Kyzylorda-news.kz. Қазақта жақсы мұраптың артынан су ереді, жаман мұраптың артынан сөз-дау ереді деген тәмсіл бар. Сонымен қатар « Су патшасы мұрап, түн патшасы шырақ», «Әкең мұрап болса да, су құлағының басына орналас» дейді қазақ. Бағбан жемісті ағашын айтар, мұрап суының сағасын айтар, шопан өсірген қойын айтар, диқан шығымды еңбегінің бабын айтар- деген де тәмсіл бар. Қарап отырсаңыз суға қатысты сенім-нанымдардан бөлек осындай ұлттың ұлық сөздері, мақал-мәтелдері халқымыздың бағзыдан ақ су саласы мамандарына деген, олардың қадір-қасиетіне деген ерекше ықыласын айқындайды.

Су – тіршілік көзі десек, су шаруашылығы – жер үсті және жер асты суларын экономиканың түрлі салаларында пайдалану шараларын белгілеп, оларды іске асырады. Сондай-ақ, суды қорғау және оның зиянды әсерімен күресумен айналысады. Ежелгі дәуірлерден бері Сыр елінің негізгі тіршілік көзі Сырдарияның суы екені белгілі. Жүздеген жылдар бойы диқан қауымы дариядан тартқан тіршілік нәрімен егінін егіп, тіршілігін жасап келеді. Бұған өңірімізде, Ханқожа көлі айналасынан табылған шығыр құмыралары, ежелгі арық-каналдардың табандары, тіпті тарихтың тереңіне бойлай сүзіп, әріден тамыр тартар болсақ, жарты әлемнің патшасы болған жиһангез жаулаушы сонау Әмір-Темірдің осынау Шиелі жұртына, Сыр өзенінен арық-каналдар тартуға берген «Ваккуфтық» рұқсатнамасы осы өңірдің ежелден-ақ атырапты инженерлік жүйеге келтіңріп, мәдени дақылдар еккенін меңзейді.

Кешегі патша заманында да сулардың, арық-каналдардың бойымен болыстықтардың шекарасы айқындалғанын білеміз.
Елімізде Кеңес үкіметі орнасымен іле-шала су шаруашылығымен айналысатын ұйымдардың құрылғаны да осынау дерек-дәйктерді толықтыра түссе керек. Мұраптар тарихының ресми жазбасына көз жүгіртер болсақ 1920 жылы Сырдария облыстық су шаруашылығы құрылып, оған Әулие ата, Шымкент, Түркістан, Ақмешіт, Қазалы, Ташкент өңірлері бөлінісі негізінде алты округ бағынды.

Соның ішінде бүгінгі біздің облысымыз аумағында Ақмешіт су шаруашылығы округіне төрт гидроучаскесі қарады. Атап айтқанда, №1 гидроучаскіге Телікөл, Сорқұдық, Шиелі, Сұлутөбе, Қоғалы қараса, №2 гидроучаскіге Ақарық, Сабалақ, Айнакөл болыстары қарады. Ал №3 гидроучаскесіне Шаған, Қараөзек, Тереңөзек, Жалағаш, Байзақ болыстары қараған. №4 гидроучаскесіне Көткешек, Аласесек, Қышбөгет, Қаракөл, Қуандария болыстары қарап, Сырдың төменгі ағысын бойлай Аралға дейінгі атырап егінмен айналысқан. Сол кездегі округтердің тарауына байланысты 1938 жылы Қызылорда облысы құрылып, өз алдына облыстық су шаруашылығы басқармасы ашылды. Оған Жаңақорқан, Шиелі, Сырдария, Тереңөзек, Арал аудандық су шаруашылығы құрылып, басқармаға қарасты. Ауданда алғаш құрылған мекемеге А.С.Төлтаев басшылық етті.

Осылайша біздің өңірде арнайы су шаруашылықтарының құрылып, жұмыс істей бастағанына да ғасырға жуық уақыт болыпты. Биыл «Шиелі сушар» мекемесіне 85 жыл.

Осынау жылдар аралығында өңірдің тұла-бойына нәр берген арық-каналдардың, қашыртқылардың,тоғандардың инженерлік жүйесін жасап, құрылысын жүргізіп, оларға  уақытылы су жіберіп, диқан қауымының еткен еңбегін еселеп қайтаруына өзіндік сүбелі үлес қосқан мұраптардың еңбегі ерек. Аймақтың агросаласында айтулы табысқа жетіп, көзге түсіп, диқандықтан депутаттыққа, еңбек еріне, халық қалаулысына айналған талай-талай атпал азаматтардың бағының жанып, бабының келісуіне де осынау су шаруашылығы амандарының қосқан үлесі ерекше. Бүгінгі таңда кәсібін осынау астықтан, егіннен,диқаншылықтан тамыр тартқызып, ісін алға оздырып, «басына бақ, астына тақ» мінгізіп, шаршы топта маңдайы жарқырап жүрген жандардың да бағының жануына әуелі Алла одан кейін әрине жер ананы, су ананың сосын барып мұраптардың септігі тиіп жатқаны ақиқат. Бірді айтып, екіге кеткен болмалық.

Шежірелі тарихы бар «Шиелісушар» мекемесінде 1939-1950 жылдар аралығында А.С.Төлтаев, Г.Т.Дүйсебаев, 1950-1955 жылы С.Сарсенбаев, 1956-1958 жылы Ш.Бәкіров, 1958-1970 жылдары А.Бекенов, 1970-1998 жылдар аралығында П.Егенов, 1998-2021 жылдары Ә.Мақұлбеков басшылық қызмет атқарса, 2021 жылдан бастап осы күнге дейін Д.Әубәкіров «Шиелі сушар» мекемесінің тізгінін ұстап келеді.

Ауданның су шаруашылығының жақсаруына, ісінің айтарлықтай алға озуына, саланың дамуына өзіндік үлесін қосып, жемісті қызмет атқарған Мұхамедияр Сейтов, Г.Кан, Т.Апбасов сынды ағалардың еселі еңбектерін қалың ел ұмытпайды. Аталған азаматтар мұқым жастық ғұмырын, бүкіл қажыр-қайратын аталған салаға сарп еткенін Сыр диқандары ешқашан жадынан жоймақ емес. Кешегі кеңес кезінен ақ, күш-қайратын, асыл мұратын мұраптықпен байланыстырған, су саласымен сабақтастырған оларды халық қолдап, өкімет мақұлдап «Қазақ ССР-нің еңбегі сіңген гидротехнигі» атағын бергенін білеміз. Сол кісілердің жолын қуып, ізін басқан бүгінгі мекеменің табысты жұмысының тағы бір сыры ондағы жұмыс істейтін мамандардың біліктілігінде. Алдыңғы буынмен кейінгі толқынның сабақтастығында жатыр.

Себебі «Шиелісушар» өндірістік учаскесінде білікті гидротехник, ардагер Әлияр Сейітов, аға-инженер, гидротехнигі Сейітқасым Сейтенов, механика Жарқынбек Сейітжанов, Нұрғали Мырзабеков, Забира Рахметова, Гүлнәр Алсүгірова, Сәйділда Усманов, Мұхамеджан Піржанов сынды азаматтар өздерінен кейінгі буынға ақыл-кеңестерін айтып, тәжірибелерімен бөлісуден жаңылған һәм жалыққан емес. 

Аты аталған азаматтар мекемеде 43 жылға жуық уақыт жеңісті де, жемісті жұмыс істеп келеді. Тағы айта кетерлігі су шаруашылығында қажырлы еңбегімен және біліктілігінің арқасында «Шиелі сушар» өндірістік бөлімшесінің аға-инженер, гидротехнигі Сейітқасым Сейтенов су шаруашылығы саласына қосқан еңбегі үшін 85 жылдық қарсаңында «Ерен еңбек иесі, құрметті азаматы» төсбелгісімен марапатталды. Бұл марапаттың өзі сайыпқыран су мамандарының қажырлы еңбегі десек те болады. 

85 жылдық айтулы дата. Торқалы тойдың қарсаңында бізде аудандағы іргелі «Шиелісушар» өндірістік учаскесіне арнайы бас бұрып, атқарып жатқан жұмысымен танысу үшін мекеме басшысы Дихан Әубәкіровті әңгімеге тартқан едік.

Бас мұраппен әңгіме-сұхбат құра отырып саланың ахуалы бойынша түйгеніміз түйедей болса да түсіндіре алмағымыз түймедей болмасын деген ниетпен жазбамызды жалпақ тілмен жеткізбекке бекіндік.

Осыдан 4 жыл бұрын яғни, 2019 жылдың 9 шілде елімізде су шаруашылығы қызметкерлері күні болып бекітілген болатын. Бұл мейрам сала мамандары үшін ғана емес, қара жерден нәпақасын тауып отырған әрбір жан үшін маңызы зор. Өйткені, диқан қауымы мен қарапайым шаруаның судан тапшылық көрмей, күзде мол өнім алуы үшін «Шиелі сушар» мекемесінің жұмысы да табысты болуы қажет. Адамзат пен табиғат үйлесімінде тірішілік қызметін реттеп отырған сала қызметкерлерінің еңбегі қашан да ерен. Ел аумағында құрғақшылық алқымнан алған тұста арнасы кепкен көлдер мен табанынан шаң бұрқыраған атыздарға Сырдың суын үнеммен үлестіріп, жер ана бұлағын байыпты болжаммен бағыттаған берекелі істерін халық біледі.

Жылдың төрт мезгілінде дамыл таппай, су бөліп беру шаруасын ұқыптылықпен атқаратын гидротехник мамандары біздің өңірде де тапшы. Дегенмен, жауапкершілік жүгін, артылған сенім үдесін биік қоятын сала майталмандары әр кезде де өз ісіне ұқыпты. Сондықтан да олар мәртебе мінберінде болуы тиіс. Бұл салада кәсібіне деген құрметті ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан сала ардагерлері мен мамандардың еңбегін ел біледі. 

Бүгінде мекемеде 83 қызметкер, оның ішінде – 51 су реттеуші маман жұмыс істейді. Ал қазіргі уақытта осы мекеменің отымен кіріп, күлімен шығып жүрген жанашыр азамат, аудандық мәслихат депутаты Дихан Әубәкіров 1985 жылдан бастап мекемеде құдық шебері, инженер-гидрометр, бас инженер, учаске басшысының орынбасары қызметтерін атқарған. Қызметтің түрлі сатысында шыңдалып, адал еңбегінің арқасында басшылық қызметті абыроймен атқарып келеді. 

Су тапшы болмауы қажет

Жасыратыны жоқ, бірнеше жылдан бері Сырдария өзенінің суы тартылып, шаруалар тарапында қиындылықтар орын алуда. Соңғы 30 жылда осы трансшекаралық су мәселелерін реттеуде ортақ нақты келісімнің болмауы тек агроөндіріс сипатындағы ғана емес, экологиялық мәселеге алып келе жатыр. Сондықтан мемлекетаралық қатынаста су саяси ресурсқа айналмауы қажет. Оның бір мысалы – Арал теңізі. Сондай-ақ, егін алқаптарының аумақтары ұлғаюда. Мұның барлығы түптеп келгенде суды үнемдеудің өзектілігіне алып келіп отыр.

Иә, жайылымдық егістікке реттілігімен суды таратып беруде оңай шаруа емес. «Өгіз өлмейтіннің, арба сынбайтынның» жолын тауып отырған Шиелі сушар мекемесінің басшысы Дихан Әубәкіровтың тәжірибелі ¬саясатымен, өз ісінің майталман маманы болғандықтан су тапшылығының салдары шаруалар тарапына айтарлықтай білінбей отқанын да тілге тиек ете өткеніміз жөн. Биылғы жылы сағадан Шиелі ауданына 699,70 млн текше метр су бөлінген. Оның ішінде: егістікке – 579,70 млн текше метр, экологиялық қажеттілікке 120 млн текше метр су жұмсалған. Су жеткізіп беру үшін жыл басында 136 шаруашылықпен келісім-шартқа отырған. Аталған шаруашылықтардың еккен егіс көлемі – 17046 гектар. Оның ішінде негізгі күріш дақылы – 13000 гектарды құраса, бидай – 615 гектар, мал азығындағы дақылдар – 3120 гектар, бақша дақылдары – 636 гектар, басқа дақылдар – 31 гектарға орналастырылған. Осы аталған дақылдарды суғаруға  жоспар бойынша 579,7 млн текше метр су қажет етеді. Ал, қазіргі уақытта су бөлу бөгетінен су пайдаланушыларға 463,01 млн текше метр су жеткізілген. Жалпы өндірістік учаске есебінде Жаңа Шиелі, Ботабай, Жаңа Сұлутөбе, Қамысты-қақ, Көксу суландыру жүйелері жұмыс істейді. Сонымен бірге магистралды және шаруашылықаралық жалпы ұзындығы – 292,8 шақырымды құрайтын 14 канал, 262,2 шақырым болатын 6 қашыртқы, 81 шақырым қорғаныс дамбылары, 38 дана су құрылыстары, 77 дана су өлшегіш посттар бар. Қазіргі уақытта жалпы Шиелі ауданы бойынша  36 мың 800 гектар инженерлік жобаға келтірілген егіс алқабы бар болса, оның 23 мың 300 гектары ауыспалы күріш егістігіне жатады.

Атқарылған жұмыс аз емес

Соңғы бір-екі жылдың бедерінде мекеменің өз күшімен «02» каналының 3,8 шақырымы, «R-7» каналының 20 шақырымы тазартылған. Ал республикалық бюджет есебінен «Жаңа Сұлутөбе» каналының 27 шақырымы, «L-6» каналының 12, «01» каналының 10, «R-8» каналының 14,6, «R-10» каналының 8, «Жаңа Бестам» каналының 10 шақырымы қазылған. Сонымен бірге, ауданда су тапшылығын алдын алу мақсатында 22 каналды механикалық тазалау, 41 ұңғыманы жөндеу және бұрғылауға сорғы қондырғыларын сатып алу жұмыстарын жүргізуге үкімет резервінен 3,6 млрд теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылған. Қабылданған шаралардың арқасында жалпы вегетациялық кезең шығынсыз аяқталған. Қазіргі таңда аудан көлеміндегі егіс алқаптарына  53 насос қондырғылары орнатылған. Оның 10 данасы  республикалық бюджеттен алынса, 10 данасы жергілікті әкімшілік есебінен алынған. Ал, қалған 33 насос қондырғылары шаруашылықтардың өз есебінен алынып отыр. 

«Шиелі сушар» мекемесі тарапынан көркейту-көгалдандыру бағытында түрлі жұмыстар атқарылуда. Белгіленген учаскілерде, су реттеу бекеттерінде алма, өрік, шие тағы басқа ағаштары жайқалып, мол өнім беруде. Бақшаға қажетті күтім мекеме қызметкерлері тарапынан жыл ¬сайын жүргізіліп отырады. Баулы бақшаға айналдырған су саласы қызметкерлерінің бұл еңбегін тілге тиек етуіміздің де өз себебі бар. Өйткені, ауласына аяқ су келіп тұрса да, бейқам жата беретін жандардың қатары көп. Мекеменің бұл игілікті ісі көпке үлгі болса нұр үстіне нұр болар еді. Қазіргі уақытта кент, ауылдық округ әкімдері  «Шиелі сушар» мекемесімен әлі келісім-шарт жасамаған. Аяқ суды көп тұтынатын кент және Бала би ауылдық округі. Аяқ су кент, ауылдық округтерге тегін берілуде, келер жылдан бастап ауылдарға бөлінетін су ақылы түрде жүргізілмек. Сонымен бірге электорлы насос қондырғыларын орнату бойынша Төңкеріс, Бидайкөл ауылдық округтерінде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылы 2 насос қондырғысы орнатылса, соның өзі су тапшылығын азайтуға көп көмек болмақ. Тағы айта кетерлігі, күз айында «Жаңа Шиелі» магистралды каналының 20 шақырымын қазу жұмыстары жүргізілетін болады. 
Мекеме басшысының сөзінше, қазіргі таңда мұрап болуға көп жастар қызығып, мойын бұрып қарай бермейді. Себебі күннің ыстығы мен суығңында дала қосында, атыз басында арық-канал жағалап, күйіп, тоңып, шаң жұтып, батпақ кешіп жүруге жастардың батылы бара бермейді. Осылайша салаға деген жастар қызығушылығының болмауы, кейінгі толқынның алдыңғы буын ағалардың ізін басуға қызығушылық танытпауы көңіл алаңдатарлық мәселеге айналып отыр. Шыны керек, кейінгі жастар ауырдың үсті, жеңілдің асытмен нәпақа тапқысы келетінін кімнен жасырамыз. Сөз басында «Елдің ағасы емес, судың сағасы бол!» дегенді жастарға насихаттау, саланың беделін арттыру, жастарға мұрап болуды, мұрат етуге ынталандыру бағытында кешенді өңірлік немесе мемлекеттік бір бағдарлама керек-ақ екені жыл өткен сайын өз маңызын дәлелдеп келе жатыр.

Тағы да оқыңыз: