Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданы әкімінің орынбасары Болатбек Ысмағұловтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Комиссияның күн тәртібінде «Шиелі ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында атқарылған шаралар», «Ауыл шаруашылық субсидиялау мен инвестициялау, жайылымдар мен шабындықтарды дамыту және ауыл шаруашылық жерлерін бөлу барысындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері», «Денсаулық сақтау саласында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің жолын кесу бағытында орындалған нақты жұмыстар» тақырыптарындағы 3 мәселе қаралды.
Күн тәртбіндегі алғашқы мәселе бойынша Шиелі ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Еркеғали Амангелдіұлы, екінші мәселе бойынша аудандық ауылшаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Мұрат Шайтмағанбетұлы, үшінші мәселе бойынша аудандық көп бейінді орталық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Әмір баяндама жасады.
Мұнан соң, Болатбек Ысмағұлов Шиелі ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Е.Әбдрахмановқа жергілікті баспа беттеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы тақырыпта мақалалар жариялануын қамтамасыз етуді, сыбайлас жемқорлықты болдырмау және алдын алу мақсатында бағынысты қызметкерлердің қатысуымен түсіндірме жиналыстарын өткізіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жұмыстарын жүргізуді тапсырды.
Ал, Шиелі аудандық ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбековке сыбайлас жемқорлық көріністеріне қарсы тұру мақсатында бөлімде мемлекеттік көрсететін қызмет берушілердің атқарып жатқан жұмыстарына қатаң бақылау орнатуды, техникалық көлік құралдарына құжаттар беру, мемлекеттік жобалар, бағдарламалар бойынша (егін және мал шаруашылықтарына) заң бұзушылықтарға жол бермеу шаралары қабылдауды, жер қатынастары саласындағы заңнамаларға сәйкес кәсіпкерлік субъектілерге жер учаскелерін табыстау жолдары бойынша ақпараттандыру (мақала жариялау) жұмыстарын жүргізуді, жеке және заңды тұлғалардың жер телімін меншігіне алу және мақсатын өзгерту жөніндегі өтініштердің мерзімінде қаралуы бақылауға алуды, жер заңнамаларының бұзылуына жол бермеу мақсатында, облыстық басқарма қызметкерлерін тарта отырып, кент және ауылдық округ әкімдері мен тиісті мамандарына әдістемелік түсіндірме жұмыстарын жүргізуді, жер қатынастары саласында мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарының сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Шиелі аудандық көп бейінді орталық ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Әмірге қарасты мекемелерде сыбайлас жемқорлық сипатта қылмыс орын алған жағдайда сол мекемеде талқылау жүргізу тәжірибесі енгізуді, «AMANAT» партиясы филиалымен бірлесіп сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар ұйымдастыруды тапсырды.