылығын көпшілікке танытуға мүмкіндік алдық.
Бүгінгі кеш – жай ғана байқаудың қорытындысы емес, ауыл жастарының өнері мен белсенділігін, бірлігі мен ұйымшылдығын көрсететін ерекше мерекелік шара. Әрбір ауылдық округтен келген өнерпаздардың дайындаған қойылымдары мен концерттік бағдарламалары көрермен көңілінен шықты.
Барша байқауға қатысқан өнерпаз жастарға, ұйымдастырушыларға және қолдау көрсеткен ауыл тұрғындарына алғысымды білдіремін. Өнерлеріңіз өрге жүзсін, шығармашылық жолдарыңызға толағай табыс тілеймін!», – деді аудан әкімі.
Байқау қорытындысы бойынша:
🏆 БАС ЖҮЛДЕ
🥇 Бәйгеқұм және Телікөл ауылдық округтері
🥇 І ОРЫН
Иіркөл және Алмалы ауылдық округтері
🥈 ІІ ОРЫН
Ақтоған және Жаңатұрмыс ауылдық округтері
🥈 ІІ ОРЫН
Бәйтерек және Жөлек ауылдық округтері
🥉 ІІІ ОРЫН
Жиделіарық және Тұран ауылдық округтері
🥉 ІІІ ОРЫН
Сұлутөбе және Майлытоғай ауылдық округтері болып табылды.
Байқау соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Қорытынды кеш барысында ауылдық округтердің өнерпаздары көрермендерге ән мен биден, ұлттық өнер мен заманауи шығармашылықтан құралған мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
«Ауыл Vibe, Retro NIGHT» жобасы ауыл жастарының шығармашылығын шыңдап, олардың мәдени ортаға белсенді араласуына жол ашқан жарқын жобалардың біріне айналды.

