Kyzylorda-news.kz. Күмбірлеп қос ішектен төгілген күй, қазақ даласын ерекше ырғағымен тербеп тұрғандай. Халықтың қазынасы, құнды мұрасы да осы домбыра. Шілденің бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күні екені әмбеге аян. Бабадан қалған қара домбыраны қалай дәріптесе те жарасады. Бұл домбыра – қазағымның тілі, даламыздың үні болып бүкіл болмысымызға еніп кеткені белгілі.
Домбыра – қазақ жанының барометрі. Қалың бұқараның басынан өткен қуанышты сәт те, қайғылы кезеңдер де домбыра үнімен қабысып, шанағынан күй болып төгіледі. Қазақтың көңіл-күйін, тылсым табиғатпен байланысын, көкірегіндегі мұңын дәл осы домбыра мен қобыздан анық естуге болады. Үн арқылы ұғысқан, күй арқылы табысқан көшпелі жұрттың домбыраға деген құрметі, махаббаты ерекше. Бұл құрметті өткен сенбі күні орталық алаңда өткен мерекелік шарадан байқауға болады. Ұлттық домбыра күні қарсаңында мәдениет саласының қызметкерлері ұлттық аспабымызды насихаттау үшін халық көп жиналатын орындардың бірі әрі бірегейі орталық алаңды таңдады.
«Ұлы даланың дүбірі, домбыраның күмбірі» атты мерекелік шараның шымылдығы прологпен түрілді. Ұлттық нақышта киініп, қолына ұлттық аспапты ұстаған өнерпаздар домбыра туралы жыр шумақтарын оқып, ә дегеннен-ақ көпшіліктің көңілінен шығып, қошеметіне бөленді. Әрмен қарай мерекелік құттықтауға кезек беріліп, ортаға аудан әкімінің орынбасары Б.Ысмағұлов шығып, жұртшылыққа ізгі тілегін жолдады.
«Музыкаға жаны жақын халқымыздың арасынан домбыраны ерекше меңгеріп, күмбірлеген күйімен ел жүрегінде, шертпе күйдің шебері болып есімі тарихта қалған тұлғаларымыз аз емес. Құрманғазы, Тәттімбет, Дина, бертін келе Нұрғиса, Қаршыға есімді тума таланттарымыз киелі аспап арқылы, ел жүрегінен орын тапты. Бүгінде елімізде, оның ішінде Шиелі ауданында тыңдаушысын жігерлендіретін төкпе күйлер мен шертпе күйлерді тартқанда, жүйріктердей қимылына көз ілеспейтін кәсіби домбырашыларымыз жетерлік. Олардың әрбір орындаған күйлері мен өнер жолында жеткен жетістіктерін біз ерекше мақтанышпен айта аламыз. Жылдан жылға домбыра тартатын жастарымыздың да қатары көбейіп, ұлттық мәдениетіміздің аясы кеңейіп келе жатқаны бізді ерекше қуантады. Осы орайда, қазақтың дәстүрлі ән-күйін насихаттап жүрген барша өнерпаздарға алғыс білдіремін», – деді аудан әкімінің орынбасары ағынан жарылып.
Ал мерекенің мазмұнын айшықтап, патриоттық көңіл-күй сыйлаған әндердің орны бөлек. Ұлттық әуендер сезімнің қылын шертіп, шараға қатысушыларды өзгеше күйдің иіріміне жетелегені сөзсіз. Әсіресе, «Нартай сазы» және «Сырлы саз» ансамблдері орындаған күйді тыңдаған халықтың құлақ құрышы қанып, тұла бойында еліне деген махаббат оты лаулай түсті. Домбыра – тек музыкалық аспап емес. Ол – қазақ үшін тұтастай әлем, халықтың тұтастай өмірі. Сондықтан болар мереке қарсаңында қос ішекті домбыраның әуеніне елітпеген жан қалмады. Қазақтың күмбірлеген күйін жақсы қабылдаған халық домбырашылармен суретке түсіп, мәз-мейрам болып ұлттық мерекенің маңызын түсінді. Аудан көлеміндегі отыздан аса домбырашының басын біріктірген аталмыш шарада күмбір күйдің қоңыр үнін, жырдың жақұтын, дәстүрлі әннің әуенін, мың бұралған бидің көрінісіне куә болып, аудан тұрғындары өнеріміздің ұйытқысы болған «Домбыра» күнін осылай тойлады.