Kyzylorda-news.kz Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков жауапты сала басшыларымен бірге аудан аумағында әлеуметтік осал санаттағы отбасылар үшін жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс барысын аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Қазіргі таңда аудан тұрғындарын баспанамен қамту, әсіресе әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға қолжетімді тұрғын үй ұсыну бағытында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Осы мақсатта Шиелі кентіндегі «Шұғыла» және «Бәйтерек» шағын аудандарында тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде.
Жаңа тұрғын үйлердің бой көтеруі – аудан халқын баспанамен қамту мәселесін шешуге бағытталған маңызды жобалардың бірі.
Аралау барысында аудан әкімі құрылыс жұмыстарының қазіргі қарқынына, нысандардың сапасына және белгіленген талаптардың сақталуына ерекше назар аударды. Мердігер мекеме өкілдерімен пікір алмасып, тұрғын үйлердің беріктігі мен сапасын қамтамасыз ету, құрылыс материалдарын тиісті талаптарға сай пайдалану және болашақ тұрғындар үшін қолайлы жағдай қалыптастыру қажеттігін атап өтті.
«Тұрғын үй – халықтың әл-ауқаты мен өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Сондықтан салынып жатқан әрбір баспана сапалы әрі тұрғындарға жайлы болуы тиіс. Құрылыс барысында сапаға басымдық беріп, жұмысты белгіленген мерзімде аяқтау қажет», – деді аудан әкімі.

