Kyzylorda-news.kz. Қазақта «Судың да сұрауы бар» деген тәмсіл бар. Бұл сөз тектен-текке айтылмағаны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел экономикасының тұрақты дамуына су тапшылығы салдары кедергі болып тұрғанын алға тартып, суды үнемді пайдалануға баса назар аудару қажет екенін айтқан болатын.
Жалпы Сыр өңірінде бірнеше жылдан бері су тапшылығы сезілуде. Осы ретте, су тапшылығын алдын алу мақсатында аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы «Шиелісушар» өндірістік бөлімшесінің басшысы Дихан Әубәкіровпен бірге «Төңкеріс К» шаруа қожалығының төрағасы Бауыржан Көпеевпен кездесті.
Кездесуде аудан басшысы шаруашылықтың өз қаражаты есебінен орнатылған электрлі насос қондырғыларын көріп:
«Насос құрылғысын орнатуға кеткен шығындар «Шиелісушар» өндірістік бөлімшесінің есебінен өтеледі. Сонымен бірге бұл жұмыстарға тек ірі шаруа қожалықтары ғана емес, шағын шаруа қожалықтары да белсенді түрде атсалысу керек», – деді Бауыржан Көпеев.
«Ауданда 16 насос қондырғысы «Шиелісушар» өндірістік бөлімшесінің учаскесі есебінде келген.. Оның 12 данасы электрлі насос қондырғысы, ал 4 дана дизельді насос қондырғылары болып есептеледі. Қазіргі уақытта насос қондырғылары орнатылып, қалыпты деңгейде жұмыс істеп тұр. 12 электрлі насос қондырғысының 6 данасы орнатылып, іске қосылды. Атап айтар болсақ, 3 данасы К-2 қашытқысынан бері 10 шаруа қожалық каналдары аралығына қосылды. Қалған 3 данасы К-1 қашыртқысынан R-12 каналына жаңа «Бестам» шаруа аралық каналына қосылып, жұмыс істеуге дайын. Қалған 6 дана насос қондырғылары алдағы уақытта кезең-кезеңімен қосылатын болады. Мұның барлығы су тапшылығын болдырмау мақсатында жүргізіліп жатқан ілкімді істер. Аталған насос қондырғыларының бір парасы қазіргі уақытта Тұран және Нартай Бекежанов ауылдық округтерінде құрылып, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Негізгі жоспар бойынша Иіркөл, Еңбекші, Жиделіарық ауылдық округіне 3 дана насос қондырғылары берілді. Ал, Тұран, Байсын, Қарғалы ауылдық округтері бойынша 3 трансформатор орнатылды. Насос қондырғылары арқылы егістікке орташа есеппен сағатына 4-5 мың текше метр су жіберіліп жатыр, – дейді «Шиелісушар» өндірістік учаскесі су пайдалану бөлімінің басшысы Асылбек Абубакиров.
Олай болса, қолда бар алтынның қадірін біліп, әрбір тамшы суға жанашырлықпен қарап, оны үнемдеп жұмсауға бейімделетін уақыт жетті. Дана халқымыз судың қадірін ұғынып, мейлінше оны ысырап етпеуді, дұрыс пайдалануды үйретіп, «Су – тіршілік нәрі», «Бұлақ көрсең көзін аш» деген өнегелі сөздері тектен-текке айтылмаған. Сондықтан суды үнемдеп, оны тиімді пайдалану бүгінгі күннің басты мәселесі.