Kyzylorda-news.kz Қазақстанды ширек ғасырдан астам уақыт басқарған аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері  Дінмұхамед Қонаевтың Шиелі ауданына іс-сапармен келуі  үлкен оқиға болды. Шежірелі өлкеге келісімен алдымен 16 социалистік еңбек ері шыққан «Авангард» колхозына атбасын тіреді. Мұның да өзіндік себебі бар еді. Осы шаруашылықта кеңес одағына белгілі 20 гектар алапты алып жатқан үлкен алма бағы болды. Оның 16 гектарына алма, 4 гектарына жүзім егілген. Осы бір сәті түскен кездесу жайында «Авангард» колхозы партия комитетінің сол кезгі хатшысы, іс-шараның басы-қасында жүрген Әнсары Әбдіхалықов өзінің «Әркімнің өзі шыққан биігі бар» деген естелік кітабында былай деп жазыпты: 

«...1965 жылы Шиелі ауданына КОКП орталық комитетінің саяси бюросының мүшесі, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің бірінші секретары Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың келуі жоспарланған екен.1965 жылдың 18 тамызы күні аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Ғафур Мұхамеджанов маған телефон шалып «Сіздің колхозға бүгін түсте Қонаевты алып барамыз, дайындалыңыздар» деді.

Дайындық жұмысы бас бухгалтер болып қызмет ететін Жолдыбай Ақмолдаев бастаған бір топ жігіттер мен келіншектерге жүктелді. Димекең бастаған қонақтарға шай құйып беру менің зайыбым Рәш Көлтайқызына тапсырылды. Түскі сағат 12:00-де Дінмұхамед Қонаевты облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Бектұрғанов пен облыстық атқару комитетінің төрағасы Асанбай Асқаров ертіп келді.

Қонақтарды колхоздың алма бағында қабылдадық. Димекең алма, жүзім тәртіппен сап түзеген бақты аралап көріп «Керемет отырғызылған, жақсы ұйымдастырылған жұмыс екен. Бұл өзі «Тозақтың ішіндегі пейіш қой» деп бағалады. Халықтың тұрмыс жағдайларын да сұрап білді. 

Жоспар бойынша біздің шаруашылықтан кейін «Қызылту» колхозы – Жақаев ауылына жүрмекші. Қонаев машинасына қарай беттеді. Біз Димекеңдерге арнап сол алма мен жүзім салбырап тұрған жерге стол дйындап, дастарқан жайғанбыз.  Шайға отыруға өтініш айтуға облаткомның төрағасына құлаққағыс қылып едім «Біз айта алмаймыз, айналайын, дастарқанның иесі сен ғой, айтсаң өзің айт» деді. 

Мен тәуекел жасап, Димекең машина есігінің тұтқасын ұстай бергенде «Димаш Ахметұлы, біздің жұмыстарымызды көріп, жақсы баға бергеніңізге қуана отырып, қонақжай қазақтың  әдеті бойынша, арнайы жайылған дастарқаннан дәм татуыңызды сұраймыз» дедім. Димекең сәл ойланып тұрып, «жарайды» деп қасындағы кісілермен бірге дастарқанға келіп, үстөлге жайғасты. Зайыбым Рәш  шайды баптап, қызыл күреңдетіп құйды. Мен Димекеңнің  қасына отырып, қойдың басы салынған табақты  алдына қойып, мақтаулы коньяктан стакандарға аздап құйып, бәріне үлестірдім. Тамақтан дәм татып, коньяктан ауыз тиген соң Қонаев «Не өтініштерің бар?» дегендей бізге бұрылды. 

Мен жылдам орнымнан тұрып күні бұрын ойланып, толғанып қойған мәселелерді бірінен кейін бірін айта бастадым:

– «Авангард» пен Шиелінің арасында тасжол жоқ; 

– Ауылдағы құрылыстар – корейцтер көшіп келгенде салынған үйлер;

– Орталықта кеңсе мен клуб үйлері жоқтың қасы, әбден тозған; 

Осыларды  жөндеуге, қайта салуға құрылыс материалдары керек»  деп керек жарақтың ең негізгілерін тізбелеп бердім. 

Республика басшысы көмекшісіне тиісті  министрліктер мен ведомстволарға  өз атынан жеткізіп, бақылауға алуды тапсырды. Көмекшісі менің айтқандарымның бірін қалдырмай қойын дәптеріне жазып алды. Сонымен қош айтысып жүріп кетті. 

Басшылар кетісімен оларға ілеспеген аудан, ауыл адамдары үстөлге отыра қалып, Қонаев ұстаған рюмкадан коньякты бір тамшыдан өз ыдыстарына тамызып алып ішіп, мәз-мейрам болды...» («Әркімнің өзі шыққан биігі бар». Алматы. «Ұшпақ» баспасы. 20 бет.). 

Осы ауылда туып-өскен, қазір зейнеткер Камал Жамалов ақсақал алма бағы туралы бір қатар мәлімет берді. Бақтың күтімі, орналасуы, тәттілігі тіл үйірген алма мен жүзімі төңірегінде тамсанып әрі тебіреніп әңгімеледі. 

–  Ауылдың алма бағын 5-6 сынып оқып жүрген кезден білемін. Бақ ішінің арам шөбін отауға, кесілген бұтақтарды жинауға, алма мен жүзім өнімдерін теруге алып баратын. Алмалар мен жүзімдер агротехникалық тәртіппен егілген, бейнебір сап түзеп тұрған жауынгерлер сияқты көрінетін. Әрбір 4-5 қатар сайын терек ағашы отырғызылған. Жан-жағына көлеңке түсірмейтін, тіп-тік болып өсетін сұлу ағаш. Жел-дауылдан алма мен жүзімді қорғап, қоршап тұратын. Алма мен жүзім жинауға оқушылардың бәрін жібермейтін. Тәртіпті, тіл алғыш, жанашыр, айтқанды түсініп істейтіндер ғана ішке кіретін. Қалған оқушылар шөп жинаумен айналысатын, – деді.

Бақта негізінен «Белый налив» (ақ алма.) отырғызылған. Ауылдың сол кезгі тұрғындары кәрістер көшетін Қиыр шығыстан арнайы әкеліпті. Бұл – ерте жемістейтін сұрып (сорт). Тез жемістеуімен, мол өнім беруімен, көп жеміс салуымен, аязға төзімділігімен ерекшеленеді. Жемістерінің салмағы 100-120 г, көк-сары түсті. Мәйегі жұмсақ, ақ, шырынды, қышқыл-тәтті. Шілденің аяғынан бастап, тамыздың басына дейін піседі. Егер алма ағашының бұтағын үнемі кесіп, қысқартып, сиретіп отырса, жақсы өседі. Бұлай жасау алма ағашының шамадан тыс көп түйнек салуына, жеміс беру кезеңінің бұзылуына жол бермейді. Ал 4 гектарға  отырғызылған жүзімдердің дені – «Дамские пальчики» («Келін бармақ»). Оларды  Кырымнан алдырыпты. Нағыз бал татыған, тіл үйіретін жүзім осы.

Өкінішке қарай, ол алма бағы қазір жоқ. Орнында  ойдым-ойдым сай, жыралар жатыр. Жеміс ағаштарының түбіртектеріне дейін отқа тамызық үшін жинап алынған. Осы жерде өткен ғасырдың 60-70-ші жылдары бүкіл елге танылған Алма бағы болды, оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен шаруашылық басшылары, агрономдар келіп бақтың жұмысымен танысты, авангардтық бағбандардан ақыл-кеңес алды, тәжірибе алмасты дегенге қазір сенетіндер аз, жастар жағы сенбейді де, оларға ертек сияқты. 

Түйін: Ақмая ауылы бұрынғыдай  бір тұтас ұжым болмағанымен, ауданның өзге шаруашылықтарындай қырық қожалыққа бөлінбей, қауымдасып, топтасып отыр. Осының арқасында өндірісі біршама өркендеп, тұрғындардың әл-ауқаты жақсарған. Осындай күш-қайраты бар, мүмкіндігі мол кезінде алма бағының жұмысын қайта қолға алғаны құба-құп. Камал қарияның айтуына қарағанда, бір-екі мәрте бұл мәселеге мойын бұрған көрінеді, бірақ  нәтиже бола қоймапты. «Ер кезегі үшке дейін» деген ғой, неге тағы талпыныс жасамасқа?!

Тағы да оқыңыз: