Kyzylorda-news.kz Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков І жартыжылдық қорытындысы бойынша Ортақшыл, Телікөл және Керделі ауылдық округтерінің тұрғындарымен есептік кездесу өткізді.

Ауыл тұрғындарымен өткен кездесулер барысында аудан әкімі Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобаларға, әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне және алдағы жоспарларға жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, ауылдардың инженерлік-инфрақұрылымын дамыту, елді мекендерді абаттандыру және көркейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын атап өтті.

Ортақшыл ауылдық округінде кәсіпкерлікті дамыту бағытында оң нәтижелер қалыптасуда. Атап айтқанда, 5 ауыл тұрғыны қайтарымсыз мемлекеттік грант иегері атанып, өз кәсіптерін бастаған. Сонымен қатар, Алтынсарин және Сейфуллин көшелері бойына заманауи LED экрандар орнатылып, ақпараттық инфрақұрылымның сапасы арттырылды. Қызылқайың елді мекеніндегі Достық және Бейбітшілік көшелеріне қиыршық тас төселген. 

Телікөл ауылдық округінде биылғы жылы 4,6 шақырым ауылішілік жол жөнделіп, асфальт төселді. Ауыл көшелеріне 132 жарық диодты шам орнатылып, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бағытындағы жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында санитарлық тазалық жұмыстары тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Аталған жұмыстарға 5 мемлекеттік мекеме, 1 кәсіпкерлік нысан, 37 тұрғын және 3 арнайы техника жұмылдырылып, нәтижесінде 3 тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдық шығарылған.

Керделі ауылдық округінде әлеуметтік және мәдени нысандарды жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасының қоршауы заманауи үлгіде жаңартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Нартай Бекежанов музейінде жыл басынан бері 128 экскурсия ұйымдастырылып, мәдени-ағартушылық жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Егістік алқаптарын сумен қамтамасыз ету мақсатында Нартай аяқ су каналы қазылып, тазаланды.

Бұдан бөлек, ауылдық округтің 9 тұрғыны мемлекеттік қолдау шаралары арқылы жеңілдетілген несие алып, кәсіпкерлікпен айналысуда.

Кездесулер барысында ауыл тұрғындары өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салып, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар мәселелерді көтерді. Аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған әрбір ұсыныс назардан тыс қалмайтынын айтып, көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.

Шиелі ауданы әкімі тұрғындармен кездесу 2.jpg

Тағы да оқыңыз: