Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізіп, кездесу барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аударып, туындаған мәселелерді шешудің жолдарын түсіндіруді және қарастыруды тапсырған болатын.

Осы ретте, бүгін аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы Ахатов Сұлутөбе, Майлытоғай, Тартоғай, Қоғалы ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Кездесу барысында аудан басшысы аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың барысын және алдағы уақытта ауылдарды дамытуға арналған жоспары туралы тұрғындарды ақпараттандырды.

Келелі кездесуге ауыл тұрғындары, ауылдың абыз ақсақалдары мен ақ жаулықты аналары, зиялы қауым өкілдері, аудандық мәслихат хатшысы Т.Жағыпбаров, аумақтары бойынша ауылдық округтерге жауапты аудандық мәслихат депутаттары мен тиісті мекеме басшылары қатысты.

Ауыл тұрғындары тарапынан аяқ су, көше жарығы, ескірген электр сымдарын ауыстыру, көшелерді жөндеу жұмыстары, мәдениет үйін салу, интернет байланысының сапасы, жаңадан жедел жәрдем көлігін алып беру және басқа да ұсыныс-пікірлер айтылды.

Аудан әкімі әрбір көтерілген мәселе жан-жақты қаралып, сала мамандарымен бірлесе отырып, шешу бағытында тиісті шаралар қабылданатындығын жеткізді.

Аудан басшысының әрі қарай кездесуі кестеге сәйкес Талаптан, Бәйгеқұм, Жөлек, Ортақшыл ауылдық округтерінде жалғасып, елді мекендердің халқымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Кездесуде аудан басшысы ауыл тұрғындарын аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың тізбесімен таныстырды. Сондай-ақ, аталған ауылдарды дамытуға арналған тың жоспарларымен бөлісті.

Талаптан ауылдық округінің тұрғындары ауыл көшелерін жөндеу мен «Нәнсай» көпірін қайта қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілсе деген ұсыныстарын жеткізді. Тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға аудан әкімі жауап беріп, алдағы уақытта бұл мәселелердің кезең-кезеңімен шешімін табатынын айтты.

Ал, Бәйгеқұм ауылдық округінің тұрғындары елді-мекендегі жол мәселесі мен жаңа әкімшілік ғимараты салынса деген ұсыныс-пікірлерін білдірді. Ауыл тұрғындарының бұл өтінішіне аудан басшысы қазіргі таңда аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес бірінші кезекте халыққа қажетті көгілдір отынмен қамту және әлеуметтік медициналық нысандарды салу керектігін айтты. Мәдениет үйлері мен әкімшілік ғимараттар кезегімен салынатындығын мәлімдеді.

Жөлек ауылының тұрғындары бұрынғы апатты балабақшаның орнына жаңадан заманауи талаптарға сәйкес ғимарат құрылысын салуды және аудан орталығынан ауылға қатынайтын қоғамдық көліктің жүру уақытын бақылауға алу мен ауыл ішілік көшелерді асфальттауды сұрады.
Ортақшыл ауылының халқы ауылдағы медициналық дәрігерлік амбулаторияның ескіргендігін, жаңадан медициналық ғимарат салу туралы ұсыныстарын айтты.

Аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы әрбір көтерілген мәселе қараусыз қалмайтындығын, жан-жақты сала мамандарымен бірлесе отырып зерттеліп, шешу бағытында тиісті шаралар қабылданатындығын жеткізді.

Кездесу соңында ауыл ақсақалдары аудан әкімінің жұмысына толайым сәттіліктер тілеп, ақ батасын берді.

Аудан әкімінің келелі кездесуі Ақмая, Тұран, Жиделіарық, Еңбекші ауылында жалғасты.

Кездесуге ауыл тұрғындары, аудандық мәслихат хатшысы Т.Жағыпбаров, зиялы қауым өкілдері, мекеме басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері қатысты.

Кездесу барысында ауыл халқы тарапынан жаяу жүргінші жолын салу, жұмыспен қамту, көшелерді жарықтандыру мен асфальттау, ауыз су және аяқ сумен қамтамасыз ету, мал жайылымына қатысты мәселелер көтерілді.

Аудан басшысы Нұржан Сәбитұлы әрбір көтерілген мәселеге жауап беріп, алдағы уақытта аталған ұсыныстар кезең-кезеңімен шешілетіндігін атап өтті.

Тиісті сала басшылары мен ауыл әкімдеріне қысқа мерзімде мәселелерді бақылауға алып, қажетті құжаттарды дайындап, заң талаптарына сәйкес шешілуін тапсырды.

Келелі кездесудің соңында ауыл ақсақалдары аудан басшысына ризашылығын білдіріп, қызметіне сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

Тағы да оқыңыз: