Kyzylorda-news.kz. Қазақта ақыл-парасатымен, тапқырлығы және тәрбиесімен, дуалы сөзі, дара мінезімен әлі күнге дейін ел жадында жатталған қыз-келіншектер аз емес. Сонау сақ дәуіріне көз жүгіртсек, қазақ әйелдерінің ақылымен ел билегені ғана емес, айбатымен жауға шапқанын да аңғарамыз.
Ал олардың ұрпақ тәрбиелеп, бүтіндей бір әулеттің бейнесін қалыптастыруда алар орны орасан. Иә, қазіргі қоғамда «Ер – түздікі, әйел – үйдікі» деп бір жақты пікір айтып отыра алмаймыз. Себебі бүгінгі әйел бейнесі – іскер, басшы, қызметкер сынды лауазыммен толыққан. Олар бала тәрбиелеп қана қоймай, кәсіп ашып, оны дамытуға, қызметте биік белесті бағындыруға қабілетті. Бүгінде бұрымдылардың қай бағытта, қай салада болсын талай асу алып, биік белесті бағындыруға білімі мен білігі жеткілікті. Демек, әйелдердің қазіргі қоғамда өзіндік атқарар рөлі бар. Бұл сөзімізге бүгінгі мақала кейіпкері, сақтық саласындағы сырғалым Назым Айдосқызы дәлел.
Иә, құқық қорғау саласы десе, ойымызға ең бірінші ер-азамат елестейтіні жасырын емес. Көп әкелердің қаракөз қыздарын осы салаға қимай, басқа мамандыққа оқуға түсіретінін де барлығымыз білеміз. Сол себепті полиция болып, қауіпті оқиғалармен бетпе-бет келіп, қылмыскермен алысып жүрген қыздарды сақтық саласының майталмандары десек артық емес. Олар бір жағынан қоғамдық тәртіпті сақтау үшін ер-азаматтармен тең дәрежеде қызмет етсе, екінші жағынан бойжеткендердің кез келген салада икемді бола алатынын дәлелдеуде. Мәселен, Н.Айдосқызын формасыз көрген адам полиция қызметкері деп айтпауы мүмкін. Қанша дегенмен бойжеткеннің бойында нәзіктік пен ұяңдық болады емес пе? Бірақ қызметке оралғанда тәртіп пен талап өз дегенін істейді. Назым да өзгелер сияқты «Ішкі істер саласы ер-азаматтарға ғана тән» деп ойламайды. Керісінше білекті жігіттермен бірге иық тірестіріп, заңның тұтастығын күзетіп жүр.
«Әкемнен алған қайсарлық пен анамнан алған шыншылдықты бойыма сіңіріп бала кезімнен осы полиция қызметкері боламын деп мақсат қойдым. Физикалық тұрғыда өзімді шыңдап, бірнеше спорт түрімен айналысып, әлде де жетілдіруге ұмтыламын. Себебі полиция саласы біліммен қатар спортты серік ететін жұмыс болып табылады», – дейді сақтық саласындағы сырғалым.
Назым 2018 жылы №45 «Ақ Орда» мектеп-гимназиясын бітіріп, Ақтөбе қаласындағы М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтына оқуға түсіп, курсанттық өмірмен танысып, 2022 жылдың мамыр айында дипломымен қоса лейтенант шенін алып, ауданға қызмет етуге келеді. Жұмыс барысынан бөлек таэквондо, қоян-қолтық ұрыс, әмбебап жекпе-жек, панкратион сынды спорт түрлерінен жарысқа қатысып, жүлделі орынмен оралған. Темірдей төзім мен болаттай беріктікті қажет ететін қызметтен қол босағанда сақшы қыз шығармашылықпен айналысып, гитарамен ән шырқап, жан дүниесін байытуға да жұмыс істейді екен. Осыдан-ақ қауіппен қатар келетін мамандықты таңдаған қыздың бойында адамгершілік пен адалдық, мейірбандық пен жан-жақты қабілеттілік бар екенін аңғаруға болады.