Kyzylorda-news.kz. Халықтың қорғаушысы, биліктің қолдаушысы – ішкі істер органдарының жұмысы уақытқа бағынбайды. Олар таң шапағы атқаннан, күн қызарып батқанға дейін, тіпті одан кейін де тынбай еңбек етеді. Құқық қорғау саласының қызметкерлері алдарына бір мақсатты ғана қояды. Ол – елдің тыныштығын сақтап, мемлекеттің ­басты байлығы саналатын адамдарды қауіптен қорғап қалу.

Сақтық саласының сайыпқыраны атанған мамандар өзіне қауіп төніп тұрса да, ең бірінші өзгенің өмірін аман алып қалады. Сол себепті де оларға құрмет көрсетіп, төрден орын беруге лайық. Осыған орай елімізде 23 маусым – полиция күні деп ресми бекітілген болатын. Бұл заң 2007 жылы қабылданды. Дегенмен, 1992 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының ішкі істер органы» туралы заң – құқық қорғау қызметкерлерінің қызметі мен міндетін айқындайтын алғашқы құжат. 

Ел тыныштығын сақтау жолында қиындықтан да, қатерден де қаймықпай қоғам тәртібін қалыптастырған полиция қызметкерлері жетерлік. Болат құрыштай бекем, темірдей төзімді, отқа күймейтін, оққа өлмейтін, ел басына күн туса алдыңғы шептен табылатын тәртіп сақшыларына осындай мінез тән. Барлығына бірдей үйретіп қойғандай сақшыларды бірінен-бірін ажырату оңай емес. Алайда тәртіп пен талапқа бас ию арқылы құқық қорғау қызметкерлері жұмысын тиянақты атқарып келеді. Сондай қызметкерлердің бірі – Шиелі ауданының полиция бөлімінің тергеу бөлімшесінің тергеушісі Бағлан Аманжолов. 

Ол 1993 жылы Шиелі ауданы, Тартоғай ауы¬лында дүниеге келген. 2010-2011 жылы мектеп табалдырығын тәмамдап, арман қуып Қарағанды қаласына келеді. Жас түлектің алға қойған мақсаты орындалып, арманы қияға қонып ҚР Ішкі істер министрлігінің Қарағанды қаласындағы Б.Бейсенов академиясына оқуға түседі. Бұл оқуға түсу оның сақтық саласына жасаған алғашқы қадамы еді. Арада төрт жыл өткен соң курсант Бағлан «Құқық қорғау қызметі» мамандығының жоғары заңгер білімін алып, полиция лейтенанты арнаулы атағын алып шығады. Академияны бітіре сала жас маман туған жерге оралып, аудандық полиция бөлімінің полиция инспекторы болып жұмысқа орналасады. 

«Отан үшін отқа түс – күймейсің» деп халық қаһарманы Б.Момышұлы бекер айтпаған.  Отанды қорғау – ер-азаматтың парызы. Айбарлы Ата Заңымызда да «Қазақстан Респуб¬ликасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы мен міндеті» деп жазылған. Ер – елдің қорғаушысы, панасы. Әр азамат өз елін қорғауға қауқарлы болу керек. Сондықтан осы саланы ойланбастан таңдадым», – дейді талабы тегеурінді тергеуші. 

Сабыр мен қажыр-қайратты, қырағылық пен шапшаңдықты, тез шешім қабылдауды қажет ететін қасиеттерге ие полиция қызметкері болу оңай емес. Оның барлығы мол тәжірибе мен тынымсыз еңбектің арқасында келері сөзсіз. Б.Аманжолов та сан сынақтан сүрінбей өтіп, қызметтегі лауазымы да өзгерген. Ең алғаш еңбек кітапшасын учаскелік полиция инспекторы болып бастаған маман қазіргі таңда қатал тәртіпті қазықтай қаққан тергеу бөлімінің қызметкері. «Ел үшін қызмет – абыройлы міндет» деп түсінетін Бағлан Асылханұлы жұмыс барысында жүріп жеткен жетістіктері  де аз емес. Атап айтар болсақ, Ішкі істер министрлігінің «Мінсіз қызметі үшін 10 жыл» медалімен, 30 тамыз конституция күніне орай «Қазақстан полициясына 30 жыл» мерекелік төсбелгісімен және «Тергеу қызметіне 60 жыл» медалімен марапатталған. Алайда бірнеше мәрте марапат мінберінен көрініп жүрген тергеуші бәрінен бұрын халықтың ыстық ықыласы маңызды деп ойлайды. 

«Қарғыс алма, алғыс ал» дейді ғой. Әрине, біздің салада жұмыс істеу – оңай емес. Кейде қылмыспен бетпе-бет келіп жатамыз. БАҚ өкілдері де басқа өңірлерде құқық қорғау қызметкерлеріне қандай қауіп төніп жатқанын айтып жатады. Сол себепті біз ең бірінші халықтың батасына жұмыс істегіміз келеді. Себебі көп тілесе орындалады. Егер алғыс алып, ризашылықтарына бөленіп жүрсек жолымыз ақ, жанымыз аман болары сөзсіз», – дейді ол. 

Б.Асылханұлы отбасының беріктігі мен бірлігін әркез есте ұстайды. Жары Әсел Мейрамбекқызымен бірге екі ұл тәрбиелеп, шаңырағын шаттыққа толтырып отыр. Үй мен түзді қатар алып, ынтымақтастық пен татулықты ту еткен Бағлан кімге болса да үлгі.  Сондай-ақ жас та болса бас болып, соңынан ерген көмекшілерін бір ауыздан темірдей тәртіпке үйретіп жүрген сақшы – өз ісіне адал. Оның алдағы мақсаты – полиция қызметкерлерінің имиджін көтеру мен ел мүддесі үшін қалтқысыз қызмет ету.

Тағы да оқыңыз: