Kyzylorda-news.kz. Шілденің ашық та құрғақ күндері мал азығын әзірлеуге аса қолайлы. «Қыстың қамын жаз ойла» деген тәмсілді берік ұстанған аудан шаруалары шілденің ортасында шабындыққа шалғы түсіріп, шөп шабу науқанын қызу жүргізуде.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметінше, биыл 92 754 бас ірі қара, 148 013 бас қой мен ешкі, 25 768 бас жылқы, 1705 бас түйе тіркелген. Енді осынша төрт-түлікті алдағы қыс маусымынан қиналмай шығару үшін осы жылы 8978 гектар жерге мал азықтық жоңышқа, 73 гектарға жемдік жүгері, 195 гектарға мал жемдік асқабақ орналастырылған. Биыл мал басына қажетті азық қорын жасақтау мақсатында 36 400 тонна жем, 158 400 тонна шөп пен 32 700 тонна сабан жинау жоспарлануда. Оған биыл шөп өнімі мүмкіндік беріп тұр. Тек уақытты тиімді пайдаланса болғаны.

Бүгінде 5138 гектар ескі жоңышқаның бірінші орымы ақталып, 18 497 тонна жоңышқа шөбі өндірілген. Қазірдің өзінде ауданда жоңышқаның бір данасы – 700-800 теңге аралығында сатылып жатыр.

– Шөп шабу науқанының бірінші орымы ауданда 15 маусымнан басталған. Мал шаруашылығымен айналысатын 379 шаруа қожалық бар. Өткен жылы қысқы мал азықтық қорына 31 500 тонна сабан, 34 100 тонна жем, 149 700 тонна шөп, оның ішінде 87 400 тонна табиғи шөп, 62 300 тонна жоңышқа шөбі дайындалды. Қазіргі таңда шаруашылықтар жем-шөп қорларын жинақтау мақсатында тынымсыз тірлік істеуде. Шілдеден басталған екінші орымда қызу жүріп жатыр, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков.

Ауданда алғашқылардың бірі болып Бестам ауылындағы Балтабай Қошқаровтың «Бестам Елі» шаруа қожалығының еңбеккерлері шабындыққа орақ салды. Құрылғанына 10 жыл толған қожалықта қырық қызметкер еңбек етеді. Өткен жылы аталған шаруа қожалығы 50 гектарға – жаздық бидай, 50 гектарға – жаңа жоңышқа, 170 гектарға – ескі жоңышқа, 30 гектар жерге – мақсары, 250 гектарға – «лидер» тұқымын сеуіп, 60 гектар жерге – бақша өнімдерін еккен. Ал биылғы жоспарға сәйкес күрішті – 300 гектарға, мақсарыны – 30 гектарға, жаздық бидайды – 30 гектарға, ескі жоңышқаны – 170 гектарға, бақша өнімдерін – 50 гектарға еккен.

«Бестем Елінің» жылдағы жоспары ¬бойынша жоңышқа 3 рет орылады. Сонымен қатар меже бойынша 170 үлескер отбасыға егістік алқабын дайындап, күріш, жоңышқа шөбі шаруа қожалық есебінен тегін таратылады. Одан бөлек дала төсінде еңбек етіп жүрген жұмысшылар жатын орын, ыстық тамақпен толықтай қамтамасыз етілген. Жұмысшылардың айлық жалақысына келер болсақ, қай-қайсысы болмасын 100 мыңнан кем алмайды.

– Қазір жұмыс істеймін деген білікті мамандарға қай салада болсын сұраныс көп. Бізде техникаға жақын, іскер, білімді жастарды жұмысқа тартып, оларға әлеуметтік көмек көрсету жолдары да қарастырылған. Қазір сенделіп жүрген жас¬тар көп. Оқуын оқып, қолына дипломын алады да, түнгі көшені кезіп, таң атқаннан кеш батқанға дейін ұйықтайды. Солай жүгенсіз жүрген бірнеше баланы жұмысқа шақырып едім, бәрі ат тонын ала қашты. «Жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүретін» жастарға қарап қайран қаласың. Бір нәрсені үйренейін, келешек нәпақамды маңдай термен табайын демейді. Бәрінің аңдығаны, ойлағаны – оңай олжа, қызық, думан. Киелі мекеннен шыққан екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаев атамыз да табысқа осы Жер-Ананы ему арқылы, ерен еңбектің арқасында қол жеткізді. Сондықтан қазіргі жастарға айтарым, ауыр жұмыстан қашпай, шаруашылықта атқарылатын жұмыстарды үйрене бергені абзал. Алдағы уақытта жеке шаруа ашса да өзіне пайда, жұмыс істесе де өзіне пайда, – деді Балтабай Қошқаров.

Бұл шаруа қожалықта тәжірибелі мамандар еңбек етеді. Майталман механизаторлар Е.Бабыр, С.Арысбаев, С.Жарасбаев, Б.Қожаев, Ә.Байжанов, Р.Саханов, Ә.Досманов сынды азаматтар мәртебелі мамандықты меңгергенін өлшеусіз еңбектерімен дәлелдесе, аталған қожалықтағы белді күрішшілер сапындағы Сейітбек Жарылқасынов, Нұртуған Ортаев, Ағыбай Досмановтар табанды еңбек етуде. Сонымен қатар егістікке қажетті Беларусь МТЗ-80, МТЗ-1221, К-700, «MacDon» сияқты алып техникалар жүйелі жұмыс істеуде. Сондай-ақ бұл күнде шаруа қожалықтың қызметкерлері жұмыстың қиындығына қарамастан, сөзге беріктік пен еңбекке ептіліктің арқасында шаруашылықтың берекесін арттырып отыр.

Берекесі артқан «Бестам Елінің» қысқа дайындығы қарқынды жүріп жатыр. Енді тек мол етіп мал азығын қамдау үшін, аудан шаруаларының көсіліп еңбектенуі үшін ауа райы мұрсат берсе болғаны. Себебі жаздың әрбір ашық күні – қыстың бірнеше күніне кепіл болмақ.

Тағы да оқыңыз: