Kyzylorda-news.kz. Шиелі аудандық Ардагерлер үйінде кезекті қоғамдық кеңес отырысы өтті. Бұл жолғы келелі жиында күн тәртібінде тұрған бірнеше мәселе мен ауқымды тақырыптар қозғалды. Жиынға аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Қ.Бекішев төрағалық етті. Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық ветеринарлық станциясының басшысы Б.Бекқожаев, Майлытоғай ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы М.Жұмабаева, Қарғалы ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Д.Әбуов, Шиелі ауданы әкімі аппаратының қадр бөлімінің басшысы Қ.Ратова, сонымен қатар аудандық мәслихатының персоналды басқару бөлімшесінің басшысы М.Базарбаева мен бірқатар сала мамандары қатысты.

Иә, қоғамдық кеңес – қашанда кент ішіндегі және де ауылдық округтерде орын алып жатқан жағдайларды, өткір де өзекті мәселелерді шешуден шаршаған емес. Осы жолғы жиында да бірқатар түйінді мәселе талқыға түсті. Әсіресе бірнеше тұлғаның есімін көшелер мен мекемелерге беру туралы ұсыныстар қаралды. Атап айтар болсақ, Майлытоғай ауылына батыр әрі би атанған Әжібай Қарпықұлының есімін беру, сондай-ақ Майлытоғай ауылында салынып жатқан ашық спорт алаңына Марсбек Молдабаевтың есімін беру, Қарғалы ауылдық округі, Бұланбай бауы ауылының құрылыс көшесіне Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері Хани Жорабековтің есімін беру жайлы ұсыныстар сөз болды. Бұдан бөлек мал шаруашылығындағы мәселелер айтылды. Шиелі ауданының жергілікті атқарушы органдарының «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалаудың әдістемесін бекіту, сонымен бірге Шиелі аудандық мәслихатының 2023 жылғы 28 сәуірдегі «Шиелі ауданының мәслихат аппараты» мемлекеттік мекемесінің «Б» корпусы мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалаудың әдістемесін бекіту туралы да баяндама жасалды.

Кезекті отырыста ең әуелі Шиелі аудандық ветеринарлық станциясының басшысы Б.Бекқожаев сөз алып, баяндама жасады. Ол 2023 жылдың бес айында атқарылған жұмыстарға тоқталып, шаруашылық жүргізудегі тақырыптарды сөз етті. Сала басшысының айтуынша, республикалық бюджеттен бөлінген қаржыға 14 түрлі аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы ветеринариялық іс-шаралар бекітілген жоспар мен алдын ала егу жұмыстары 100 процентке орындалған. Мұнымен қоса ауыл шарушалығы жануарларын бірдейлендіру жүйесі дерекқорға толықтай енгізілген. Б.Бекқожаев баяндама барысында мал басында өсімнің бар екенін де тілге тиек етті. Аса қауіпті жұқпалы аурулардың профилактикалық іс-шарасындағы бекітілген жоспарға сәйкес, 5 айлық қорытынды бойынша арнайы вакцинациялау жұмыстары жүргізілгенін де айтты. Жүргізілген жұмыстар санитарлық талапқа сай «оң нәтиже» беріп, аурудың біршамасы жойылған. Бұдан бөлек мемлекеттік қызмет көрсету стандарты мен регламентіне сәйкес, ветеринариялық анықтамалар беру қызметі бойынша 3805 дана бірыңғай автоматтандырылған басқару жүйесі рәсімделген. Мал шаруашылығы жануарларының аса қауіпті ауруы бойынша өлім-жітімнің тіркелмегенін де баяндады. Қазіргі таңда эпизоотиялық ахуал тұрақты. Мекеме басшысы ветеринарлық жұмыстардан бөлек, мекеме қызметкерлерінің көркейту, көгалдандыру жұмыстарына да белсене атсалысатынын жасырмады. Оған қоса бір қатар қайырымдылық шараларының да жүргізіліп жатқанын айтты. Баяндамадан соң кеңес отырысына келгендер жауапты маманға көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптарын алды.

Баяндаманы мұнан әрі Майлытоғай округі әкімінің міндетін атқарушы М.Жұмабаева жалғастырды. Ол Майлытоғай ауылына батыр Әжібай Қарпықұлының, сондай-ақ ауылдық округте салынып жатқан ашық спорт алаңына ұлағатты ұстаз, арда азамат болған Марсбек Рүстемұлының есімдерін беру туралы баяндама жасап, ауыл тұрғындарының ұсынысын жеткізді. М.Жұмабаева жиында жергілікті қауымдастықтың ұсынысын отырысқа жиналғандарға ашық баяндады. Мұнымен қатар, Әжібай Қарпықұлы мен Марсбек Рүстемұлының есімдерін «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізу үшін аудандық ономастикалық комиссиясына арнайы ұсыныстың берілгенін де хабарлады. Жиынды әрі қарай Қарғалы ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Д.Әбуов жалғастырды. Қарғалы ауылынан келген басшы да отырыста Бұланбай бауы ауылының Құрылыс көшесіне Ұлы Отан Соғысының және еңбек ардагері Хани Жорабековтың есімін беру жөнінде бірқатар мәлімдеме жасап, тұрғындардың ұсыныс-тілегін жеткізді.

Тағы да оқыңыз: