Kyzylorda-news.kz. Ауылдағы ағайынның басты табыс көзі – төрт түлік пен егін шаруашылығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді мекендердің еңсесін көтерудегі биылғы бастамалары ауылдағы ағайынға әл беретіні ақиқат. Президент тапсырмасынан кейін көп істің көші түзеліп, шалғайдағы ағайынның шаруасы оңалады деген ойдамыз. Өйткені қысы-жазы төрт түлігінің қоңын қамдап, басын көбейтуді мақсат тұтқан шаруа қожалықтарына, егін егетін шаруаларға «Ауыл аманаты» жобасы жақсы жағдай жасамақ. Бірақ аудан көлемінде бұл жоба ақсап тұр. Неге?
Осыған байланысты сәрсенбі күні мәжіліс залында аталған жобаның жай-күйі талқыланды. Аудан әкімінің орынбасары Ерсұлтан Әпетовтің төрағалығымен өткен жиынға ауыл әкімдері мен дербес бөлім басшылары қатысты. Алғаш болып сөз алған Ерсұлтан Амантайұлы:
«Ауыл аманаты» жобасы негізінен ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдауға, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тартып, азық-түлік қауіпсіздігін және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешуге бағытталған. Осыған дейін бір емес, бірнеше рет жиналыс өтті. Сонда «538 млн теңге бізге жетпейді. 1 млрд теңге қаралсын» деген ұсыныс та айтылды. Оны біз облысқа жеткіздік. Жеме-жемге келгенде аудан 538 млн теңгенің өзіне жоба әзірлей алмай жатыр. Шиелі ауданының ешқандай құжаты өтпей, нөл көрсеткіш көрсетіп отыр. Сонда біз өзге аудандардың істей алғанын істей алмаймыз ба? Не кедергі?» – деді.
Кімнің ағаттығы екендігі де беймәлім. Әрине, таяқтың екі ұшы барын білеміз. Алайда қаржы тартудың тиімді тетіктерін таба алмаған ауыл әкімдерінің осалдығы ма дерсің? Ауылға әл беретін жобаға салғырттық танытып жүрген жауапты сала мамандарының немқұрайлылығынан ба деген ой да келеді. Бір айта кетерлігі, ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасына сәйкес, 2025 жылы спутникті ауылдарды қаржыландыру тоқтауы бек мүмкін.
«Ауыл аманаты» жобасына қатысушыларға 2,5 пайызды құрайтын төмендетілген шағын несие беру көзделген. Оны жүзеге асыру үшін облысқа 3 млрд теңге бөлініп, жобаға қатысатын 25 пилоттық ауылдық округ анықталған.
Осыған дейін басылым бетінде бұл жобаға қатысты бірнеше мақала жарық көрді. Таяуда ғана №55 санда ««Ауыл аманаты»: 652 жоба әзір» деп те мақала жариялап, «бөркімізді аспанға атқандай» едік.
Осы жоба аясында және бағдарламаны іске асыру мақсатында Шиелі ауданында құны 3 млрд теңгені құрайтын 652 жоба әзірленді. Қазіргі таңда жобаның құжаттары дайын. Жалпы барлық елді мекендерден 1,7 млрд теңге көлеміндегі 409 жоба ұсынылған. Атап айтар болсақ, Шиелі кентінде 35 жобаның құжаттамасы дайындалып, оның барлығы – 175 млн теңгені құрап отыр. Ал Ақмая ауылдық округінде 7 жоба 28 млн теңге, Алмалы ауылында 24 жоба 96 млн теңгеге ұсынылған. Дәл осы тізімде Ақтоғанда 10 жоба 16 млн теңге, Бәйгеқұм ауылында 17 жоба 68 млн теңге, Бәйтерек ауылдық округіндеде 54 жоба 216 млн теңге, Еңбекші елді мекенінде 10 жоба 40 млн теңге, Жөлекте де 2 жоба 8 млн теңге, Иіркөл ауылдық округінде 13 жоба 52 млн теңге, сондай-ақ Керделіде 40 жоба 160 млн теңгеге жоба даярлаған. Қарғалы ауылы 3 жоба 12 млн теңге, Сұлутөбе елді мекені 7 жоба 28 млн теңге, Тартоғай ауылы 10 жоба 40 млн теңге, Талаптан ауылы 16 жоба 64 млн теңге, Телікөл ауылында 10 жоба 40 млн теңгелік жоба да бар. Бұдан бөлек Тұран тұрғындарына 16 жоба 64 млн теңге, Ортақшыл ауылына 9 жоба 36 млн теңге, Қоғалы ауылдық округіне 3 жоба 12 млн теңге, Майлытоғай ауылына 3 жоба 12 млн теңге, Бестамда 8 жоба 32 млн теңге, Жаңатұрмыс елді мекенінде 7 жоба 28 млн теңге, Жуантөбе ауылына 11 жоба 44 млн теңге, Жиделіарықта 9 жоба 36 млн теңгеге бағдарлама әзірленген. Біздің қолымызда дәл осындай мәлімет бар. Сонда бұл тек көзбояушылық па?
Осы тұста ақын Төлеген Айбергеновтің «Әкім болу оңай деймісің, қарағым, Аузында болу бұл өзі сыздаған барлық жараның...» жыр-шумақтарының алғашқы тармағын сәл бұрып, мақалаға тұздық етіп алдық. Мұны әбестік санай көрмеңіз. Жасыратын несі бар, ауылда шешімін таппай, бітеу жара сияқты сыздап жатқан мәселенің, көптен бітпей тұрған көң шаруаның бір ұшы әкімге келіп тиері сөзсіз.
Бұрындары ауыл әкімдері ертегідегі «тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдектің» күйін кешіп келген. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдірудің жаңа жүйесін қалыптастыратын реформа керек болды. Біртіндеп бұл іс те қолға алына бастады. Екі жылдан бері ауыл тұрғындары әкімдерін өздері сайлап алатын болды. Нәтижесінде, жұрттың жалпыға ортақ іске жанашырлығы оянып, белсенділігі артты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдеріне қаржы бөлінуі керек. Ауылдық округ әкімдері аудан басшысына емес, халыққа жұмыс істеуі керек деген еді. Сол қаржы қашан бөлінеді екен? Бізге күрегі мен көтергіші бар бір арнайы техника, бір жүк көлігі болса болды, басқа ештеңенің керегі жоқ», – дейді аты-жөнін айтудан бас тартқан ауыл тұрғыны.
Бұл тек бір ғана тұрғынның пікірі. Мұнан өзге кәсіп бастасам, қойма тұрғызсам, алма бақ орнатсам деген қаншама жан бар. Ауылды түлетуге, көркейтуге құлшынысы артып тұрған тұрғынға ауыл әкімі өз тарапынан қолдау беріп, демеп, заң талаптарына сәйкес әр есікті кәсіпкермен қатар жүріп ашып, қажетті құжаттарын әзірлеуге септігін тигізу керек-ақ. Бәріңізге мағлұм, жыл соңында аудан әкімдігінің аппарат басшысы қоғамдық даму бөлімімен бірлесіп тиісті ауылдық әкімінің жұмысына мониторинг, әлеуметпен сауалнама ұйымдастыру арқылы әкімнің жұмыс қабілетіне тиісті баға беріліп, сол арқылы рейтингісі анықталады. Сол үшін «Тағайындалған 4 жыл қашан бітеді» деп, құр уақыттың өтуін күтіп жүрмей, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына ден қоятын уақыт жетті.