Kyzylorda-news.kz «Бақыт» арена спорт кешенінде мемлекеттік мекеме қызметкерлері арасында дәстүрлі аудан әкімінің кубогына арналған шағын футбол турнирінің салтанатты ашылуы өтті.
Биыл төртінші рет ұйымдастырылып отырған айтулы додаға ауданымыздағы мемлекеттік мекемелерден құралған 10 команда қатысуда.
Турнирдің ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қатысушыларға сәттілік тілеп, бұқаралық спортты дамыту - мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– “Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың спорт саласына көрсетіп отырған жан-жақты қолдауының арқасында елімізде бұқаралық спорт қарқынды дамып келеді. Халық денсаулығын нығайту, жастарды салауатты өмір салтына баулу және тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау мәселелері әрдайым басты назарда. Спорт - ұлт саулығының кепілі, ал мұндай жарыстар ұйымшылдық пен өзара сыйластықты арттыруға ықпал етеді. Барша қатысушыларға тартысты ойын мен жеңіс тілеймін,” – деді аудан әкімі.
Сондай-ақ аудан басшысы өңірде спорт саласын дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
Бүгінде Шиелі ауданында 2 спорт мектебі, 2 спорт клубы, 2 стадион, 7 спорт кешені және 70 спорт залы халық игілігіне қызмет көрсетуде. Аудан тұрғындары спорттың 28 түрімен тұрақты шұғылданып, дене шынықтырумен айналысатын азаматтар саны 38 мыңға жуықтады.
Мемлекет басшысының және Үкіметтің қолдауының нәтижесінде ауданымызда спорттық инфрақұрылымды жетілдіру бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Жөлек ауылдық округінде құны 597 миллион теңгені құрайтын жаңа спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар, аудан орталығындағы Абай көшесінде орналасқан спорт кешеніне 249 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, нысан жуық арада ел игілігіне пайдалануға берілмек.
Іс-шара соңында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков дәстүрлі турнирді ашық деп жариялап, қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Турнирдің алғашқы ойыны Шиелі ауданы әкімдігі мен Шиелі аудандық полиция бөлімі қызметкерлерінен құралған командалар арасында өтті. Тартысқа толы кездесуде қос команда да жоғары дайындық пен командалық үйлесімділікті көрсетіп, жанкүйерлерге әсерлі ойын сыйлады.

