Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Нұржан Ахатовтың төрағалығымен аппарат мәжілісі өтті.
Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, кент және ауылдық округ әкімдері мен барлық дербес бөлім басшылары, «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы Болат Сыздық пен аудандық мәслихат хатшысы Тұрмағанбет Жағыпбаров қатысты.
Мәжіліс барысында Жиделіарық, Бестам және Телікөл ауылдық округтері бойынша жыл басынан бері атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттері талқыланды.
Жиделіарық ауылдық округінде атқарылған жұмыстар туралы ауыл әкімі Е.Әбілдашев баяндады.
Ауыз су, аяқ су, электр жарығы шешімін тапқан ауылда биылғы жылы 1226 гектар жерге егін егілген. Мал шаруашылығы саласында МІҚ 2020 басқа, қой-ешкі 2770 басқа, жылқы 569 басқа көбейген және 350 құс тіркелген. Сондай-ақ, «Бизнес Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерінде оқыған 2 ауыл тұрғыны жиыны 2 450 400 теңге көлемінде қайтарымсыз грант иеленіп, «мал басын көбейту» атты бизнес жобасын жүзеге асыруда. Осы орайда, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы М.Әшірбековтің тарапынан пада ұйымдастыру мәселесі және аудандық мәслихат хатшысы Т.Жағыпбаровтың тарапынан бекітілген жайылымдық жер мәселесі туралы сөз қозғалып, ұсыныстар айтылды.
«Балаларға арналған ойын алаңы», «Жаттығу алаңы», «Шағын спорт алаңы», «Тағзым алаңы» бар ауылдық округті абаттандыру мақсатында биыл санитарлық тазалық, көркейту және көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, әкімдік, мектеп, клуб аулаларына 70 терек, қара ағаш қаламшалары отырғызылған. Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Д.Аман «Жасыл ел» бағдарламасы аясында ағаш отырғызудың жылдық жоспарын орындау қажеттігін еске салды. Аудан әкімі ауылдың кіре беріс тұсынан бастап жолдың екі жағына да жағалай ағаш отырғызу жұмыстарын жандандыруды тапсырды.
Ал Бестам ауылдық округінде биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен 7 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ауылда 870 гектар күріш, 104 гектара картоп, 77 гектар көкөніс, 80 гектар бақша өнімдері егілген.
Ауыл әкімі Ф.Ержанның айтуынша, жаңа клуб құрылысына жоба сметалық құжаттары әзірленіп, жуық арада 150 орындық жаңа клуб құрылысы басталғалы отыр. Сондай-ақ, Ә.Әбуов көшесіне транформатор орнатылатын жері белгіленіп, жаңа трансформатор орнатылатын болады. Елді мекенге мектепке дейінгі 900 метр жерге жаяу жүргінші жолын салу, 4 дана аялдама орнату және ауылдың кіре-беріс, шыға-беріс жерлеріне бейне бақылау камерасын орнатуға жоба сметалық құжаттары әзірленіп тиісті мекемеге жолданған.
Аудан әкімінің тарапынан Бестам ауылдық округіндегі №205 мектеп ғимаратының 1-ші қабатындағы дуалдарды қалпына келтіріп, спорт зал еденін ауыстыру аса маңызды жұмыс екендігі ескертіліп, шұғыл түрде тиісті жұмыстарды атқару тапсырылды.
Ал Ә.Тәжібаев елді мекеніндегі атап айтқанда I квартал, Ә.Тәжібаев көшесіне және III кварталға жәй жөндеу жұмыстарына қаржы бөлініп, жол жөндеу жұмыстары жүргізілген. Аудандық бюджеттен елді мекенге трансформатор алуға 2 700 000 теңге бөлініп, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу порталы арқылы баға ұсынысымен жарияланған.
Ауыл әкімі Ә.Сәрсенбаевтың хабарламасы бойынша, алдағы уақытта Ә.Тәжібаев елді мекенін аяқ сумен қалыпты жағдайда қамтамасыз ету мақсатында көршілес Алғабас ауылдық округіне қарасты «Берекелі» шаруа қожалығының егістік алқабы арқылы ауылға аяқ су алып келу жұмыстары, елді мекенді электр жарығымен тұрақты түрде қамтамасыз ету үшін электр желілерін жаңалау және ауылды газбен қамтамасыз ету жұмыстары жоспарланған.
Баяндамашыларға аталған мәселелерге қатысты аудан әкімінің және «AMANAT» партиясы Шиелі аудандық филиалының атқарушы хатшысы мен аудандық мәслихат хатшысының тарапынан, бөлім басшыларының тарапынан түрлі сауалдар қойылып, жан-жақты талқыланды.
Мәжіліс соңында аудан басшысы орынбасарларына, аппарат басшысы мен кент және ауылдық округ әкімдеріне, барлық бөлім басшыларына қатаң тапсырмалар беріп, уақытылы және сапалы орындалуын талап етті.

