Kyzylorda-news.kz. Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатов кезектілікке сәйкес аудан тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Аудан басшысы халықтың көкейде жүрген мәселелерін тыңдады, деп хабарлайды Шиелі ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі әлеуметтік көмек сұрады. Сонымен қатар денсаулық сақтау саласына қатысты да түрлі сауалдар болды. Оған қоса, тұрғын үй мәселесін көтергендер де бар. Олар кезектілік мәселесін алға тартты. Сондай-ақ қабылдауға келген тұрғындар тарапынан қоғамдық көлік мәселесі де қозғалды. Тұрғындардың дені қоғамдық көліктердің белгіленген бағытын өзгертуге қатысты сауалдар көтерді. Аталған проблемалар бойынша аудан әкімі заңдылық негізінде шешімін табатынын айтты.
Жұмыспен қамту мәселесі бойынша келген азаматтарға бірнеше бос жұмыс орындары ұсынылды. Оларға білімінің сәйкестілігіне қарай жолдама берілетін болды. Ал тұрғын үй кезегіне қатысты сауалмен келген азаматтарға аудан әкімі тұрғын үй беру заң аясында кезек тәртібімен берілетінін баса айтты. Сондай-ақ, әлеуметтік мәселелерге қатысты жауапты сала басшыларына тапсырма етіп жүктеді.

