Kyzylorda-news.kz. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы – аса қауіпті кеселдің бірі. Әсіресе дәл жаз мезгілінде бұл дерттің асқына түсетін әдеті. Кәдімгі кене шағудан басталатын қызбаның соңы адам өліміне дейін апарып, қайғылы жағдайға душар етеді.
Өкініштісі, ауданда жыл басынан бері «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, ықтимал жағдайы» диагнозымен 7 жағдай тіркелген. Оның бесеуінің зертханалық диагнозы нақтыланбай, ал екеуі ажал құшқан.
Атап айтсақ, 1 шілде күні, сағат 12:30-да «Конго-Қырым геморрагиялық қызба, ықтимал жағдай» диагнозымен Шиелі ауданы, Көкшоқы мөлтек ауданы, Есенов көшесі 3А/1 үйінің тұрғыны, жеке шаруа қожалық басшысы Данияр Дүйсебаев ауру салдарынан кешенді ем шара қабылдаған. Соған қарамастан 2 шілде күні, сағат 19:45-те көз жұмды.
Ал екінші жағдай 6 шілде күні сағат 09:20-да Н.Бекежанов ауылы, Бихожаев көшесі №10 үйде орын алған. Мезгілсіз қайтыс болған жеке кәсіпкер Сәбит Оразов. Ауру салдарынан кешенді ем шара жүргізілуіне қарамастан 8 шілде күні, сағат 16:20-да бақилық болған.
Естеріңізде болса, дәл осы ауылда 1 жыл бұрын жас азамат қыршыннан кеткен. Аяқ-асты қайтыс болған 17 жасар Саян Абдуллаұлы – сол кезде мектеп бітіру аттестатын ғана қолға алып үлгерген-ді. Науқас шілденің 1 күні ауырып, 4 шілде күні сағат, 12:19-да ауруханаға түскен. Клиникалық белгі бойынша «Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы, ықтимал жағдай ауыр ағымы» диагнозы қойылған. Аталған диагнозға сай облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізіліп, қабылдау бөлімінде реаниматологқа қаралып, реанимация бөлімшесіне жатқызылғаннан кейін, көз жұмды.
Осыған байланысты аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Әпетовтың төрағалығымен жұмысшы топтың отырысы өтті.
Комиссия отырысына аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының, эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Манзура Сүйіндікова, аудандық ветеринариялық станциясы басшысының орынбасары Ербол Бегайдаров, аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мұрат Әшірбеков, кент және ауылдық округ әкімдері мен БАҚ өкілдері қатысты.
Соңғы уақытта Сыр өңірінде кенеден зардап шеккендердің қатары көбейген. Аудан бойынша ағымдағы жылдың көктемгі эпидмаусымында Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы ауруынан 17 елді мекен қолайсыз болып танылған. Олар: Шиелі кенті, Бидайкөл, Ш.Қодаманов, Н.Бекежанов, Еңбекші, Қосүйеңкі, Майлытоғай, Ортақшыл, Ботабай, Жиделіарық, Досбол би, Бестам, Алмалы, Бәйгеқұм, 20 бекет, Тоғайлы (Лесхоз), Ы.Жақаев елді мекендері. Мамандар мәліметінше, биыл көктем мезгілінің 11 сәуір мен 4 мамыр аралығында аталған елді мекендерге кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары тиісінше жүргізілген. Малдар мен табиғаттан 3300 кене жиналып, облыстық аса қауіпті аурулар зертханасына жіберілген. Оның 12 үлгісінен оң нәтиже анықталыпты.
Кене шағу деректері көп жағдайда үй жануарларының маңында орын алады. Жоғарыда айтқан 17 елді мекендегі 93 214 бас мал мен аумағы 231 831 шаршы метр болатын 6 836 мал қораны, 285 суат пен шаңлақты «Satti tulik» ЖШС «Креолин-Х 5%» препаратымен 2 рет залалсыздандырыпты. Эпизоотиялық жағдайдың тұрақтылығы қай кезде де маңызды. Тек зиянкес жәндіктерден ғана емес, малдан да адамға түрлі аурулар жұғып жататынын күнделікті өмірде көріп-біліп жүрміз. Бұл әсіресе өріске малын өргізіп, несібесін содан айырып отырған ауыл тұрғындарына көбірек қатысты. Мезгілі келгенде жыл сайын бұл да күрделі мәселенің бірі болып алдымыздан шығады. Десек те, аудандық ветеринария бөлімі мамандарының айтуынша, өңірде мал аурулары бойынша ахуал тұрақты.
Сонымен қатар кенелер қи қоқыста, құс ұясында, тышқан інінде, өсімдік түбінде болады. Әсіресе, ауылдық жерлерде тұрғындар үй шаруашылығымен (мал, қора тазалау, шөп жинау, мал бағу) айналысу кезінде кенеден қорғануға немқұрайлы қарайтын жағдайлар кездеседі. Осыған орай, аудан әкімі тиісті мамандар мен ауылдық округ әкімдеріне адам өміріне бей-жай қарамау керектігін ескертіп, қатаң тапсырмалар жүктеді.
Күн қызған сайын кене шағу оқиғалары жиілейтіндігі анық. Бұл баяғы қой терісіне жабысып, таяқпен шұқып тастайтын зиянсыз кене емес, қауіпті әрі улы кене. Сондықтан абайламасқа болмайды. Қауіптің алдын алу үшін дәріханалардан улағыш арнайы дәрілерді алып, дәрілеген жөн болар.
Осы жылы аудан бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасынан эпидемиологиялық жағдай күрделі басталуда. Өткен жылы кене шағу жағдайымен 65 адам медициналық көмек алса, 2021 жылы 24 адам сол көмекке жүгінген. Осыған қарап-ақ кене шағу фактілері күрт өсіп кеткендігін аңғаруға болады. Тағы бір дәлел, 2021 жылы Конго-Қырым қанды безгегімен 7 науқас тіркеліп, төртеуінің диагнозы зертханалық жолмен нақтыланып, 3 науқасқа «Кене риккетсиозы» диагнозы қойылып, өлім-жітім орын алмаған. Дейтұрғанмен, сала мамандары аудан тұрғындарын зиянкестерден қорғанып жүруге шақырады.
– Бүгінде облыс бойынша ауру қоздырушы кененің 16 түрі бар. Олардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Бұл – алаңдатарлық жағдай. Конго-Қырым қанды безгегінің белсенділігі, әсіресе мамыр және маусым айларында қатты байқалады, – дейді аудандық санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының эпидемиологиялық бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы М.Сүйіндікова.
Бір қарағанда елеусіз жәндік сияқты болып көрінетін кенеден келетін кесел көп. Тіпті кене шағудың арты өліммен аяқталатынын да білеміз. Сондықтан да «Сақтансаң – сақтайды» демекші, мейлінше сақ болғанның жөні басқа. Себебі «Денсаулық – зор байлық».
