Kyzylorda-news.kz. Шырайлы Шиелі кенті соңғы жылдары бұрынғысынан да көркейіп, көгалданып келеді. Бірқатар маңызы бар істер атқарылып, жылдан-жылға күрмеуі шешілмеген түйіткілді мәселер де оң шешімін табуда. Жыл сайын игілікті істер атқарылып, халықтың әл-ауқаты біршама жақсарды деуге де негіз бар. Елді мекендердің ажары да айшықталып, ауылдар көркейе түсті. Жолдар мен жол тораптары жөндеуден өтті. Бұдан бөлек санитарлық тазарту, көркейту-көгалдандыру жұмыстары да өз деңгейінде атқарылып келеді. Аяқ су мәселесі де оң шешімін табуда.
Жер бетінің қайсыбір дамушы елі болмасын әуелі ауыл шаруашылығы мен оны көркейту жұмыстарына ден қойып, сол салалардың тамырына қан жүгіртуге күш салады. Өйткені бұқара халық үшін өмір сүруге қолайлы орта қалыптастырмай дамудың даңғыл жолына түсу мүмкін емес. Бұл тұрғыда жас мемлекеттің бүгінге дейін жеткен жетістігі ұшан-теңіз. Осы мақсаттың ұшқынымен Шиелі ауданында да ауқымды жобалар атқарылып жатқанқанын айта кеткен жөн. Жыл өткен сайын кент ішінде де көңіл көншітерлік жұмыстар жасалып, әртүрлі салалар да алға өрлеп келеді.
Санитарлық тазалық – саулық кепілі
«Тазалық – табалдырықтан басталады» деген тәмсілді негізге алар болсақ, өңірдің де тазалығы – ең әуелі өзіміз тұратын жерден басталатынын ұғынамыз. Сол себептен кент ішінің көріктенуі – тазалыққа тікелей байланысты. Ал Шиелінің шырайы артып, айналаның гүлденуі бүгінде кент әкімдігінің тікелей назарында. Мәселен, биылдың өзінде кенттің тазалығы үшін бірқатар жұмыстар атқарылған. Атап айтар болсақ, санитарлық тазалық үшін мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде «Қарамурзаев» жеке кәсіпкер жеңімпаз атанған. Қазіргі таңда Шиелі кентінің санитарлық тазалық жұмыстарын қамтамасыз ету мақсатында жоғарыда аталған мердігер мекеме арқылы кент айналасы 14 учаскеге бөлініп, тұрғындардың тұрмыстық қалдықтары шығарылуда. Айта кетейік, бүгінде кент аумағында 43 жерде тұрмыстық қатты қалдықтарды жинақтауға арналған арнайы орындар бар. Ал сол 43 орынға қалдықтарды тастауға арналған 163 дана контейнер және сынап шамдар мен химиялық қуат беру көздерін жинақтауға арналған 27 дана контейнер қойылған. Сонымен бірге тұрмыстық қатты қалдықтарды тастауға арналған жер учаскесінің жалпы алаңы – 25 гектарды құрайтын «Сасқұм» полигоны жұмыс істеуде. Аталған компания кенттің тазалығын қамтамасыз ету мақсатында тындырымды тірліктер атқарып, өндірістік кәсіпорындар мен жеке тұрғын үйлердің қоқыстарын тазалауда. Оған қоса кенттің гүлденуі үшін кент аумағында тұрақты түрде сенбілік шаралары кең көлемде өткізіліп келеді. Бұр үрдіс жыл сайын өз жалғасын тауып күні бүгінге дейін дәстүрге айналған. Ал оған барлық мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар жұмылдырылып атсалысуда.
Көктеген мекен – көптеген көңілді қуантады
«Ағаш ек, гүл ек, туған жерді түлет» деп дана халқымыз бекер айтпаса керек-ті. Көгалданып, көктеген мекеннің жанға жайлылық сыйлайтыны белгілі емес пе? Әрине, біздің өңір – құрғақшылықтың мекені. Десек те, оны көгалдандырып, жасыл желекке айналдыру өзіміздің қолымызда. Бұл өзекті тақырып – кент әкімдігінің де назарынан тыс қалған емес. Күн тәртібінде тұрған өткір тақырып бұрынғыға қарағанда айтарлықтай шешіле бастаған сыңайлы. Өткені қазірдің өзінде аудан айналасында көркейту-көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, кент іші гүлденуде. Мысалы, Шиелі кентінің көркейту-көгалдандырылу жағдайын қамтамасыз ету мақсатында, «Көкшоқы» мөлтек ауданында бірқатар жұмыстар атқарылған. Бұл жұмыстардың тиімді жүргізілуіне жеңімпаз мердігер «НҰР» ЖШС компаниясы жауапты. Ал кент орталық бөлігінің гүлденуіне жеңімпаз мердігер «RusLider Group» ЖШС мекемесі барын салуда. Иә, көгалдандыру жұмысы әуелі саябақтан бастау алатыны анық. Осы мақсатта қазіргі таңда «Ы.Жақаев» саябағын күтіп ұстау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Саябақта дәл қазірдің өзінде жасыл желектерді күтіп ұстау, дәрілеу, суару жұмыстары атқарылып жатыр. Мұнымен қоса, кент айналасына топырақтық-климаттық жағдайында өсуге бейімделген 10 693 дана терек, 8 747 дана бұталы ағаштар отырғызылған. Сонымен қатар автожолдар бойында жасыл қорғаныш аймақтарын құру жағдайы бойынша И.Әбдікәрімов, Самара-Шымкент тас жолы, әл-Фараби, Ш.Бәкіров, Б.Тоқбаулин, Ы.Жақаев, С.Сейфуллин, А.Яссауи, Дәулеткерей, Д.Смайлов көшелері және аспалы көпір айналасы бойына жасыл желек құру мақсатында 8,5 км аумаққа көшет ағаштары отырғызылған.
Жол жұмысы да мол
«Жолдың жайын жүрген білер». Рас. Бұл тақырып – әлі күнге дейін өзектілігін жойған емес. Әлем елдерін былай қойғанда, еліміздің өзінде жол мәселесі – өзекті тақырыптардың бірі болып отыр. Жә, жә, алысқа ұзамай-ақ қоялық. Кент ішінде де көшенің жолы күні бүгінге дейін көптеген тұрғындардың дегбірін қашырғаны жасырын емес. Бірақ бірнеше жылдан бері кентіміз көркейіп қана қоймай, көптеген көшенің де сәні кірген. Тіпті, біршама жолдар күрделі және орташа жөндеуден өткен. Әрине, мұның барлығы кент әкімдігінің тікелей назарында. Қазірдің өзінде бірқатар көшенің арнайы жоба сметалық құжаттары әзірленіп, орташа жөндеу жұмыстарының жоспары әзірленуде. Атар айтар болсақ, әл-Фараби, Досбол Датқа, Дәулеткерей, А.Байтұрсынов, Ы.Жақаев, Абылайхан, Бұдабай, С.Сейфуллин, Шәкәрім көшелерінің күрделі жөндеу жұмыстарына жоба сметалық құжаттамасы жасақталып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысынан өткен. Ал жобаның құны – 1 млрд 560 млн 217 мың теңгені құрап отыр. Аталған жұмысты өтпелі кезең тәртібімен 2023-2024 жылдар аралығында жөндеу көзделген. Ағымдағы жылы осы жұмыстарға жергілікті бюджеттен 300 млн теңге қаржы қаралған. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, теріскейдегі Қажымұқан, Панфилов, Жұмабаев, Ковтунов, Бөлтекейұлы, И.Құтпанұлы тұйығы, Ботабаев тұйығы, Шәкәрім тұйығы, Жұбанов, Ж.Молдағалиев, Самара-Шымкент пен Құрманғазы аралығы, Боранов көшесі, Қабанбай батыр, Бурабай, М.Сыздықов, Қалдыбаев, Шопашев, Аманкелді көшесінің бас жағы, Ш.Бәкіров тұйығы, Шұғыла мөлтек ауданындағы атауы жоқ көшелер және Ағыбай батыр тұйығы көшелерін орташа жөндеу жұмыстарынан өткізу жоспарланған. Бұл тізімге Шиелі кентінің орталық бөлігінде орналасқан Ш.Уәлиханов, Алтынбеков, Абай тұйығы, Жайлыбаев тұйығы, Желтоқсан тұйығы, Ә.Иманбеков, Ә.Молдағұлова тұйықтары мен соңы, Ы.Жақаев тұйықтары, Т.Тоқтаров тұйықтары, Отырар, Жерұйық, Қаратаевтан қашыртқы каналға дейінгі аралық, сонымен қатар, Ердешбаев, М.Мырзахметов, Омаров, Атауы жоқ көше (Аурухана маңындағы 2 көше), Ермағанбетовтен Ә.Исмайловқа дейінгі аралық, Өмірбеков тұйығы, Қ.Нұртазаев көшесінің соңы, Кәрімбаев тұйығы, Әби Едігеев, Ж.Базарбаев және жанындағы көшелер де кіреді. Мұнымен қоса Шиелі кенті, Арай мөлтек ауданы, Қ.Шәукебаев, Т.Молдраймов, А.Мизамбаев, Ә.Ырзахметов, Ә.Дүйсенбаев, Т.Қосаев, М.Сыздықов аяғы және атауы жоқ 3 көше де орташа жөндеуден өтпек.
Абаттандыру – айрықша ажар береді
Осы тұста кенттегі атқарылып жатқан абаттандыру жұмыстарын да тілге тиек еткен жөн. Биыл Шиелі кенті, Самара-Шымкент тас жолы, А.Яссауи және Ш.Бәкіров көшелері бойына 4 дана жер асты ұңғымалы су насостарын орнату, сатып алу жұмыстары жүргізілген. Ал жеңімпаз болған «Айсұлтан-А» және «Изумруд» компаниясының жеке кәсіпкерлерімен келісім шарт жасалып, бүгінгі таңда жұмыстары толығымен аяқталған. Сондай-ақ Абылайхан көшесі мен айналмалы көпір аумағында орналасқан мұнаралы сағат тұғырларына жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мұнымен қатар, Шиелі кенті, Т.Жүргенов, әл-Фараби, И.Панфилов, Қ.Шәкәрім және И.Әбдікәрімов көшелері бойында орналасқан футбол алаңдарына ағымдағы жөндеуге мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, жұмыстардың дені аяқталуға жақын қалған. Ал жақын арада И.Әбдікәрімов көшесі бойындағы көпқабатты 18 пәтерлі тұрғын үй ауласына балалар ойын алаңын орнату, 18 пәтерлі тұрғын үй ауласына балалар ойын алаңын орнату жұмыстары басталмақ. Оған қоса И.Әбдікәрімов көшесі бойындағы көпқабатты 18 пәтерлі тұрғын үй және Иманжүсіп аллеясы ауласына асфальт төсеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Иә, кент ішінде мұнан өзге де жасалып жатқан жұмыстар жетерлік. Жоғарыда айтылған тізімге А.Яссауи көшесіде орналасқан алаң, И.Әбдікәрімов көшесіндегі, сондай-ақ «Анаға тағзым» аллеясы, Шиелі кентінде орналасқан көшелер және де А.Яссауи көшесі бойында орналасқан кітапхана ғимаратымен Шиелі ауданы әкімдігінің ауласы да кіреді. Қазіргі таңда бұл аталған ғимараттардың да айналасында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Аяқ су мәселесі алаңдатпасын…
Аяқ су мәселесі – көпшілікті алаңдатары анық. Әсіресе, су тапшылығы – шаруа қожалықтары мен егіншілер үшін айтарлықтай проблема. Бірақ кез келген істің оң шешімі болады емес пе? Бүгінде Шиелі кенті аумағының өзінде «Сырдария» өзенінен 22 бекет арқылы келетін тұрғындарды аяқ сумен қамтамасыз етіп отырған «Базар» және «Байсары» арықтары бар. Сол каналдардың Қызылорда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасынынң теңгерімінде екені белгілі. Ал аталған каналдарға ерте көктем мезгілінде, мекемелерді және жергілікті тұрғындарды тарта отырып толықтай тазарту жұмыстары жүргізілген. Кент ішілік аяқ су арықтары тереңдетіген, сондай-ақ қордаланған қоқыстардан толық тазартылған. Қазіргі таңда аяқ су өз деңгейінде толық жеткізілуде. Демек, тұрғындардың бұған алаңдамауына болады. Қазіргі таңда Шиелі кенті, М.Шоқай, С.Сейфуллин, Досбол Датқа, Ж.Қонаев пен Жайлыбаев аралығы көшелеріне аяқ су арықтарына темір бетонды лоток орнату жұмыстары жоспарлануда.
