Kyzylorda-news.kz. Тарихтың алыс қабаттарына көз жүгіртсек Шиелінің төңірегі небір тартысты оқиғаларға толы екенін байқаймыз. Осы өңірге аңсары ауған талай тайпа Шиелінің айналасынан пұшпақтай болсын жер иеленуге талпынып, қанын төгіп, жанын беріпті. Талай-талай жат жұрттықтардың көзінің сұғын қадатқан өңір табиғи ресурсқа бай, қамалы мен қорғаны көп, дәулетті өлке болыпты. Әлемдік тарихта бірде сақтар, ғұндар енді бірде түркілер мен оғыздар һәм қыпшақтар атауымен танылған біздің арғы-бергі бабаларымыз осы жерге ту тігіп, табан тіреп, қандай қиын нәубетті бастан кешсе де Сырдан айырылмаудың қамын жасап бағыпты.
Екі жүз жылдан астам уақыт түркілердің астаналық мәртебесіне ие болған Сығанақ қаласы Шиелімен шектессе, Қорқыт ата жырында мұқым оғыз жұртына пана болған Бестам қаласы, Жөлек қамалы туралы небір құнды деректер бұл өңірдің шаруаға аса жайлы болғандығынан сыр шертеді. Жоңғар шапқыншылығы кезінде, Алаш жұрты «аһ» ұрып айтқан әйгілі «Елім-ай» әні де тап осы Шиелі жерінде дүниеге келіп, алғаш айтылып, халыққа таралыпты.
Тарихшы, өлкетанушы ғалымдар айтпақшы жайнаған, жасыл желекті өлкеде расында бір кездері жүздеген қала, қорған, самсаған халық бар еді. Айта берсеңіз, жаза берсеңіз Шиелінің жері, Шиелінің елі туралы тартымды деректер көп. Айтпағымыз басқа. Ойлана қарасақ осыншама жұртты, елді, халықты қызықтырған, оларды қоныстандыруға құмбыл еткен не қасиет еді.
Шиелі жері ежелден орманды, тоғайлы алқаптарымен ерекшеленіп, құнарлы топырағына отырғызылған көшеттері мен жеміс-жидекті ағаштары аздаған жылда көктеп, өсіп-өніп, айналаны жасыл желекпен көмкеріп, көздің жауын алып тұрыпты. Суармалы, көкорай шалғынымен көпшілікті өзіне тартып, қоныстанған жұртты аңызақты желден, ыстық күннен қорғап тұрған. Осыдан да болса керек, ертедегі жылнамашылар өз еңбектерінде Сырдың бойын өмір сүруге өте қолайлы аймақ деп таныпты. Жұрттың аңсары Сырға ауыпты. Одан бері жылдар өтіп, ғасырлар ауысып, дәуірлер алмасты. Ұлы Жібек жолы өзінің маңызды стратегиялық міндетінен айырылып, күйреуіне байланысты Орта Азия қалалары оның ішінде осы Шиелі өлкесі үшінде әлемдік нарыққа шығатын жол жабылғанын білеміз. Бұл халықтың қуаты мен күшінен айырылуына, қалалардың күйреуіне қуатты өңірдің басынан бағы мен дәулетінің таюына әсерін тигізген бірінші фактор еді. Содан Ресей бодандығы, коммунистік кезең, тың игеру саясаты басталды. Орманды, тоғайлы алқаптарға негіз болған Шиелінің көкжидесі аяусыз сүріліп, айнала жалаңаштанып тынды. Орынбор-Ташкент темір жолы салынып, қатты отынды қажет ететін отарбалар келіп, біркездегі жайқалған орманды, тоғайлы, сексеуілді аймақты отап, шауып, ағашы мен тал-дарағы одан әрмен азайды. Бұл енді өлкенің, жердің азып-тозуына ықпал еткен екінші фактор болатын. Үшінші фактор ғасыр апаты болып саналатын Арал теңізінің тартылуы, оның табанынан ұшқан мыңдаған тонна тұздың жер қабатын эрозияға ұшыратып, аздырып-тоздыру еді. Міне, осы үш себеп өлкеміздің, Шиелінің айналасын жалаңаштап, жұтатып тастағаны анық. Заманында қалың тоғай, жыңғыл, жиде арасында арыстаны ақырып, жолбарысы гүрілдеген жер ертегідей елес болып, көзден бұлбұл ұшыпты. Ормандар оталып, тоғайлар таусылыпты. Аң-құс безіп, жойылыпты. Халық ауыз әдебиетіндегі тоқсан үйлі тобырға тірек болған Қамбар батыр, Шақан шерілер алысқан Сыр бойының айбатты, қайратты жолбарыстары жоғалып, табиғат жұтаң тартыпты. Өткенге салауат. Енді бүгінгі заман басқа. Құдайға шүкір, еліміз аман, жұртымыз тыныш. Азатпыз. Тәуелсіз елміз. Бір кездегі тоқырап, тоқтап қалған Ұлы Жібек жолы бүгінде «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистралі деген атпен қайта түлеп, жандана бастады. Арал теңізінің табанына су барып, жеріміз бір тыныстап қалды. Шет елдермен сауда-экономикалық байланыстар, түрлі салалар бойынша әріптестік қатынастар қайта қалпына келтіріліп жатыр. Халықтың өсіп, өніп, өркендеу дәуірі қайта басталды. Тәуба дейміз.
