Kyzylorda-news.kz. Жуырда Шиелі ауданы қоғамдық даму бөлімінің тапсырысы аясында салауатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спортты насихаттау мақсатында бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері арасында теннистен турнир өттті. Спорттық сайысқа аудан әкімінің орынбасары мен бірқатар БАҚ өкілдері қатысты.
Жарыстың ашылу салтанатын ең әуелі аудан әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұлов ашып беріп, сайысқа қатысқан қатысушыларға сәттілік тіледі. Содан соң ауданда қызмет етіп жүрген баспасөз саласының 14 өкілі турнир көрігін қыздырып, тартысты ойын өрнегін көрсетті.
Жарыс нәтижесінде үздік ойын өрнегін көрсетіп, жүзден жүйрік атанған «Шарайна-Сейхун» газетінің атынан Нұрлан Қарашаев 1 орынды иеленді. Ал жүлделі 2 орынды Қазақстан Республикасының Журналистер одағының мүшесі, облыстық «Кызылординские вести» газетінің Шиелі ауданы бойынша меншікті тілшісі Мақсұт Ибрашев қанжығаланды. 3 орынға «Өскен өңір» газетінің фототілшісі Бақытжан Бәйімбет жайғасты. Бұдан өзге жеңімпаздарға және жарыста бой көрсеткен қатысушыларға кубоктар мен медальдар, сондай-ақ дипломдар мен арнайы сый-сияпаттар табыс етілді. Тартысқа толы теннис турнирі жылда жалғасын табады деген сенім бар.