Kyzylorda-news.kz. Бүгін Шиелі ауданының әкімі Қамбарбек Мүбараков тұрғындар алдындағы қорытынды есеп беру кездесуі өтті.

Жиынға ZOOM платформасы арқылы облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Тілешев, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов, облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова қатысты.

Карантиндік сақтық шараларын сақтай отырып, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, аудан ардагерлері, құқық қорғау органдары мен аудан тұрғындары да қатысты. Аудан басшысы Қамбарбек Мүбараков есепті кездесуінде 2020 жылға арналған ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінің орындалуына және 2021 жылға арналған міндеттерге тоқталды.

“Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша ауданның жалпы өңірлік өнімі 39,4 млрд теңгені құраған. Ал, ауыл шаруашылығы өнімдерін шығару үлесі 102,7 пайызды құрап, өнім көлемі 31,5 млрд теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы дақылдарын 29 461 гектар жерге орналастырылып, егіс көлемі 2000 гектарға артты. Негізгі дақыл күріштің көлемі – 14 353 гектар құрап, әр гектардан 59,9 центнерден өнім алынып, 85940 тонна астық жиналды. Өзбекстан Республикасының «Органик Солюшн» компаниясы мен ауданымыздың 3 ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері бірлесіп («Төңкеріс и К» шқ, «Жер Жомард Д» ЖШС, «Бала би-2004» өк) 60 гектар жерге алма бақ пен жүзім және түрлі жеміс ағаштарын отырғызу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда ауданымызда 13 жылыжай жұмыс істеуде. Өткен жылы 550 тонна қызанақ пен қияр өнімін өндірді”, – дейді аудан әкімі Қ.Мүбараков.

Ауданда 120 тонна ақ күріш, 850 тонна қарбыз, 1005 тонна қауын және 351 тонна қызанақ дақылдары Ресей және Қырғызстан елдеріне жөнелтілді. Қазақстанның басқа да облыстары мен қалаларына 390 тонна ақ күріш, 130 тонна қарбыз, 500 тонна қызанақ және 326 тонна жоңышқа шөбі сыртқа сатылды. Өңірде ет өндіру көлемі 4776,1 тонна, сүт 18601,6 тонна және 2455,1 тонна жұмыртқа өндірілді.

Бүгінде ауданда шағын бизнес саласында 5241 субъект тіркелген, оның ішінде жұмыс істеп тұрғандары 4875 немесе 93 пайыз. Тұрғын үй құрылысы саласында Шиелі кентіндегі үш қабатты 18 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Шиелі кенті Береке шағын ауданында 3 бөлмелі бір пәтерлі 25 тұрғын үй салу жұмыстарына 233,8 млн теңге, Шиелі кентіндегі 18 пәтерлік 4 тұрғын үй құрылысы жұмысына республикалық және облыстық бюджеттерден 2020 жылға 195 млн теңге қаралып, үстіміздегі жылы құрылыс жұмыстары толығымен аяқталатын болады.

Аудан бойынша негізгі қорға инвестиция тарту көрсеткіші 13 млрд 834 млн теңге, яғни 23 % орындалды. 2021 жылы инвестиция көлемін арттыру мақсатында бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. «Караганды Агро Инвест-Т» ЖШС-ның жобалық құны 20,3 млрд теңгені құрайтын «Ауылшаруашылық кешенін құру» жобасы. «Евразия Агро Холдинг» ЖШС-ның жобалық құны 4,3 млрд теңгені құрайтын «Жоңышқа өсіру және терең өңдеу» жобасы. Мысыр Араб Республикасының «Каламари Браам» компаниясы Бәйгеқұм ауылдық округіндегі «Ханқожа» көлі аймағынан «Заманауи туристік аймақ құру» жобасын жүзеге асыруды жоспарлауда.

“Елбасымыздың, Президентіміздің басшылығымен, аймақта ел басқарып жүрген азаматтардың, өз туған жерінің шынайы жанашыры ретінде еңбек етіп жүрген барлық жерлестеріміздің қолдауының, Сіздер мен біздердің бірлесе атқарған тынымсыз тірлігіміздің нәтижесі, халықтың артқан мол сенімінің жемісі”, – деп атап өтті аудан басшысы.

Баяндамадан кейін тұрғындар тарапынан Байсын ауылына жаңа мектеп, Сырдария өзенінің үстінен көпір салу, тұрғын үй мәселелері жөнінде болды. Оған аудан басшысы нақты жауап қайтарып, көтерілген мәселелерді бақылауда ұстайтынын жеткізді. Жиында аудан әкімінің атқарған қызметіне алғыс айтып, ақсақалдар батасын берді.

Тағы да оқыңыз: