Kyzylorda-news.kz. Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен Шиелі аудандық орталық мешітінде «Ақ бата» облыстық бата беру байқауы өтті.

«Ислам және ізгі қоғам» жылы аясында халқымыздың рухани өміріндегі бата беру дәстүрін жалғастыру мақсатында өткен жарыстың ашылуында сөз сөйлеген Сыр өңірінің бас имамы Болатбек Ұласқанұлы дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеуге үлес қосып жүрген қарияларға алғыс білдірді.

Додада өңірдегі қала, аудан мешіттерінің намысын қорғауға келген 10 ақсақал өздері дайындап келген батаны айту және таңдалған билетіне сәйкес тұсаукесер, бесіктой сынды салт-жоралғыларға байланысты бата беру бойынша бәсекеге түсті.

Қызылорда облыстық ардагарлер кеңесінің «Жастармен жұмыс жасау, мәдени-көпшілік, спорт жөніндегі» тұрақты комиссия төрағасы Бектұрғанов Келдібай, Еңбек ардагері, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», қазылар алқасының мүшесі Барғанаев Дәулет, Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі, мәдениет қайраткері, Шиелі ауданының құрметті азаматы, қазылар алқасының мүшесі Исмайыл Өркен қазылық етіп, қатысушыларды батаның мазмұны, орындау шеберлігі, жатқа айтуы мен қазақы киім үлгісі бойынша критерийлері негізінде бағалады.

Сайыс қорытындысы нәтижесінде жүлделі І орын Қармақшы ауданынан келген Дәріқұл Махамбетовке бұйырды. Ол 100 000 теңге ақшалай сыйақыға ие болды. Ал ІІ орынды шиелілік Жақай Сақбаев иеленді. Жүлде қоры 70 000 теңге. Сайыстың ІІІ орынын екі қатысушы өзара бөлісті. Ең алдымен ІІІ орын мінберінен Қызылорда қаласынан келген Оразбек Бейсов көрініп, 50 000 теңге ақшалай сыйақыға ие болды. Сонымен қатар аралдық Жаңабай Мұсаев үздік үштіктер қатарынан көрініп, 50 000 теңге қаржылай сыйлықты иемденді. Сондай-ақ өзге қатысушылар да ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Олар Құран кітап және 10 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. 

Айта кетейік, сайыс жеңімпазы Махамбетов Дәріқұл ақсақал республикалық «Ақ бата» байқауында Сыр өңірінің намысын қорғайтын болады.

335975811_1189967784998608_6853219805197044602_n.jpg

Тағы да оқыңыз: