Kyzylorda-news.kz. Әлемде сан қилы мамандық бар екені бәрімізге белгілі. Сәйкесінше олардың өзіне тән қиындығы мен қызығы да кездесіп жатады. Сондай бұлтарысы мен қалтарысы көп, маңызды әрі мазасыз саланың бірі – сот.
Бір ауыз сөзбен айту әрине, оңай. Алайда ғимараттың ішінде қандай жауапты істер жасалып, шешімдер қабылданып жатқаны өздеріне ғана аян. Сырттан бақылап отырған қараша халық сот саласының қызу жұмысын түсінбеуі мүмкін. Бірақ қара қылды қақ жарып, туралықтан таймай, өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай шешім шығару әсте оңай емес. Әрине, ұлылық пен тазалыққа ұмтылу біздің бағзы заманнан бері қанымызға сіңген қасиет. Соның бір дәлелі – төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен талай құрылтайлар. Иә, бұрынғы жылдары соттың орнына билер шешім қабылдап, түйткілді мәселенің түйінін тарқатқанын білеміз. Құрылтай басында нағыз әділ билеріміз ұрпақ келешегі үшін маңызды шешімдер қабылдаған. Ең ірі құрылтай – үш жүздің басын қосқан алқалы тарихи жиын Орбасында өткені белгілі. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Н.Назарбаев кешегі Төле, Қазыбек, Әйтеке бидің рухына арнап жиын өткізген болатын. Президенттің Ордабасындағы отырысынан кейін сот саласындағылар ұлылардың ұстанған бағытын, олардың даналық ойларын кітапқа түсіріп, сот залдарына іліп, ежелгі дала заңы мен қазіргі заман заңын үйлестіруді дәстүрге айналдырған еді. Осының барлығы бабалар салған әділдіктің даңғыл жолынан айнымауға, судьяларға көрсеткен тәрбиелік ұғымы бар әрекет деп түсінсек айып болмас. Ежелгі заманды билер кеңесінсіз елестете алмайтынымыз секілді, қазіргі дәуірді де сотсыз елестету мүмкін емес. Өйткені «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды». Ел арасындағы тентекті тізгіндеп, бұзақыны бұғаулап, қарақшы құрықтап, жауызды жөнге салатын да осы – сот қызметкерлері. Сол себепті газетіміздің осы санын судья және сот қызметкерлеріне арнағанды жөн санадық.
Тарихтан тағылым
Топырағы талай талантты тудырған Шиелінің киелі, әулиелі жер екені жұртқа мәлім. Оның үстінде осы ауданда өзге ұлт өкілдері көп шоғырланғанын да тарихтан білеміз. Халық көп орналасқан өңірде тыныштық пен татулықты сақтап қалу да оңай емес. Ертеректе осы ауданда елдің дауын қызыл тілдің шешені Досбол датқа, Бала би секілді сөздің киесін түсінетін ер-азаматтар шешіп отырған. Әрине, олардың барлығы дала заңымен шешім қабылдап, ел арасында тұрақтылықты қалыптастырды. Осыған сүйеніп, біз Шиелі аудандық сотының тарихын сонау аудан құрылған жылмен байланыстырсақ болады. Өйткені сол жылдары ауданда «халық соты» ұғымы пайда болып, барлығы заң шеңберінде шешілген. Атап айтар болсақ, 1929-1932 жылдары Шиелі ауданында ел арасында «Төлек сот» атанып кеткен Төлек Есенкелдіқызы халық соты қызметін атқарған. Ол мемлекет мүддесін қорғаумен қатар жеке адамның да құқығын сақтауда айтарлықтай қызмет атқарып, шешім шығарғанда турасын айтып, әділдікке қол жеткізген. Ол кісіден кейін заң мүддесін қорғайтын сот саласындағылардың қатары көбейіп, аталған салаға адамдардың қызығушылығы да арта бастады. Мәселен, 1933-1935 жылдары А.Палмухамедов, 1947-1951 жылдары А.Балымбетов, 1942 жылы Ы.Өтепбергенов, 1958-1962 жылдары Т.Ахатов және басқа да біртума азаматтар аудан абыройы үшін аянып қалмаған. Шиелі аудандық сотында қызмет етіп, еселі еңбегінің нәтижесін көрген тек бұл мамандар ғана емес, сондай-ақ М.Ақпанбетов, Ш.Өміртаев, Ж.Аяпбергенов, С.Қанафиянов, Ө.Жарықбаев, Т.Оспанов сынды азаматтар аудандық сот саласына басшылық жасаса, З.Жаңбыршаева, К.Сұлтанов сот төрағалары болған. 1986-1991 жылдары Мерғали Ыбыраев, сондай-ақ 1991-1996 жылдары Әбдікәрім Елібаев сот саласына төрағалық еткен. 1996-2007 жылдары Т.Баймағамбет төрағалық етті. Сол секілді аудандық сотта ұзақ мерзім судья болған С.Тасыбаева және А.Сайдуллаевтың еңбегін айтпай кетуге болмайды. Оның алғашқысы 1985-2002 жылдары аудандық сотта еселі еңбек етсе, екіншісі өз өмірін осы салаға арнаған жан.
Тарихы тереңге тартқан мекеме талай жас маманның қанатын қатайтып, алдыңа түрлі тағдыр келгенде тосын әрекетін тосырқамай қабылдауды үйретіп, мамандық майталманы қылып шығарады. Осылай бірнеше қызмет сатысынан өтіп, төрағалық деңгейге дейін көтерілгендер де аз емес. Олардың қатарында 2007-2011 жылы Шиелі аудандық сотының төрағасы болған С.Сүлейменді, 2011-2012 жылдары сот тізгінін алған Ғ.Алмаханды, 2012-2017 жылдары төрағалық еткен М.Еркінбековті, 2017-2021 жылдары сотты басқарған М.Күздеубаевты айта аламыз. Әр төрағаның уақытында әралуан өзгеріс орын алып, әртүрлі тағдырлар шешілді. Мысалы, Сағатбек Сүлейменнің кезінде, яғни 2008 жылы аудандық сот жаңа ғимаратқа қоныс аударды. Жаңа сот ғимаратының қазіргі заманауи үлгімен салынып, соңғы үлгідегі технологиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілгенін, соны¬мен қатар жиһаздардың да заманға сай әрі ыңғайлылығын айтқан артық болмас. Аудандық сотта электрондық құжат айна¬лымы толық жолға қойылуы – жұмыс¬тың жеделдігін арттыра түсті. Осы¬ның арқасында сотта бір терезе тәртібі енгі¬зіліп, құжаттар мен істер жүйе бойынша, рет-ретімен орналастырылып, бір қалыпқа енді. Сондай-ақ сот саласындағы сардарлар тек мемлекеттік қызметті ғана атқарып қоймай, қоғамдық жұмыстарға да белсене аралас¬ты. Әсіресе, 2008 жылдан бастап адам құқығы мен бостандығын қамтамасыз ететін қызметкерлер жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирлерден бой көрсете бастады. Қазіргі таңда аудандық сот ғимаратының ішінен мұражай ашылып, онда осы өңірдің өрлеу тарихы туралы және сот саласына еңбек сіңірген беделді азаматтардың есім-сойы көрсетілген. Тарихты білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр. Демек сот ішінен мұражай ашылып, сот саласындағы сайыпқырандардың есімін ұлықтау кейінгі ұрпаққа – өшпес өнеге.
Тұғыры биік төраға
Әңгімеміздің әлқиссасында тарихқа көз жүгіртіп, осы уақытқа дейін аудандық сотқа төраға болған қызметкерлерді атап өттік. Енді бүгінгі күні Шиелі өңірінің сотын басқарып отырған төрағаға жеке тоқталып кетпесек болмас. 1989 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген Нұржан Бекетаев аудандық сот төрағасы лауазымына 2021 жылы тағайындалған. Білім мен біліктілігін қатар алып жүрген төрағаның заң саласында оқып, көңілге тоқығаны аз емес. Нақтырақ айтар болсақ, ол 2005-2008 жылдары «Қызылорда гуманитарлық заң колледжін», 2008-2012 жылдары «Қазақ гуманитарлық заң университетін», 2012-2014 жылдары «Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академия¬сы» сот төрелігі институтын тәмамдаған. Әрине, оқуды аяқтап, жұмысқа орналаса сала үлкен дауларға нүкте қойды деуден аулақпыз. Бірақ оқу орнын аяқтаған Н.Нұрадинұлы тынбай ізденіп, ізденістің ізінде жүріп, Байқоңыр қалалық сотының жетекші маманы, Қызылорда облысы әкімшілік сотының сот приставы, Қызылорда облыстық соты кеңесінің сот приставы, Арал аудандық сотының судьясы қызметтерін атқарған. Еселі еңбегінің нәтижесінде көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп, қазіргі кезде аудандық соттың төрағасы болып отыр.
Иә, мамандық та майдан. Қалам ұстаған біздікі – қарусыз майдан болса, сот саласындағылардікі кәдімгі – қоғам майданы. Алдыңа түрлі тағдырлар келгенде, екі жақта зардап көрмейтіндей шешім қабылдау керек. Қабылдарын қабылдарсың-ау, шешім шығарар тұста шындықты шегелемесең – ар алдында сын. Оған қоса, мамандығына деген құрметсіздік болар. Осындай салмақты салада басшылық ету жүгі ауыр қызмет. Алайда көпке сыйлы болып, әділдік пен татулыққа ұмтылуы Нұржан Бекетаевтың мамандық майталманы екенін айғақтайды.
Үш бидің ізімен
Сот жүйесі – адамның құқықтары мен бостандықтарының сақталуының, қоғамдағы тұрақтылық пен дамудың қамтамасыз етілуінің кепілі. Ал судьялар сот жүйесіндегі негізгі тұлға болып табылады. Елімізде судьялыққа үміткерлер барынша қатаң, бірнеше сатылы іріктеуден өтеді. Оларға қойылатын талап та жоғары. Қаз дауысты Қазыбек би 13 жасынан бастап дауға араласып, дұрыс шешім шығара білгені бәрімізге мәлім. Ежелгінің билерін қазіргі судьялар деп танимыз. Себебі екеуінің де – мақсаты бір. Екеуі де әділдік пен татулықты ту етеді. Судьяның да негізгі мақсаты – жәбірленушінің жоғын тауып, өшкенін жандыруға үлес қосу. Осындай межелі мақсатты алға тартып, үш бидің ізімен жүйелі жұмыс істеп келе жатқан ауданда үш судья бар. Олар Жақсыгүл Тиышбекқызы, Айдос Жолдыбаев және Абдуллажан Сайдуллаев. Қазақ қауымында әділеттің жақтаушысы, ақиқат-шындықтың қорғаушысы бола білген үш үздік ауданда талай мәселенің түйінін тарқатқан. Әрине, көптің көңілінен шығу – оңай дүние емес. Бірақ әрқайсысы сындарлы сәтте сынып қалмауға тырысып, заң шеңберінде шешім қабылдап, ар мен әділдікті қатар ұстап келеді.
Сырт көзге судья болу оңай көрінгенімен, жауапкершілігі өте жоғары. Себебі әрбір шығарған үкім, шешімнің арғы жағында адам тағдыры тұрады. Сотқа шындық іздеп жүгінген жандар шығарылған шешімге көңілі толса – үлкен қуаныш. Осы орайда судьялыққа талаптың қатаюы да құптарлық. Себебі ар мен заңды қатар алып жүру – қиын іс. Осындайда судьяға көмекке келетін – заң және ереже.
Көріп отырғанымыздай, аудандық сотта алға қарай жылжу бар. Білікті мамандарынан бөлек, жаңа заманға сай жылдам әрі сапалы жұмыс істеуі де ілгері қадам басуды көрсетеді. Сот жүйесінің алдағы уақытта да ел игілігі үшін, қоғамдағы әділеттің үстемдік құруы үшін атқаратын міндеттері орасан. Ел судьяларының бұл міндеттерді де абыроймен атқаруға білім-білігі жететініне еш күмән жоқ.
