Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданы орталығында әр аптаның жұмасы дәстүрге айналған, ауыл жастарының шығармашылығын қолдау, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраны дәріптеуге бағытталған «Ауыл Vibe, Retro Night» байқауы өз жалғасын тапты.

Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов қатысып, қатысушылар мен көрермендерді құттықтады. Болатбек Ысмағұлов сөзінде мұндай жобалардың ауыл жастарының шығармашылық әлеуетін дамытуға, ұлттық өнерді насихаттауға және ауылдық округтер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға зор ықпал ететінін атап өтіп, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

Шиелі ауданы байқау 2.jpg

Бүгінгі байқауда Қоғалы және Талаптан ауылдық округтерінің өнерпаздары сахна төрінде өз өнерлерін паш етті. Олар туған өлкенің тарихы мен мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрлері мен шығармашылық әлеуетін әсерлі қойылымдар арқылы көрермен назарына ұсынды. Кеш барысында ретро әндерден құралған концерттік бағдарлама, заманауи музыкалық қойылымдар мен түрлі шығармашылық нөмірлер көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ерекше әсер қалдырды.

Байқаудың басты мақсаты - тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру, ауылдардың мәдени әлеуетін кеңінен таныту, сондай-ақ ретро әндерді жаңғыртып, оларды заманауи технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктері арқылы жаңа форматта көпшілікке ұсыну.

Сонымен қатар, жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын дамыту жөніндегі бастамаларын қолдай отырып, мәдениет пен өнер саласында инновациялық технологияларды тиімді пайдаланудың маңызын айқындай түседі.

Шиелі ауданы байқау 3.jpg

Тағы да оқыңыз: