Kyzylorda-news.kz. Білім айдынында мектеп атты кемені 11 жыл мекен еткен түлектердің желкенін үлкен өмірге бұратын сәт сәрсәнбі күні түлектердің аттестат алуымен жалғасты. Алдыңғы мақаламызда баяндағандай 21 маусым күні аудан оқушылары  мектеп бітіргенін дәлелдейтін ресми құжатқа қол жеткізді. Осыған орай барлық білім беру ордаларында салтанатты шара өткен болатын. Сондай игілікті шара №127 Ш.Уәлиханов атындағы орта мектеп-лицейінде жалғасты. Айта кеткен жөн, бұл мектеп қабырғасында 1106 оқушы болса, оның 55-і 11 сынып бітірген оқушы, ал 84-і 9 сыныпты тәмамдады.

Аттестат табыстауға арналған шарада бітіруші түлектер арасынан А.Абдыхадыр, Қ.Аймағамбетова, К.Готовская, М.Көшербай, А.Музараб, А.Серікбай, А.Шепатько үздік аттестат иегері атанды. Ал 9 сынып оқушыларының арасынан Н.Аймағамбетова, Ә.Икрамов, Д.Данелян, С.Жарқынқызы, Е.Нұрқасым, А.Уразханға үздік аттестат табысталды. Сондай-ақ жас түлектер арасында үш оқушы «Алтын белгі» иегері. Олар мектеп абыройын асқақтатып, білім шыңына шыға білген М.Алтынсарин, М.Жиенбекова және А.Кунтупова атты бітіруші түлектер. 

Шара барысында ақжарма тілектер айтылып, тәтті естеліктер ойға оралды. Мектеп бітірушілер аттестатты алған соң бұдан кейін қоңырау олар үшін сыңғырламайтынын, мектеп партасына қайтып отырмайтынына нақты көзі жеткендей күй кешті. Ал ұстаздар қауымы он бір жыл бойы тәрбиесін шыңдаған, білімін жетілдіріп,  қанаттандырған өрендерінің өздерін ешқашан ұмытпайтынына сенімді. Өйткені бұл қайта айналып қайырыла бергің келетін, жыл сайын соңғы қоңырау соғылар күні жүрегің шымырлап, мектеп партасына жаңа отырған бала шәкірттей тебіренетін күн болып қала бермек. Жолың болсын, жас түлек!

Тағы да оқыңыз: