Kyzylorda-news.kz Бүгін Шиелі ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың төрағалығымен мәжіліс отырысы өтті.
Мәжіліске аудандық мәслихат төрағасы, аудан әкімінің орынбасарлары, дербес бөлім басшылары, сондай-ақ кент және ауылдық округ әкімдері қатысты. Мәжіліс барысында ауданның Экономика салаларында жасанды интеллектіні енгізу мәселесі жан-жақты талқыланды.
«Экономика салаларына жасанды интеллектіні енгізу - мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Қазіргі кезеңде цифрлық технологияларды, оның ішінде жасанды интеллектіні тиімді пайдалану елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі қозғаушы күшіне айналып отыр. Жасанды интеллект - тек технология ғана емес, ол экономиканың тиімділігін арттыратын, еңбек өнімділігін көбейтетін және жаңа мүмкіндіктер ашатын негізгі құралдардың бірі. Біздің аудан үшін бұл бағыттың маңызы ерекше. Себебі Шиелі ауданы - ауыл шаруашылығы мен шағын кәсіпкерлікке негізделген өңір. Сондықтан біз жасанды интеллектіні енгізу арқылы ауыл шаруашылығында өнімділікті арттыруға, су ресурстарын тиімді пайдалануға, кәсіпкерлікті жаңа деңгейге көтеруге, мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік аламыз. Біздің басты мақсатымыз - заманауи технологияларды тиімді пайдалана отырып, аудан экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ету.» – деді аудан әкімі Айтбай Жандарбеков.
Сонымен қатар, мәжілісте өнеркәсіп және өңдеу өнеркәсібі көрсеткіштерінің орындалуы, бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуы, жол бойындағы нысандар мен жол белгілерінің жай-күйін бақылау, күнделікті тазалық жұмыстары бойынша қосымша мәселелер қаралып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеп, белгіленген міндеттердің сапалы әрі уақытылы орындалуын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
