Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданында балық аулауға қолайлы 39 көл бар. Оның 9-ы иесіз. Өткен жылы аудан көлемінде тоқпен балық аулау дерегі бойынша 1 қылмыстық іс анықталған. Ал заңсыз балық аулау фактісі ретінде 17 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. 

Қазақта «Балық – басынан шіриді» деген мақал бар. Бірақ біз оны «Балық – базарда шіриді деп өзгерткіміз келіп отыр. Ішіңізден «Неге өйтті екен?» деп таңданып отырсаңыз, айтайық. Мына күнде күн ысып, дегбір қашып, адамның өзі еріп кетердей хәлде жүргенде балықты жеу – тіпті қауіпті. Қанша сүйсініп жегің келсе де, байқамасаң балықтың да ішкі құрылысыңды шайқап жіберетіні бар. Әсіресе, дуылдап тұрған базардан бүгінгі күні балық сатып алу – қорқынышты. Бұған себеп – күн райының қолайсыздығы. Ал екіншіден – базарда сатылатын мұндай өнімдердегі санитарлық талаптардың жоқтығы бір жағынан менмұндалап тұрады. Жасырып неміз бар? Өзіміз де базарға кірген сайын өзен-көлдерден ауланып әкелінетін балықтардың арбада сатылып тұратынын көзбен көріп жүрміз. Соның барлығы бүгінде балыққа да, халыққа да қауіп төндіруде. Осыған байланысты біз бүгін ойлы оқырманға «Балық һәм қауіп» тақырыбымен мақала ұсынбақпыз.

Әуелі балықтың халыққа тигізетін пайдасы мен қауіпі жайлы зерделеп көрелік. Орыстар бұл өнімді тек «Р» әріпі бар айларда ғана жейді. Демек, күзден бастап мамырдың аяғына дейін ғана тұтынады. Өйткені, жазда балықты жеу – олар үшін өте қауіпті. Сондықтан да құтыдағыны да, қақталғанын да, қуырылғанын да жеуге болмайды. Ал қазақ үшін жылдың қай мезігілі болса да, балықтың пайдасы оразан. Иә, бұл балықтың адам денсаулығына берері көп-ақ. Әсіресе көзге, асқазанға таптырмайтын пайда. Құрамында көптеген дәрумен де баршылық. Алайда зиянды тұсы да жоқ емес. Абайлап жемесеңіз, аурып қалуыңыз бек мүмкін. Әсіресе, дәл мынадай мезгілде балықты байқап жеу керек. Тәбетің тартып тұрса да, әуреге әбден салып жіберуі мүмкін. Өйткені бұл – ұзақ уақытқа жарамды өнім емес. Ет сияқты тез бұзылып кетеді. Бұзылғаны дәмінен байқалмаса да, асқазаныңызға бара салысымен-ақ ауыртады.

Арбадағы балық ауыртып жүрмесін

Сәске түс. Ауқаттану үшін біз де базарға келдік. Күннің ыстығы басты ауыртып, өн бойымыздың барлығын қыздырып бара жатыр. Ауа райы қолайсыз болса да, базар ішінде адам көп. Аяқ алып жүру мүмкін емес. Фариза Оңғарсыноваша айтар болсақ, «Базар іші – дуылдап тұр». Қайнаған сауда. Бірі – балмұздақ, енді бірі – салқын су сатып әуре. Кенет, анадай жердегі балық сатып тұрған адамдарға көзіміз түсті. Қай жер екенін өзіңіз де шамалап отырған боларсыз. Базарда саусақпен санарлық қана балық сататын жер болғандықтан, атын атап, түсін түстемеуді жөн көріп отырмыз. Әйтеуір әлгі жерде сатып алушылар да, балықтың түрі де баршылық. Сатушылар ара-тұра бар дауыстарымен «Балық алыңыздар, балық, свежий балық» деп айқайлап қояды. Бір уақытта «Свежий» деген сөз «Құр сөз бе?» деген ой көкейде қылаң берді. Қателеспеппіз. Әйтеуір балықтан балғындықтың лебін сезе алмадық. Көк түспен сырланған, сәл ескілеу арбаның ұсқыны да сол шаманы көрсетіп тұр. Жерде ағып жатқан қып-қызыл қанның өзі құлқыңды қашырады. Арбаның үстіне қорап төселген. Өлшеуіш таразының кірі де, пышақтың реңі де бірден көзге түседі. Құжынаған шыбын мен шіркелейлерден көз ашу тіпті мүмкін емес. Балықтың өзіне тән иісі басқа әңгіме. Ал сол маңайдан шығып тұрған қолқаны қабатын қолаңса иіс ше? Ол – мүлде қорқынышты. Бір сөзбен айтқанда, санитарлық талаптар сақталмаған. Бірақ оны елеп, ескеріп жатқан саудагерлер де, сатып алушылар да жоқ…

Жалпы, талап бойынша теңіз өнімдерін, ашықтан-ашық алаңдарда, базарларда сатуға болмайды. Мұндай өнімдер стандартқа сай, арнайы жерлерде ғана сатылуы шарт. Бұдан бөлек, салқын тоңазытқышта тұруы қажет. Ыстық жердегі балықтың бір күннен кейін не боларын ары қарай өзіңіз бағамдай беріңіз. Алайда базар сатушыларында ондай ой жоқ сыңайлы. Шүкір, қазір базардағы саудагерлердің дені арнайы орындарда (бутикте) отырады. Бірақ балық сатып тұрғандардың мұндай жерде тұрғанын аңғармадық. Жарайды. Ол күннің де айы оңынан туып, дені дұрыс жерде сауда жүріп, іс те дөңгелер. Бірақ сол күн келем дегенше бұзылған балық жеп, бір адамның өліп кетпесіне кім кепіл? Әлде «арбада тұрған балықты сатып аламыз» деп қанша адамның ауырып жүргенін жылы жауып қоя саламыз ба? Иә, әркім өзі білер. Біз айтқанмен бәрі өзгеріп кетсе жақсы ғой. Бізге керегі – тұрғындардың амандығы. Әйтпесе, біреудің нанын тартып алу ойымызда жоқ. «Байдың асын, байғұс қызғанады» деуден ада болыңыздар. Балық басынан шірісе түсінікті. Ал базарда шірісе ше? Қып-қызыл қауіп емес пе?

Тоқпен аулауға тоқтам керек

Қылқылдап қауіпті айта берді демеңіздер. Бұқараға келер қауіпті жоғарыда жырлап болдық. Ал балықтың өзіне төнген қауіп ше? Оны айтпай кетпесек тағы болмас. Оның да бір ұшы төбеден қылқиып шығып тұр. Рас. Балық – біздің бар байлығымыз, қорегіміз. Бір жағынан табиғаттың көркі. Алайда бүгінде сол табиғаттың көркі жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Бүгінде балық аулаудың жабайы түрі пайда болды. Ол – тоқпен аулау әдісі. Бұған дейін де бұқаралық ақпарат құралдары талай рет осы тақырыпты көтеріп, мақала жазған болатын. Редакция тілшілері де осы өзекті мәселені қалам ұшына сан мәрте іліктірді. Керек десеңіз, аудандағы бір топ ардагерлер де, ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Әзімханұлы да, Әлиар Сейітов та маңызды мәселенің шешу жолдарын қарастырып, даулы мәселенің нүктесін қоюға тырысқан болатын. Осыған байланысты газетіміздің қаншама нөміріне балықты тоқпен ауламау жөнінде мақалалар жариялап отырды. Өкінішке қарай, бұған жауапты ешқандай мекеме мамандары тіл қатқан жоқ. Араға біраз уақыт салған соң Әлиар Сейітов бастаған аудан ардагерлері осы мәселені шешу үшін ауылдарға түсіндірме жұмыстарын жүргізген болатын. Сондай-ақ тоқпен балық аулайтын адамдарды тауып, оларға заң аясында шара қолданылатынын ескерткен еді. Нәтижесінде, ауданда біршама құқық бұзушылық азайды. Бірақ өткен жылдың өзінде аудан көлемінде тоқпен балық аулау дерегі бойынша 1 қылмыстық іс анықталған. Ал заңсыз балық аулау фактісі ретінде 17 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген. Жалпы Шиелі ауданында балық аулауға қолайлы 30 көл, иесіз – 9, нақтырақ айтсақ 39 көл бар. Аталған жерлердің өзінде жыл сайын қаншама құқықбұзушылық дерегі тіркеледі. Бұл – кәдімгі қылмыс болғанымен, оны түсініп, ескеріп жатқандар жоқ. Әсіресе, көктем мен жаз айларында заңсыз деректер көп тіркеледі. Ал бұған жауапты мамандар не істеп жүр?

Бізден бұйымтай

Балықтарға да қорған керек. Ал бұған табиғат және жануарларды қорғау мекемесі жауапты. Қазіргі кездің өзінде балықты тоқпен аулау әдісі азаймай тұр. Халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізгенмен де ештеңе шешіліп жатқан жоқ. Сондықтан бізден де осыған жауапты мекеме қызметкерлеріне бір бұйымтай бар. Ол – ауыл аймақтардан арнайы еріктілер тобын жасақтау. Бәлкім, оларға арнайы іс-шаралар ұйымдастырып, балықты тоқпен ұстап жатқандарды көріп, хабарлағандарға сыйақы тағайындаса, челлендждер өткізсе, мәселе де оңынан шешілер. Немесе үнпарақтар таратып, заң жүзінде тәртіпті күшейтсе, қылмыс та азаяр. Әйтпесе, балық та заңсыз аулана берсе, бір күні қызыл кітапқа еніп кетпесіне кім кепіл? Тоқпен ауланатын кішкентай балықтардың бірден өліп қалатыны белгілі. Ал үлкен балықтар өлмесе де, уылдырық шаша алмайды. Бұл – үлкен қауіп. Сондықтан сіз бен біз болып, табиғатқа құрмет көрсетіп, заңға бағынып, қоршаған ортаны қорғауға ат салысайық!

Тағы да оқыңыз: