Kyzylorda-news.kz. Шиелі аудандық жергілікті полиция қызметі, «Жастар ресурстық» орталығы мен аудандық білім бөлімі үшжақты келісімге келіп, кенттегі ойын-сауық отауларын аралап шығуды ұйғарған екен.
Мақсат – жастар арасындағы құқықбұзушылықты анықтау, алдын алу және болдырмау. Тәртіп сақшыларының қолында бір парақ әлгіндей мекемелердің тізімі бар. Күн бейсенбі. Сағат тілі 23:00-ді көрсетіп тұр.
Әуелі кенттің қақ ортасындағы Мұстафа Шоқай орталық алаңына аялдады. Содан соң орталық көшелердің маңына қарай жол тартты. Нәтижесінде, 23:00-ден кейін көшеде жүрген 29 жасөспірімнің ата-анасына хаттама толтырылған. Ал 3 ата-анаға толтырылған хаттама тікелей сотқа жолданып үлгерген.
«Жасөспірім» жедел профилактикалық іс-шарасында түнгі көңіл көтеру орталықтарынан жас жеткіншектер табылмаған. Орталық алаңда рейдтік топтың өкілдерін көргеннен бастап тұрғындар тексеріс жүріп жатқандығы туралы таныстарына жедел хабар тарата бастағанын айтып еді… Я болмаса, бұл шынымен де, қуантарлық жағдай болып тұр.
Жастар жасырынып қалды немесе жылыстап кетті деп нық сеніммен айтудан аулақпыз. Дегенменде, кейбір дәмханаларда кәмелеттік жасқа толмағандардың қызмет істейтіндігі туралы құлақ шалып қалғанымыз бар. Оның үстіне қазір мектеп оқушылары жазғы демалысқа шыққан жоқ па? Мұнымен қоса қоғамдық ортаны ластағаны үшін 4 баланың ата-анасына шара көрілген. Сондай-ақ қаңғыбастыққа салынып жүргені үшін 1 жасөспірім Қызылорда қаласындағы бейімдеу-оңалту орталығына жеткізілген. Қолайсыз отбасы санатындағы 4 ата-ана және 1 жасөспірім қылмыс бойынша есепке алынған.