Kyzylorda-news.kz. Соңғы жылдары елімізде қуаңшылық жағдайы жиі орын алуда. Бұл жайт бірталай шаруа қожалықтарды титықтатып тастады. Мол өнімнен үміт күткен диқан қауымының еселі еңбектері еш болып кете жаздады. Алайда әкімдік тарапынан түрлі жұмыстар жүргізіліп, шаруаларға үлкен қолдаулар білдірді. Бірақ әлі де босаңсыуға болмайды. Себебі егін науқаны қызған шақта Сырдарияның суы әп-сәтте сарқылып қалатыны жасырын емес. Десе де, жыл сайын диқандардың ауызбірлігінің арқасында негізгі күріш алқабын кезектесіп суару әдісі қолданылып келеді.
Еліміздегі су көздерінің бірқатары нақтырақ айтсақ, 9 ірі өзен торабының төртеуін көрші елдерден алады. Сол елдерде суды тұтыну көлемі айтарлықтай артқан. Мәселен, Ертіс пен Іленің бастауы Қытайда, Сырдария Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінен шекара асып өтеді. Жайық өзенінің қайнар көзі Ресейде жатыр. Мұны көпшілік жұрт жақсы біледі.
Өткен жылы астықты өлкедегі Сыр елінің шаруалары су тапшылығының қиындығына қарамастан мол өнім жинады. Облыс диқандары 188 500 гектар жерге егін егіп, оның ішінде негізгі дақыл күріштің әр гектарынан 56,7 центнерден өнім алды. Ал Жақаевтың ізбасарлары еккен негізгі дақыл күріштің көлемі 12 025 гектар алқапты құрады. 41 Социалистік Еңбек Ері шыққан ауданның еңбеккерлері биыл да қамбаны астыққа толтырып, береке мен бірлігін күллі елге танытады деп нық сеніммен айта аламыз.
Бүгінде аудан аумағындағы «02» каналының 3,8 шақырымын, «R-7» каналының 20 шақырымы тазартылған. Ал республикалық бюджет есебінен «Жаңа Сұлутөбе» каналының 27 км, «L-6» каналының 12 км, «01» каналының 10 км, «R-8» каналының 14,6 км, «R-10» каналының 8 км, «Жаңа Бестам» каналының 10 шақырымы қазылған. Сонымен қатар ауданда су тапшылығының алдын алу мақсатында 22 каналды механикалық тазалау, 41 ұңғыманы жөндеу және бұрғылау, сорғы қондырғыларын сатып алу жұмыстарын жүргізуге Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылған. Қабылданған шаралардың арқасында жалпы вегетациялық кезең шығынсыз аяқталды, – деді «Шиелісушар» мекемесінің басшысы Дихан Әубәкіров.
Өткен жылы атқарылған жұмыстар легіне тоқталар болсақ, ауданға сағадан 609,55 млн текше метр су алынған болса, оның ішінде егістікке – 489,55 млн текше метр, экологиялық қажеттілікке 120 млн текше метр су жұмсалған екен. Күз айларында Сырдария өзеніндегі су тапшылығына сәйкес, қашыртқы суын қайта пайдалану мақсатында R-12 каналының аяғында орналасқан шаруашылықтарға Үкімет резерві есебінен алынған насостардың 3 данасы берілген. Ал биыл ауданға сағадан 699,70 млн текше метр су лимиті бөлінген. Атап айтар болсақ, 579,70 млн текше метр су көлемі егістік алқапқа бөлінсе, 120 млн текше метр су экологиялық қажеттілікке бөлінген. Бүгінде егістіктерге жоспарланып берілген су толығымен орындалған. Қазіргі таңда аудан көлемінде негізгі дақыл күріштің 92 проценті суға бастырылып үлгерген. Сала мамандарының болжамы бойынша маусым айының он күндігі мен шілде айының бірінші он күндігі арасында су тапшылығы орын алуы мүмкін деген болжам бар. Осы ретте «Шиелісушар» өндірістік мекемесінің қызметкерлері су тапшылығын алдын алу мақсатында шаруашылық құрылымдарымен бірге тығыз жұмыс жүргізуде.
Осы ретте дүйсенбі күні аудан әкімі Нұржан Ахатовтың қатысуымен «Шиелісушар» мекемесінде аяқ судың тапшылығына байланысты, еккен егін мен төккен тердің бос кетпеуі үшін шаруа қожалық төрағаларымен келісілген мөлшерден артық күріш дақылын екпеу жайы талқыланды. Шаруа қожалық төрағаларына бірлесіп, өздері су алып отырған арналарға насос қондырғыларын орнату арқылы, қысылтаяң уақыттан шығынсыз шығудың шұғыл әрекетін қарастыру қажеттігі айтылды. Аудан әкімі тарапынан айтылған ұсынысты төрағалар бір ¬ауыздан қолдап, бірнеше каналға электрлі насос қондырғыларын орнатуға келісім берді. Сондай-ақ арналарға насос қондырғылары орнатылғанан кейін «Шиелісушар» өндірістік бөлімшесінің қарамағына өтіп, орнатуға кеткен шығындарды мекеме есебінен өтеу жолдары қарастырылатынын атап өтті. Айта кетейік, осы көтерілген мәселелерге байланысты электр желілерін тартуға аудандық КРЭК мекемесі де атсалысатын болады.
P.S. Қалай десек те, Сыр өңірі десе көз алдымызға жайқалған күріш елестейді. Сырдың шырайын ашқан сары алтындай күріш емес пе?! Оған себеп болған Сырдария өзенінің тағдыры – Сыр елінің тағдыры.