Ал, аң-құсы жыртылып айырылған, орманды-тоғайлы, жасыл-желекті алқаптарымыз ше? Олар қалай қалпына келмек. Бұл бағытта не жұмыс, не қарекет жасап жатырмыз. Бәрімізге белгілісі ит тұмсығы батпайтын ну ормандарымыз жабайы жиде арқылы бой көтеріп, өсіп жатыр. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автожолының Төңкеріс ауылдық округі бағытынан Шиеліге кірер тұсында жабайы жиде ағаштары самсап өсіп, қалың бұталы тоғайлар пайда болды. Басқа да ауылдардың айналасында осындай тоғайлар, жиделер қаулап өсіп шығып жатыр. Ашығын айтқанда қайтадан табиғат өзін-өзі қалпына келтіруде. Осы орайда айта кетерлік мәселе жиделі тоғайларды адамдар емес құстар, торғайлар түлетіп, тірілтіп жатқандай. Ол үшін торғайларды жаратқан тәңіріге тәуба дейміз. Жабайы жиденің бал татыған жидегін жеген торғай деген жарықтық құстар аталған ағаштың дәнегін саңғырығымен айналаға тастап, өсіріп жатыр деседі білетіндер. Әйтпесе, мақсатты түрде адам баласы бұл іспен айналысып, айналаға жабайы жиде егіп жатқанын көзіміз шалып, құлағымыз естіген емес деген пікір бар. Ендеше, бізден де бір ұсыныс. 2005 жылы Елбасының бастамасымен «Жасыл ел» мемлекеттік бағдарламасы дүниеге келді. Бүгінде ел үкіметінің 2015-2017 жылдарға арналған «Жасыл ел» бағдарламасын ілгерілету жоспары бекітілді. Аталған бағдарлама табиғатты қорғау, экологияны сақтау, жастарды еңбек сүйгіштікке баулуға бағытталған. Бұл бағдарламаның өзіндік бюджеті де бар екендігін айта кеткен жөн. Бағдарлама қабылданғаннан бері еліміз бойынша 44 млн.-ға жуық ағаш отырғызылыпты. Әр өңірде «Жасыл елдің» штабтары, жастар бригадалары бар. Жұмыссыз жастар еңбекпен қамтылып, айналаны көркейту-көгалдандыру бойынша жүйелі жұмыстар жасап жатыр. Бұл қуантарлық жайт.
Бізге белгілі деректерге сәйкес Шиелі ауданының өзінде 2016 жылы «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 3 кезең бойынша 90 жас еңбекке тартылған. Бұл жастар айналаны көркейту-көгалдандыру жұмыстарына жұмылдырылып, әрбіріне айына 45 мың теңге көлемінде жалақы жазылыпты. Биыл да бұл үрдіс жалғасын таппақ. Осы орайда, аталған жастар бригадасын жиде ағашын отырғызуға неге жұмылдырмасқа деген ой туындайды. Жабайы жиде өсімтал, сортаң топырақты жерге ексе, басқа ағаштарға қарағанда төзімді келеді. Жай-күй таңдамайды. Аудан бір кездегі жойылуға шақ қалған сексеуіл ағашын да қайта қалпына келтіріп жатыр емес пе? Мыңдаған гектар алқапқа сексеуіл ұрығы шашылып, бүгінде өсіп, өніп, шығып жатыр. Ендеше, жабайы жидені де неге екпеске? «Ағаш жемісімен де желегімен де қымбат» деген тәмсілді еске алсақ жиденің жасыл желегі одан бөлінетін оттегі қоршаған ортаға пайдасын тигізіп, залалды улы газдарды бойына жұтып, экологиямызды жақсарта түсер. Жабайы жиде бүршік атып, гүлдегенде жұпар иісі айналаның хошын келтіріп, сәні мен салтанатын арттырады. Бәлкім осы тірліктердің ықпалымен қоршаған орта қауіпті газдардан қорғалар.
Бұл үшін «Жасыл ел» бригадаларындағы жастарды сонымен қатар, басқа да еріктілер тобын жұмылдырып, дәл осы қыс айында жабайы жиде алқаптарындағы жиде ағашының қаракүреңдетіп пісіп тұрған жидегін теріп, жинап алып, көктем шыға үлкен жолдардың бойына, жағалауына арнайы техника арқылы топырақты аударып, дәндерін шашып, бетін қайта көміп, егіп, тәжірибе жасап көрсек. Мүмкін торғайлар тіккен жиделі тоғай адам қолымен егілсе одан әрмен ұлғайып, өсіп-өнер деген ойы бар көпшіліктің. Егер бұл тәжірибе расында іске асып, өзін оң қырынан танытса, келер жылдары арнайы жобалар арқылы орман алқабын ұлғайтуды тұрақты түрде жүзеге асырармыз бәлкім. Көпшіліктің осы ойын арнайы мамандар зерделеп, зерттеп көрсе. Бір кездегі ну орман, қалың тоғайлы аймақ қайта қалпына келіп жатса, нұр үстіне нұр емес пе? Кім біліпті бәрі де мүмкін ғой...