Kyzylorda-news.kz. Мемлекеттік қызметші – мемлекеттік биліктің айнасы. Оның ар-ожданы асқақ, әділетті, шебер ұйымдастырушылық қабілеті бар екендігін қоғам бағалайды. Халық сенімі мемлекеттік қызметкердің өз міндетін қаншалықты сапалы етіп көрсеткендігіне қарап бекиді. Сондықтан әрбір мемлекеттік қызметшінің халықтың мүддесіне қызмет қылып, көкейтесті мәселелерді заң шеңберінде шешуі талап етіледі.
Бүгінде ауданда 185 мемлекеттік қызметкер еңбек етеді. Жыл сайын олардың қатары көбеюде. Осы салаға деген сұраныстың артуы, аудан жастарының қызығушылығының көптігі көңілге қуаныш сыйлайды. Аудандағы 185 мемлекеттік қызметшілердің ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктері де бар. Сондай-ақ киелі мекеннің өсіп-өркендеуі, дамуы жолында да істеп жатқан жұмыстары жетерлік.
Ұлтқа қызмет ету мәселесі тұрғанда жаттандыны жаттап алып, қайталаудың қажеті жоқ. Мемлекеттік қызметкер мұны шынайы түсініп, ұмсынуы қажет. Олай болмаған жағдайда, жасанды бедел сыр беруі кәдік. Білім, біліктілікпен бірге мемлекеттік қызметте мінез де ауадай қажет. Әйтпеген жағдайда «Жуас түйе жүндеуге жақсының» кебі келіп жатқанын да көріп жүрміз. Мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру мақсатында жыл сайын қайта даярлау курстарынан өтеді.
Айта кеткен жөн, мемлекеттік қызметшілердің мерейлі мерекесіне орай -ауданда бірнеше байқаулар ұйымдастырылды. Солардың бірі – «Арман» мәдениет үйінде өткен «Екі жұлдыз» атты ән байқауы. Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Болат Ысмағұлов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмаил, аудандық билер кеңесінің төрағасы Болат Баймағанбетов, аудан әкімі аппараты персоналды басқару кадр қызметі бөлімінің басшысы Құттықыз Ратова, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев, БАҚ өкілдері қатысты.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Болат Ысмағұлов сөз алып, қазіргі жаһанданудың өрелі биігіне қол созған тәуелсіз елімізді одан әрі өркендету жолында еселі еңбек етіп жатқан қызметшілерге шынайы ризашылығын білдіріп, барша қызметшілерді мерейлі мерекесімен құттықтап, туған жердің дамуына аянбай еңбек етуге шақырып: мемлекетіміздің әл-ауқатын арттыру және олардың болашағын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудағы мемлекеттік қызметшінің рөлін, оларға жүктелген міндеттің ауқымдылығын, мемлекеттік қызметтің маңыздылығын, мемлекеттік саясатты іске асырушы қауым – мемлекеттік қызметшілердің бүгінгі рөлі, мойнындағы міндеттері үлкен жауапкершілікті қажет ететіндігін атап өтті.
«Екі жұлдыз» байқауында қатысушылар 2 кезең бойынша бақ сынасты. І кезеңде жұптар тек Шиелі жайлы әндерді орындаса, ІІ кезеңде еркін тақырыпта қазақ композиторларының және халық әндерін шырқады. Байқау нәтижесінде бас жүлдені Шиелі кенті әкімінің орынбасары Ғ.Бейсембаев пен кент әкімі аппаратының жетекші маманы Қ.Жағыпбар иемденді.
І орын Ақтоған ауылдық округінің әкімі Е.Ахметов пен аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы М.Әшірбековке, ІІ орын Бәйтерек ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы З.Шакиева мен Сұлутөбе ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы О.Файзуллаевқа бұйырған. Ал ІІІ орынды аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және инспекторлық жұмысы бөлімінің бас маманы Е.Жүсіп пен аудан әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің бас инспекторы М.Абитбаеваға және Ақмая ауылдық округінің әкімі Б.Сағындықов пен Ақтоған ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы А.Бекпенбетова бөліп алды.
Сонымен қатар Ханқожа көлінің жағалауында аудан әкімдігінің қолдауымен, аудандық қоғамдық даму бөлімі, Жастар ресурстық орталығы және «Салауатты өмір салтын насихаттау және жастар шығармашылығын дамыту» әлеуметтік қызметі жобасы аясында «Қызылорда облысының жастар одақтары» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жас мемлекеттік қызметшілер, жас мамандар және белсенді жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру, достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында спартакиада өткізілді.