Kyzylorda-news.kz. Бүгінде өңірлердің инвестициялық әлеуетін көтеру мәселесі өзекті болып тұр. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арналған Жолдауынан туындайтын негізгі міндеттердің бірі – отандық және шетелдік инвестиция тарту. 2025 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің құрамындағы инвестицияның үлесін 30%-ға жеткізу көзделген. Алайда әлемдік деңгейде қалыптасып отырған геосаяси жағдайдың шиеленісуіне байланысты бұл меже 25%-ға дейін төмендетілуде. Иә, бұл цифрды еңсеру оңайға соқпайды. Бірақ соған қарамастан жұмыс жүйелі жүргізілуі тиіс.
Жалпы соңғы жылдары аудан экономикасына инвестиция тарту ісінде ілгерілеушілік бар екені байқалады. Әкімдіктің мәліметіне қарағанда, өнеркәсіп өнімдерін өндіру 102,1 процентке артып, 21,2 млрд теңгені құраған. Яғни, аудандағы кәсіпорындармен жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісім-шарт негізінде өнім көлемі едәуір ұлғайып келеді. Ол кәсіпорындардың қатарында «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС (цемент өндірісі), «Иіркөл» ЖШС (уран өндірісі), «Ру-6» ЖШС (уран өндірісі), «Байқоңыр Солар» ЖШС (күн сәулесінен электр энерги), «Фирма Балауса» ЖШС (ваннадий өндірісі), «Кемикал» ЖШС (пластик құбыр өндірісі), «Шиелі-Жолшы» ЖШС (жол құрылысы, асфальт, бетон өнімдері) бар.
Қазіргі таңда өңдеу өнеркәсібі 102,9 процентке артып, 8 млрд 549 млн теңгенің өнімдері өндіріліп үлгерген. Негізгі капиталға тартылған инвестицияның көлемі – 9,5 млрд теңгені құрап, байырғысынан 2,5 есеге артқан.
– Өңдеу өнеркәсібіне басқа да көздерден және «Гежуба Шиелі Цемент Компаниясы» ЖШС, «Иіркөл» ЖШС, «Ру-6» ЖШС, «Байқоңыр Солар» ЖШС, «Фирма Балауса» ЖШС, «Кемикал» ЖШС, «Шиелі-Жолшы» ЖШС мекемелерінен ауыл шаруашылығы құрылымдары жаңадан 2 Комбайн, 2 жүк тиегіш және 5 трактор алынды. Инвестиция да тартылды. Жалпы Шиеліде инвестициялық мүмкіндіктер көп. Соны тиімді пайдалану керек, – деген болатын аудан әкімі Н.Ахатов кезекті бір баяндамасында.
Таяуда аудан әкімі Нұржан Ахатов Шиелідегі өндіріс орнын арнайы жұмысшы топпен аралап, кездесу өткізді. Ең алдымен олар «КНК КЕМИКАЛ» ЖШС құбыр зауытына аялдады. Зауыттың жұмыс барысымен жіті танысып, құбыр өндірісін тікелей көзбен көрді. Тиісінше зауыт қызметкерлерінің ұсыныс-пікірлеріне де құлақ түрді. Аталған кәсіпорын қазіргі таңда 195х14,5 мм-лік полиэтилендік пластмасса өнімдерін көптеп шығаруды қолға алған. Мұнымен қоса сүзгілік қабілетті КДФ 118 құбырларының бірнеше түрін тапсырысқа сай әзірлеуде. Бұл кәсіпорын дәл қазір 100-ге жуық жанды жұмыспен қамтып отыр.
Одан кейін аудан әкімі «Семізбай-U» ЖШС Иіркөл кеніші, «Шиелі тас – Оңтүстік», «Шиелі жолшы» серіктестігі қызметкерлерімен кездесті. Барлық кездесуде ашық диалог орын алып, тиісті сала басшыларына тапсырмалар берілді. Ақпарат үшін айта кетейік, «Шиелі тас – Оңтүстік» серіктестігі жылына 60 мың тонна әк, 1 млн тонна қиыршық тас өндіруге қауқарлы. Мұнда 48 адам тұрақты жұмыс істейді.
Ал «Шиелі Жолшы» серіктестігі жылына 2500 дана темір-бетон өнімін шығарады. Зауыт 2018 жылдан бастап тұрақты жұмыс істеп, 30-ға жуық адамды жұмыспен камтып отыр. Жоба құны – 120 млн теңгені құрайды. Негізінен нарықтағы ең қажетті өндірістік өнімнің бірі – темір-бетон өндіреді. Сұранысқа сай зауыт тауарлы бетонның 5 түрлі маркасын және 17 түрлі жабынды плиталарды өндіруде.
Айта кеткен жөн, бүгінде бөлшек сауда айналымының көлемі 3,4 млрд теңгені құрайды. Бұл 101,8 процентке орындалды деген сөз. Сонымен қатар қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының көлемі 1,2 млрд теңгеге орындалып, 8,9 есеге артыпты. Оған бірден бір себеп – жеке тұрғын үй құрылысы есебінен және «Қызылорда-Жезқазған» автожолын салу.
Иә, кәсіпкерлігі кең қанат жайып, өнеркәсібі өркендеген Шиелі өңірінде біршама кәсіпорындардың іргесі қалануда. Ел Презинденті тарапынан жарияланған әрбір маңызды құжатпен болашағына бағдар жасап алатұғын ауданнан ел дамуының көріністерін байқауға болады. Жоғарыда атап өткендей өңдеу өнеркәсібі өндірген өнімдердің көлемі ұлғайып келеді. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері артып, тиісінше жұмыссыз адамдар саны азаюда.