Kyzylorda-news.kz. Біраз уақыттан бері бұқара биліктің «Жәрдемақыны өсіреміз» деген хабарландыруын естіп алып, қатты қуанғанын баршамыз білеміз. Тіпті, кейбірі есепшотына әлі түспеген ақшаның есебін түгендеп, сатып алатын тауарларының тізімін жазып үлгерген. Олардың арасында мүгедектігі бар азамматтар, асыраушынан айырылғандар мен өзге де тұлғалар бар. Сонымен, жұрт айтқан жәрдемақы рас ақпаратқа жанаса ма? Жергілікті халықтың күткен әлеуметтік қолдауына кімдер іліге алады?

Көмекті кімдер ала алады?

Иә, «Халық айтса, қалт айтпайды» деген сөз рас екен. Тұрғындар теңгесін санап, әрең күнелтіп жүргенде әлеуметтік көмектің көпшілікке берері көп-ақ. Бүгіннен бастап базынасын билікке айта беретіндер бөркін аспанға лақтыруына әбден болады. Себебі – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірінші шілдеден бастап азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік қолдауды күшейтетін болды. Яғни, жәрдемақы мөлшері тағы да өседі. Заң әлеуметтік кодекс аясында 2023 жылдың бірінші шілдесінен бастап өз күшіне енбек. Жәрдемақылардың бәрі орта есеппен 14,5 процентке артатын болады. Атап айтар болсақ, мүгедектер, асыраушысынан айырылғанар, арнайы әлеуметтік жәрдемақы алатындар, сондай-ақ мүгедектігі бойынша айлық жәрдемақы мөлшеріне дейін жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне қосымша ақы алушыларды қоспағанда, жасына байланысты зейнетақы төлемдері немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері тағайындаған бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдар мемлекеттік жәрдемақыға ие бола алады. Бұл тізімде Байқоңыр қаласында тұратын және Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын 7 жасқа дейінгі мүгедектігі бар балалар, және де саяси қуғын-сүргін құрбандары немесе саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен, мүгедектігі бар немесе зейнеткер адамдар мен ел алдында ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған адамдар да бар. Сондай-ақ бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтындар мен мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған жанға (анасына, немесе әкесіне) асырап алушы мен қорғаншыға берілетін әлеуметтік көмектің проценті өседі.

Аталған жәрдемақы түрлері былтырғы жылмен салыстырғанда 23 процентке ұлғаймақ. Ал еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мұндай әлеуметтік көмек түрлеріне республикалық бюджеттен 37 млрд теңге бөлінгенін айтып отыр. Минстрліктің сөзіне сенсек, дәл қазіргі жәрдемақылардың мөлшері 1,4 ең төменгі күнкөріс деңгейін немесе 2023 жылы 56 794 теңгені құрайды. Ал әлеуметтік кодекс күшіне енсе, жәрдемақы мөлшері 1,61 ең төменгі күнкөріс деңгейіне немесе 65 313 теңгеге дейін артпақ. Ал бұған қазынадан 6,4 млрд теңге бөлінетін көрінеді.

Аналар ше?

«Алтын алқа», «Батыр ана», «Ана даңқы» ордендерімен наградталған алтын құрсақты аналар да мұндай жәрдемақыдан қалыс қалмайтын сыңайлы. Өйткені әлеуметтік кодексте оларға төленетін жәрдемақы мөлшерін саралау көзделген. 

Айта берсек, жәрдемақының өсімін көріп,  қуанатындардың тізімі көп. Мәселен, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін еңбекке қабілеттілігінен айырылу, және асыраушысынан айырылу жағдайлары бойынша да өсім 14,5 процентке көбеймек. Аталған төлемдер республикалық бюджеттен төленетін  жәрдемақыларға ұқсас қосымша да жүзеге асырылатын болады. Ал олар 2023 жылдың бірінші қаңтарынан бастап үкімет қаулысымен 8,5 процентке ұлғайтылған еді. Айтпақшы,  жәрдемақы мөлшері еңбек министрлігінің ақпарат жүйелерінде бар мәліметтердің негізінде жүзеге асады. Бұған байланысты төлем алушылар құжат толтырып әуре болмайды. Қосымша өтініш те талап етілмейді.

Жыртық жамала ма?

Жәрдемақының өскені жақсы, әрине. Ақша – кімге артықтық етсін? Алайда биліктің зейнетақыны, жалақыны немесе жәрдемақыны көбейтіп алып, басқа дүниелерді қымбаттатып жіберетін жаман әдеті бар емес пе? Сауда орындарын былай қойғанда қара халықтың базардың өзінен қалағанын сатып алуға қауқары жетпейді қазір. Өйткені қымбатышылық қамыты әлдеқашан бұқараны әбден қуырып біткен. Баяғыдай емес, қазір азық-түлік бағамы да апшыны қуырады. Әлеумет әмиянын санап, тиынын түгендеп жүргенде жәрдемақының бірнеше есе көбейгені – керемет жаңалық болды.  Бірақ тағы да баға қымбаттап, қалтасы жұқарып қалмаса болғаны.

Тағы да оқыңыз: