Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбековтың тапсырмасына сәйкес, жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында түнгі рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Рейдтік іс-шараға аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Досым Абуов, қоғамдық даму бөлімінің басшысы Кенжехан Есенбаев, білім бөлімінің мамандары мен полиция қызметкерлері қатысты.
Рейд барысында компьютерлік ойын-сауық орындары, қоғамдық орындар, спорт алаңдары мен аудан көшелері тексерілді. Кәмелетке толмаған жасөспірімдерге түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүруге қатысты заң талаптары түсіндірілді.
Сонымен қатар, мас күйінде көлік басқару деректерін анықтау және қоғамдық орындардағы тәртіпті бақылау жұмыстарына ерекше назар аударылды.
Полиция қызметкерлері тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында тәулік бойы қызмет атқарып, келіп түскен шақыртуларға жедел әрекет етеді. Мұндай профилактикалық шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, азаматтардың қауіпсіздігін нығайтуға және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған.
ЕСКЕРТУ!
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін ойын-сауық орындарында, ал сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін тұрғынжайдан тыс жерде болуына тыйым салынады.
Аталған талаптарды бұзған жағдайда заңнамада көзделген жауапкершілік қарастырылған.

