Kyzylorda-news.kz. 2023 жылы Шиелі ауданында 10 каналға тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Дариядағы су деңгейі төмендеп бастағалы нәпақасын қара жерден тауып отырған шаруаның мазасы қашқаны жасырын емес. Дегенмен, сол сәтте қол қусырып қарап отырмай, мәселені шешудің өзге де жолдарын қарастыру күн тәртібінде тұрды. Нәтижесінде, су тапшылығын жоюдың бірден-бір жолы ретінде каналдарды тазалау мәселесі көтерілді.
Осыған орай, биылғы жылы «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы, «Шиелісушар» өндірістік учаскесі 7 шаруашылық аралық каналдарға механикалық тазалау жұмыстарын жүргізді. Атап айтқанда, «0-1» каналының – 10 шақырымы, «02» каналының – 3,8 шақырымы, «R-8» каналының – 10 шақырымы тазаланды. Сонымен қатар, «R-10» каналының – 8 шақырымы, «R-7» каналының – 18 шақырымы қазылса, республикалық бюджет есебінен «Жаңа Сұлутөбе» каналының 27 шақырымы, «Жаңа Бестам» каналының 10,30 шақырымы тазаланды. Жалпы алғанда биыл жалпы ұзындығы 87,1 шақырымды құрайтын 7 канал тазаланды.
Келер жылы «Шиелісушар» мекемесі тарапынан ұзындығы – 31 шақырымнан асатын каналдарды тазалау жоспарланған.
Алдағы жылы да Шиелі ауданы бойыншы «Шиелісушар» өндірістік учаскесі теңгеріміндегі 5 шаруашылық аралық каналдарға тазалау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, «R-12» каналы ұзындығы – 11,50 шақырымы, «R-10» каналы ұзындығы – 6.60 шақырымы, «0-2» каналы ұзындығы – 3,8 шақырымы, «Ескі Сол жаға» каналы ұзындығы – 4,20 шақырымы, «Жаңа Сұлутөбе» каналы ұзындығы – 5,50 шақырым аумағы тазаланбақ. Мұнан бөлек, Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, шаруашылық жүргізу құрылымындағы «Табиғат» мекемесі тарапынан – 35 шақырымнан астам канал тазалау жоспары бар. Дәлірек айтқанда «Күзембай» каналының – 3 шақырымы, «Байсары» каналының – 2 шақырымы, «Базар арық» каналының – 2.6 шақырымы, Балтабай каналының – 12 шақырымы, «Жаңа арық» каналының – 16 шақырымын тазалау алдағы 2023 жылдың еншісінде.
Бүгінгі күні Еңбекші ауылдық округі, Қосүйеңкі елді-мекенін аяқ сумен қамту үшін «Табиғат» мекемесі тарапынан «2×2×2» каналының 37 шақырымы қазылуда. Тағы бір айта кетерлігі, канал қазу жұмыстарынын бөлек аладағы жылы аяқ су жеткізуде қиындық тудыратын аумақтарға 12 дана электорлы насос қондырғылары орнатылмақ. Ендеше, аталған жұмыстар өз жемесін беріп, келер жылы ауданымыз аяқ судан тапшылық көрмей, диқандар қамбаны дәнге толтырады деген сенім бар.