Kyzylorda-news.kz. «Шиелі сушар» өндірістік мекемесінің қызметкерлері әділдік іздеп мемлекеттік мекемелерден көмек сұраған. Алайда жұмысшылардың жан-айқайын тыңдайтын ашық үкімет жоқ.
«Facebook» әлеуметтік желісінде Ұлағат Сапарбеков «Шиелі сушар» өндірістік мекемесінің қызметкерлері әділдік іздеп жүргенін жазды.
«ХХI- ғасырда құл болу неткен масқара!!! Біз Шиелі сушар өндірістік учаскесінің қызметкерлері «Әділдік» іздеп барарға жеріміз қалмады. «Қазсушар» ШЖҚ РМК-ның Қызылорда филиалының басшылық қызметінде және Шиелі сушар өндірістік учаскесінің басшылық қызметінде отырған лауазымды тұлғалардың жасап отырған заңсыз іс-әрекеттеріне төмендегі мемлекеттік мекемелерге шағымданған болатынбыз», – делінген хатта.
Мекеме қызметкерлері хатта Президент Әкімшілігі, ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесі, Бас прокуратура, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті және Қызылорда облыстық прокуратураға шағым түсіргендерін жазады.
«Шағымдануымыздың себебі белгісіз объектілерге қара жұмысқа жібереді, бармасаң жұмыстан шығарамын деп шарт қояды және мемлекет қаржысың оңды-солды пайдалануымен қоймай, мекеме қызметкерлерін жеке жұмыстарына пайдаланып отыр. Осындай жағдайларға төзбей бас көтеріп қарсылық көрсеткеніміз үшін бірімізді статьямен жұмыстан шығарып бірімізді өз өтінішіңмен шығып кет деп қудалап отыр. Көрсетілген мекемелер тек бір-біріне ысырып тастаумен шұғылданады. Барлық мекеме заң бұзушылыққа көз жұма қарап біздің құқығымызды аяқ асты етіп отырған лауазымды тұлғалардың пайдасына шешіп беруден жалықпай отыр. Құлдың жан-айқайын кім тыңдайды сонда. Алтын тақта отырғандар бір сәт төменде не болып жатқанына үңілсе деген өтінішіміз орындалса дейміз», – дейді жұмысшылар.

